Amanat. Жаңа саяси тұғырнама

«AMANAT» партиясының жаңа Саяси тұғырнамасы ағымдағы жылдың наурыз айында басталған толық ауқымды партиялық трансформацияның бір бөлігі болып табылады. Тұғырнама елімізде болып жатқан өзгерістерге «AMANAT» партиясының жауабы ретіндегі негізгі идеологиялық құжат. Саяси тұғырнама кез-келген партияның стратегиялық құжаты. Оның уақыт ағымына сай, сапалы, терең әрі жан-жақты болуы саяси партияның нәтижелі жұмыс істеуіне тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан, саяси тұғырнама жобасын әзірлеу үшін барлық өңірлерден сауалнама және әлеуметтік зерттеулер негізінде ұсыныстар мен пікірлер жиналғанын айту керек.

Жалпы, құжатты әзірлеу барысындағы әлеуметтік сауалнамаға 43 мыңға жуық партиялас қатысқан,1 мыңнан аса ұсыныстар қабылданған.  Партияның жаңа саяси тұғырнамасымен өз басым танысып шықтым. Үш бөлімнен тұратын тұғырнамада  халықты алаңдатып жүрген барлық жағдай ескерілген деп айтуға болады. Ол болашаққа деген көзқарасты, даму бағдарларын, қағидаттары мен саяси мақсаттарды толық қамтыған.

Біз үшін қарапайымдылық пен қолжетімділік маңызды. Ал, жаңа Саяси тұғырнаманың мәтіні  – осы қағидаттарға сай келеді деп айтуға толық негіз бар.  Бұл тұғырнаманың бірінші ерекшелігі : құжат әзірлеу және жазу алғаш рет толығымен қазақ тілінде жүргізілді; екіншіден, тұғырнама алғаш рет адамнан басталады.

Яғни, саяси тұғырнаманың идеологиясы «адам – қоғам – мемлекет» қағидаты бойынша құрылғаны көпшіліктің көңілінен шығып жатқанын айту керек. Біз  дамыған , мықты мемлекет болғымыз келеді. Ендеше, партияның тұғырнамасында оған қол жеткізудің барлық алғышарттары көрініс тапқан.

«Әділдік пен ізгілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік әрбір қазақстандықтың талассыз таңдауына, өмір сүру қалыбына айналуы тиіс» деген сөздер бекер айтылмаса керек деп ойлаймын. «AMANAT» партиясы – халықтың үніне құлақ асатын партия. Әрбір Қазақстан азаматын өз елінде, өз жерінде, алдағы болашағына алаңдамай өмір сүретін жағдайға жеткізу, Партиямыздың  басты мақсаты екені бәрімізге мәлім. Ортақ құндылықтармен, ұлттық мүддемен және бір болашақпен біріккен қоғамда бүгін өмір сүруге талпынсақ, бұл – ереңгі жарқын да жайлы болашағымыздың фундаменті деп білемін.

Тұғырнаманың  « Азаматтық қоғам – дамудың кепілі» деген  тақырыптағы  2-ші бөліміне тоқталатын  болсақ, «Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды» деген алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлының сөзімен басталған бөлімде:жаңа қоғамдық  мораль- жаңа әлеуметтік қатынастарды, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға, әділетсіздік пен заңсыздықтардың, жемқорлықтың алдын алуға, құбылмалы заманда еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына тірек болуы тиіс деген тұжырым жасалынған. 

Азаматтық қоғам – еліміздегі заңдылық пен тәртіптің, өркендеудің басты қозғаушы күші екені ақиқат. Халқымызда «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген ұлағатты ұстаным бар. Тұғырнамада айтылғандай, Мемлекеттің тұтастығы, елдің татулық, бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі ешкімнің қолжаулығына, ойыншығына айналмауы керек. Бұл да – айнымас ақиқат.

Қоғамда қордаланған әлеуметтік, тұрмыстық мәселелер ақыл-парасатпен, диалог арқылы, қоғамдық келісім аясында шешілгені абзал деген ой  өте орынды көтеріліп отыр. Бірлік бар жерде –тірлік бар деген халқымыздың нақыл сөзі татулық пен  бауырластықтың айғағы іспетті. Менің ойымша бұл сөздің мағынасы кең әрі тереңде жатыр. Әлемдік тәжірибеде  ұлттар мен ұлыстарды  бір шаңырақтың астында біріктіріп, береке-бірліктің қадір-қасиетін  көрсетіп келе жатқан мемлекеттер көп емес.

Қазақстан – әлемге татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылған мемлекет. Бірлік – мемлекетіміздің іргетасы. Ендеше тұғырнамада айтылғандай, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта отырып, еліміздегі ұлтаралық татулықты , конфессияаралық келісімді  бұзуға  жол бермеуіміз керек. Қазақстанда әлеуметтік әділдік салтанат құратын уақыт жетті деген оймен бәріңізде келісесіздер деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаевтың саяси модернизация бағытын қолдай  отырып, Әділетті Жаңа Қазақстанның мән-мағынасы мен философиясын қалыптастыра отырып, елімізде жүзеге асырылып жатқан түбегейлі реформалар аясында «әлеуметтік ұстанымдағы мемлекет» құру бағыты бойынша  белсенді жұмыс жасау  тұғырнамада жан-жақты көрсетілген. Партияның ең басты міндеті нақты адамдардың мұң-мүддесін іс-жүзіне асыру.

"Барлығы адам үшін, адамның игілігі үшін" деген принцип ең басты аспект болуы шарт! Конституциямызда жердің қойнауы, табиғи ресурстар халықтың меншігі деп жазылғаны бәрімізге мәлім, сондықтанда Қазақстанның әрбір азаматы, әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек деген  әділетті шешім іске асып, азаматтар  өздерінің адал еңбегіне сай лайықты жалақы, зейнетақы алып, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақылары мен  жеңілдіктері кеңейіп жатса , міне сонда Әлеуметтік ұстанымдағы мемлекеттің  нақты жұмыс нәтижесін көретін боламыз.

Сонымен қатар , қыз-келіншектердің, әйелдердің сапалы білім алуын, мемлекеттік және басқа да қызметтерге белсенді араласуын ынталандыру сияқты бағыттар да партияның назарында болмақ. Аманат партиясы әрқашан әлеуметтік әділдік жағында екенін халық біледі және бағалайды деп ойлаймын. Тұғырнамада сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, халқымыздың рухани әлемін сақтау үшін  жұмыс жасау керек екені айтылған.

Әрине қазіргідей Жаһандану дәуірінде ұлттың өз болмысын, төлтума табиғаты мен дәстүрінің қаймағын бұзбай сақтап отыруы оңай шаруа емес.Жаңа уақытпен бірге жаңа буын, жаңа құндылықтар мен жаңа көзқарастар ілесе жүретінін естіп, көріп, біліп отырмыз.

Ия, бұл заман талабы, өмір бір орында тұрмайды, дегенменде  осы бағыттағы – ұлтымыздың, халқымыздың алдындағы перзенттік парызымызды, болашақ ұрпақ алдындағы  борышымызды ешқашан естен шығармауымыз керек. Сондықтанда, Аманат партиясының тарихымызды дәріптеу, руханиятымызды жаңғырту бағытындағы бастамаларды ары қарай да жалғастыра беретіні өте құптарлық іс. Қазақ мәдениетінің, қазақ әдебиетінің өркендеуіне барынша қолдау жасай отырып, алдағы уақытта, Қазақ тарихындағы барлық ақтаңдақтардың беті ашылып, ұлт өміріндегі тағдыршешті кезеңдер мен оқиғаларға тиісті, лайықты баға берілетін болса, бұл дегеніміз -ұлтына , халқына  адал қызмет ететін, нағыз халықтық партияның  озық үлгісін көрсететін болады. Бүгінгі таңдағы халықтың арасында көп талқыланып жүрген мәселе – Тіл мәселесі. Тіл – ұлттың жаны. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп көрегенділікпен айтылған сөзіне , бүгінде жер бетінен мәңгілікке жойылып кеткен біршама ұлттардың тағдыры  куә. Тіл –қашанда ұлттың  ұйтқысы.Сөзі өз тілінде шыққан халықтың  егемендігі  баянды, тұғыры  қашанда биік! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да, болашағы да – ана тілінде. Қазақ тілі – мыңдаған жылдық мәдениетіміздің, өркениетіміздің негізі, діңгегі. Мен , Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті деген пікірді қолдаймын. Тілді меңгеру – әрбір қазақстандықтың парызы болуы керек. Мемлекеттік тіл ұлты мен ұлысына, діні мен діліне қарамай, Қазақстан қоғамындағы барлық азаматтарды байланыстыратын ерекше факторға айналса ,бұл  тіліміз бен елімізге  деген үлкен құрмет пен абырой, береке мен бірліктің тамаша  нәтижесі болар еді.

Қазақ тілі білім мен ғылымда, медицина мен әскерде, қаржылық сала мен өнеркәсіпте, ақпарат кеңістігінде өзінің лайықты орнын алуына, бұдан әрі де мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте отырып, ана тіліміздің мәртебелі және қажетті қатынас құралына айналуына жүйелі жұмыс жасау қажеттілігі Аманат партиясының жаңа тұғырнамасында  көңіл бөлініп , көрсетілгені құптарлық жағдай. Ел болашағы – жастардың қолында.

Аманат партиясы мемлекетшіл, білімді де саналы , белсенді жастарымызды қашанда қолдап отырады. Партияның «Жастар рухы» қанаты өндірісте және қызмет көрсету саласында, қала мен ауылда еңбек етіп жүрген қазақстандық жастармен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Партияның ,   белсенді азаматтық ұстанымы бар, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын әрқашан қолдайтынын іс –жүзінде де көріп жүрміз. Жаңа Қазақстанның жастары халқымыздың тарихын, тілін, салт-дәстүрін қастерлей отырып, бүгінгі дәуірдің талабына бейімделген, терең білімді, технологиялық жаңалықтарды еркін меңгерген, көшбасшылық, прагматикалық қасиеттерге ие, ХХI ғасырдың нағыз ұрпақтары болуы керек. Жастарды қолдау, оларға саяси, әлеуметтік лифт жасау партияның негізгі бағыттарының  бірі болып қала береді. Аманат» партиясының негізгі ұстанымы – шынайылық деп санаймын. Тұғырнама негізінде Қазақстан халқы партияның негізгі мақсаты мен міндетін білетін болады. Саяси тұғырнама –жаңа саяси құрал. Біз қоғамдағы өзгерістер мен сұраныстарға, Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндеттерге бейімделіп, үнемі дамып отыруға тиіспіз.

Бұл тұғырнама – аса ауқымды, бірақ нақты жоспарланған, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген мақсаттар мен бағыт- бағдарлар жиынтығы деп санаймын. Аманат партиясы өзіне  – Қазақстанның  шекаралық тұтастығы мен мызғымастығын сақтау, қауіпсіздігін күшейту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, ұлтымыздың рухани болмысын жаңғыртып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін орнықтыру, ашық азаматтық қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттерді қойып отыр. 

Ендеше , тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Әділет, бағдарымыз – Бірлік болмақ. 

 

Қырмызы Жанбыршина

«AMANAT» партиясы Қостанай облыстық депутаттық фракциясының жетекшісі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓