Айдарбек ХОДЖАНАЗАРОВ: “Кінәнің 98% – басшыдан, 2% – жұмысшыдан”

– Енді сауалымыздың піссімілләсін ауылдан бастайықшы, ауыл деген қазақтың түп тамыры, қара шаңырағы. Ал ауыл шаруашылығы – ел экономиканың күре тамыры. Ендеше, қазіргі осы қара шаңырақтағы елдің тұрмысына көңіліңіз тола ма?
Ходжаназаров: Ауылдарды үнемі аралап жүрмін, көңілім толмайды. Бұл енді әр қазақтың көкейіндегі сөзі болу керек. Себебі, біздің ауыл өзінің даму деңгейіне әлі жеткен жоқ деп ойлаймын. Біздің кәсіпкерлеріміз де, мемлекетіміз де ауылға жете көңіл бөлмей отыр. Бұл шындық. Сіз айтқандай ауыл деген біздің ұлтымыздың негізі еді. Енді былай қарасаң, ауылда тұратындардың көбісі қазақ, тіпті көбісі орысша сөйлей алмайтындар да бар. Таза қазақы ортаға лайықты қолдау керек.
Соңғы бір кездесуде мен президенттің алдында баяндама жасағаным бар. Сонда осы мәселені көтердім. Сөзім былай болды: "Мен естіп жатырмын, ауылға интернет әкелу деген бір үлкен бағдарлама бар екен. Өз ой-пікірімді айтсам, біздің жастар ауылдан ғаламтор жоқтықтан қашып жатыр, тұрақтамайды дегенге қосылмаймын. Басты себеп ол емес. Рас, біздің ауылдармыз ыдырап бара жатыр. Ыдырағанда бірінші мәселе – инфрақұрылымның сын көтермейтін әлсіздігінен. Талапқа сай дамымай отырғандығынан деген дұрыс. Жол, мектеп, монша, дәрігерлік қызмет, дүкені жоқ ауылдар бар. Интернетсіз өмір сүруге болады. Ал бірақ ішетін сусыз, сауа-тын, ішіп-жейтін малсыз өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан да біздің жастар осындай ауылдан жағдай жоқтықтан қашады.
Ауылға барған сайын үлкен кісілермен ой-пікір бөлісемін. Сонда кәсіпкерлердің ауылдың ішкі жағдайына атүсті қарайтындығын айтады. Шындығында ауылда жұмыссыз жастар көп болса, оған кәсіпкерлердің кінәсі бар. Жастардың қабілет-қарымына қарап, оларды қандай жұмысқа тартуды байыппен ойластыру керек. Ойластырып қана қоймай қам-қарекет жасау керек. Олай істемесе, ауылдан айырылып қаламыз. Екіншіден, әлеуметтік несиелер мен бағдарламалардың ауылға жетуін және оның нақты іске асырылуын қамтамасыз етсе ғана ауыл адамдарының еңсесін көтеруге болады.
– Бұл орайда сіздерде игі іс, жақсы бастамалар бар деп естиміз.
Ходжаназаров: Иә, сондай бастамамыз бар. Жұмыс істеймін, шаруамен айналсамын деген жас кәсіпкерлерге мал, жер, несие бердік. Мұны біз көзінде оты бар жастарға демеу үшін жасаймыз. Себебі, біздің ауыл тұрғындары сондай қабілетті адамдар, оларды қолдап жіберсек, іс жүреді.
– Ауыл мәселесі дегенде, бұрыннан айтылып келе жатқан ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылықты жою еске түседі. Әсіресе, қайткенде да қаланың тұрмысы ауылға бару керек. Ауылдың тұрмысы қаланікіндей болса. Сонда ғана ауылдың болашағы жарқын. Сіз не дейсіз?
Ходжаназаров: Мана айтқанымдай бәрі инфрақұрылымға келіп тіреледі. Осыған жете көңіл бөлінбейінше мәселе ше-шілмейді. Анабір жылдағы астанадағы өртеніп кеткен бес қыз трагедиясы бізді қатты ойладыру керек-ті. Шиеттей отбасы ауылдан келіп, үлкен қаланың шетіндегі лашыққа неге кеп тұрды? Ата-анасының бірнеше жұмыстың соңында күндіз-түні жұмыс істеуге неге мәжбүр болды? Ойласаңыз, бұл ендеше жаңағы ауылда тұрып жатқан отбасының жағдайы лашықтан да жаман болып тұрғаны ғой. Бұл – бірінші.
Екіншісі, ең маңыздысы, менің ойымша ол – әлеуметтік саты. Ауылдағы әлеуметтік саты адамдарды жоғары көтере алмайды. Мысалға, қалаға келген адам бір жұмысқа тұрады, екінші жұмысқа тұрады. Мансабы өседі, сол мансабы өсуіне орай келешегін болжай алады. Айталық, қаладағы кісі бір қызметте екі жыл жұмыс істеймін, екі жылдан кейін бөлім меңгерушісі боламын. Одан соң бөлімнен департаментке ауысамын, сосын бастықтың орынбасары, кейін директор боламын деп болжам жасап, жоспарлай алады. Ал ауылда мұндай әлеуметтік саты, біліктілік жоқ. Ертеңін болжай алатындай тетік жоқ. Сондықтан да біздің міндетіміз ауыл адамдарына түрлі-түрлі әлеуметтік сатыларды ұсыну. Ауылдың тұрғыны қалаға барып, қала шетіндегі үйсіз-күйсіз лашықта тұрып, қаланың орталығына бір-екі сағат автобуспен қатынап жұмыс істейтін мәжбүрліктен құтқару. Керісінше, мен ауылда бес жыл тұрсам да сол уақыттың ішінде мынандай-мынандай мансапқа, қызметке қол жеткіземін деген сенім болу керек. Тіпті ауылда ұзақ мерзімде отбасы бақытын тауға мүмкіндік болатынына көзі жететіндей жағдай туғызу – мақсатымыз.
Шынын айтайық, ауыл мәселесі дегенде, ең алдымен әйел мәселесі тұрады. Себебі, былай қарасаң, ауылдағы ер адамның достары бар, баратын жерлері бар. Ол еш-қайда кеткісі келмейді. Ол оны кетіртетін бірінші – әйел. Әйел күйеуіне бір күні: "Ей, болды, мына жерде "салон красоты" жоқ, баратын жер жоқ, менің "подружкам" қалада тұрады. Сосын мұнда мен істейтін қандай жұмыс бар? Сен мына өсіп келе жатқан балаларыңның болашағын ойла, ертең қайда оқытасың? Егерде, сенің балаларыңның болашағын қазірден ойламасаң, олар болашақта осындай сен сияқты болады. Ауылдан шыға алмайды, дым болашағы болмайды" дегенде, еркек байғұс соған көнеді де, қалаға көшеді. Сондықтан да, біз осы ауылдағы әйел адамның мұң-мұқтажын шешуді мықтап ойластырғанымыз жөн. Ауылдағы тұр-мыстық қызмет, клуб, мектеп, медпункт деңгейін көтерсек, сөйтіп, инфрақұрылым атаулыны жөнге келтірсек, әйелдерге лайықты кәсіп тауып берсек, онда әйелдің әлгі әңгімесі басқаша шығар еді. Ол қаладағы құрбысына келеді де: "Ей, қойшы, сенің қалаңда "пробка" бар, ауасы иістенген, газданған, экологиясы жаман, сосын бағасы қымбат. Менің ауылымда бәрі бар және жұмысым да бар. Қаладағы қызықтан ауылдағы кем емес. Балаларымның алатын білімі де сапалы. Олар республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлелермен оралып жүр" дер еді.
Сіз айтып отырған инфрақұрылымды дамыту үшін ауыл адамдарының қолында не бар? Билік, мысалғы жергілікті билік не істей алады? Осыларды қалай шешудің жолдары бар? Мысалға, тек қана кәсіпкерлер сіздерге ғана байланысты ма? Жоқ әлде біздің халықтың менталитетінде бір жалқаулық, жаңағыдай жоғары жақ істеп береді, үкімет істеп береді деген масылдық көзқарас қалды ма?
Ходжаназаров: Шынын айтайын, ауыл адамы масыл, жалқау деген басында маған да сондай ойлар келген. Соны әкеме сездіріп едім, әкемнен үлкен сөз естіп қалдым: "Енді қайтіп мұндай сөзді естімейтін болайын. Сен әуелі біздің халқымыз өзінің еңсесін көтеріп, жұмыс істегісі келетіндей болуы үшін қандай амал жасадың?" – деп сұрады менен. Сонда мен ойланып қалдым да, қателік өзімізден екен дедім. Расында да халыққа біздің жасап жатқан жағдайлар, әсіресе жұмыс жағдайлары әлі дұрыс деңгейге көтерілмеген. Сондықтан да олар мұндай күйде жұмыс істегісі келмейді. Мысалға, қыстың көзі қырауда ауылға барып, іші жылытылмаған анау сұп-суық МТМ-ның ішінде, механизатор жұмыс істегісі келмей жатса,оған келіп, "сен жалқаусың!" деп ұрысса жөн болар ма еді? Суық жерде бүрсеңдеп, тырбанып жүргендерге жарытып жалақысын төлемесең, олардан қандай ықылас күтесің?
Жалақысынан бастадық, сол жалақысы ол қазіргі мөлшері мысалы өткенге қарағанда үш есе, 30% емес, 300% кө-тердік. Біз содан соң тағыда жұмыс жағдайларын жақсарту үшін: машина-трактор шеберханаларын жылытуға, шаруашылық техникаларына, оларға қажетті құрал-саймандарға қаржы бөлдік. Механизаторларды оқыту, үйрету – біз қолға алған жауапты іс болды. Қыс бойы ауылдағы дихандарды жаңа техниканы меңгеруді, өндіріс технологиясын үйретіп, оқытып шығамыз. Кейбір кезде адамның психологиясы сондай, егер сен оны үйретпесең, ол жұмысын өзі түсінбесе, ол жұмысты істегісі келмей қалады. Сіз сыртынан ол жалқау дей саласыз. Сондықтан да, сол өзіміздің адамдарға сондай мүмкіндік беріп, қыс бойы оған жалақы төлейміз. Олар жұмыс істемейді, тек қана оқиды, біздің талабымыз бір ғана – сен оқы, оқысаң жалақы аласың, енді оқымасаң онда сен бір-бір жарым ай үйде отырасың, бірақ бос қаласың дейміз. Қазір бәрі оқығысы келеді, бәрі білім қуғысы келетін болды. Осындай шараларды қолдана тұра біз өзіміздің механизаторлардың көп нәрсеге көзі ашылды, көзі ашылғаннан бұрын көздері жарқырап жана бастады. Өз кәсібіне деген ерекше ынтасы, қызығушылығы оянды. Соның нәтижесін біз өткен жылда көрдік. Есіңізде болар, былтыр елімізде, біздің өңірімізде де құрғақшылдық болды. Сонда біздің егініміздің түсімі гектарына 13,5 центнерден келді. Ал облыс бойынша 7 центнерден айналды. Бізге қа-расты кейбір ауылдарда, мысалы Меңді-қарада – 20 центнерден өнім алды. Фёдоров ауданындағы астық шығымы "Кеңарал" ауылында 21 центнерден, Абай селолық округінде 18 центнер болды. Сондай-ақ, мысалға салыстырсақ, Ұзынкөл ауданындағы шаруашылықтарда бізге қарайтын ауылдарда он алты центнер алса, басқаларда одан төмен болып шықты.
– Бұл енді жердің құнарына да байланысты шығар.
Ходжаназаров: Меніңше, ең бастысы адамға, диқанға байланысты. Егер механизатор жігіттер бар ынта-ықыласын, өзінің бойындағы әлеуетін тиімді жұмсаса ғана сүбелі нәтижеге қолы жетеді. Ең-бекқор жігіттеріміздің көздері жанбаса, ол қанша жерден жүз болсын, екіжүз болсын құнарлы болса да ондай ең үлкен мақсат-қа жете алмас еді. Біздің мақсатымыз – әр қазақтың гектарының максималдық әлеуетін шығару, алған өнімді экспортқа және халыққа сату.
– Бұл жерде, Айдарбек, мынау бәрі адам факторына келіп тіреледі. Адамның бойында жұмысқа деген ықыласын, пейілін ояту болып тұр ғой.
Ходжаназаров: Иә. Бірақ біздің тәсіліміз бұл жайдан-жай сен жұмыс істе дегендік емес. Оларға құрал-сайман беру, оларға дұрыс ой енгізу, және де оларға білім беру. Егер біз оған бәрін жүктеп тастап, ал ол оны орындай алмай жатса, бәленің барлығы сенің өзіңнен десек, онда біз жақсы нәтиже шығара алмаймыз. Бұл жерде біздің философиямыз болып жат-қан қиыншылықтың 98% – мекеме басшы-лығынан, 2% – ғана жұмыскердің кінәсі. Біріншіден, біз өзімізге сұрақ қоямыз: қай жерден біз дұрыс жасамадық? Қай жерден бізден кемшілік кетті? Мысалға, өткен аптада бір алқапта жүргенде бір химиялық технология керек еді, бірақ кешігіп жетті. Бұл қалай болды? Басқа біреу болса сол жерде: "ей, сен неге химияны дұрыс-тап жасамайсың, көзіңе қарамайсың ба?" дегендей айқай салар ма еді? Ал мен сұрақты алдымен өзімізге қоя бастадым, қалай болды? Түсіндіріп берші, қателік қай жерден кетті? Кінә, бәлкім, біздің қалалық офистан шығар, шынында да солай болып шықты. Біз біріншіден, оларды үйреткен кезде дұрыс үйретпедік те, жаңағы маман оны толығымен игере ал-ған жоқ. Сол себепті де ол дұрыс шешім қабылдамаған. Алдымен жас маманға үйретіп, көрсетіп, қателігі болса түзетуіміз керек еді. Орындаушыдан жұмыстың нәтижесін сұрау содан кейін ғана әділ болады.
– Кінәнің 98% – басшыдан, 2% –жұмысшыдан дегеніңіз мен үшін жаңалық. Әдетте басшылықтың өз қателігі мен кінәсін мойындағанын естімедік десе де болады. Әйтсе де, сіздің тарапыңыздан кадрға деген жаңа көзқарас тартымды көрінеді екен. Дегенмен де ауылда, мысалы қой бағатын адам табылмай жататыны шындық. Сіз басқаратын құрылымда ондай мәселе бар ма?
Ходжаназаров: Бізде кадр мәселесі жоқ. Неге кадр таба алмаймыз? Осы сауалдың түпкі себебін саралап қарау керек қой. Біз біріншіден, жұмыс істейтін адамның жағдайына қарадық. Тұрмысына, күнкөрісіне алдымен қандай көмек керек, соны көрсеттік. Екіншіден, біз оның жұмыс істеуіне қолайлы жағдайын жасадық. Үшіншіден, жалақыны өсірдік. Осыларды шешіп болғаннан кейін кадрлық проблемалар жоғалып кетті. Ал енді кейбір кәсіпкерлер азын-аулақ тиын-тебен төлеп, дихандарды әбден титықтырады да, нау-қан басталғанда кадр таба алмаймыз деп жар салады. Меніңше, кадр мәселесінің түп-төркіні кәсіпкердің өзінде жатыр. Жұмысшыңа еңбегіне лайықты еңбекақысын төле, жағдайымен санас, жетпей жатқанына қарайлас. Егер оны істей алмай жатсаң, бұл сенің кемшілігің. Ендеше алдымен өз кемшілігіңді азайт.
Кадр тұрақтандыру үшін оған жағдай жасаумен қатар, өндіріске ынтасын оята біл. Бізде қазір әр колхозда агроном бар, әр бригадада агроном да, бригадир де бар. Әр бригаданың өзінің дәнекерлеушісіне дейін бар. Ал аға агрономның қасында көмекшісі тағы бар. Әр қайсысының мін-деті нақты белгілеген. Сондықтан үйле-сімді жұмыс істейді. Науқан кезінде, шаруашылық директоры 2 мың доллар жалақы алады, ал агроном 1,5-1,8 мың доллар жалақы алады.
Бригадир 450 мың теңге алады, ал бригада агрономы 300-350 мың теңге алады. Менің көршілерімдегі осындай мамандар мен қызметкерлерінің жалақысы анағұрлым төмен. Бұл жерде бәрі де қарапайым: дұрыс жалақы төле, өзіңнің адамыңды бағала. Біз мамандар мен жұмысшылардың білімі мен қабілет-қарымына көңіл бөлеміз. Өйткені жұмыстың сапасы соған тікелей байланысты.
Кітапханаларымыз ауқымды, аранайы әдебиеттер бар, сосын нұсқаулықтар жеткілікті. Тіпті қарапайым сұрақтарға: кіммен, қандай қарым-қатынаста болуға болады, егерде сен демалысқа шықсаң, кімге қандай өтініш жазасың, егерде жұмыстан шықсаң, қай жаққа кіммен сөйлесу керек? Егерде сен өз басыңда күтпеген жағдай болып жатса, қай жаққа барасың? – деген сауалдарға жауаптар табады. Біз білім берген адамдарымызды бір айдан кейін тексереміз. Не түсінді, біздің компанияда қалай жұмыс істеу керек. Түсінбегендерге жетекші тағайындаймыз, ол сауалдарының мән-жайын түсіндіріп береді. Олар өндіріске барғанда сыртынан бақылаймыз. Содан барып кім қандай учаскеде жұмыс істеуге лайық деген мәселені шешуге мүмкіндік туады. Жас отбасыларға да көмек қолын сөзудың амалдарын қарастырдық. Айталық, агрохолдинг-ке қарасты шаруашылықтардағы 100 отбасына 7 жылға 100 бұзаулайтын сиырдан таратып бердік. Жемі-шөбі, жайылымы бізден. Әл-әзір аяқ алысы жаман емес.
Ал былай келгенде, институт-университет бітіргендер дайын кадр емес. Шындығын айтсақ, ЖОО дұрыс маман дайындап бермейді. Дипломы барлар ол үш төрт жылдан кейін ғана жөнді жұмыс істей бастайды. Сондықтан да, соны көбісін "асфальтовый фермер" деймін, себебі, олар қалада тұрады. Мейрамханадан тамақ ішеді. Қаладағы жайлы жерде отырып алып, ауылда кадр жоқ деп "жылайды". Сондықтанда мен ауылдан шықпаймын. Себебі, негізгі жұмыс қалада емес, ауылда. Бұл жердегі жұмыс менсіз өзі атқарыла береді. Ауылдағы тірлікті өз көзіңмен көріп, өз қолыңмен ұстап көрмейінше, ісің оңға баспайды. Бүкіл ауыл тірлігін ауыл ортасында тұрып қана сезінесің.
– Ал енді, Айдарбек, жас жағынан алғанда 39-дасың. Бұл жас та емес, бірақ күш-қуаты бойына жиналған бір керемет жас. Бұл мамандық таңдауыңа қандай бір себеп болды?
Ходжаназаров: Мынадан бастайық, менің арғы атам отыз алтыншы жылы "халық жауы" болып атылып кетті. Ал әкем "халық жауының баласы" болып түрмеге түсті. Өзі екі мәрте "Еңбек Қызыл ту" орденінің кавалері. Соған қарамастан үш жыл Сібірде отырып шығады. Бар болғаны 24 жаста. Түрмеден келгесін ауылда ешкім жұмысқа алмайды, бірақ бала-шағаны асырау керек. Ол кезде Қызылорда өңірінде тұрдық. Әкем ауылдан екі гектар жер алады да, бау-бақша өнімдерін өсіруді қолға алады. Кетпенмен жер қазып, қарбыз егеді, картоп егеді. Солай менің әкем жас кезімізден бізді, балаларын қара жұмысқа баулыды. Кеңес заманы ыдырап жатқан кезде әкеме осы жерден, Қостанайдан жұмыс ұсынды. Біз бүкіл отбасымызбен осы Қостанайға көшіп келдік. Сол жылдары әкем "Ақ бидай" астық өңдейтін компаниясына менеджер болып бастады да, 1998 жылға дейін оның бастығы дәрежесіне көтерілді. Әулетіміздегі еңбекке жарамды аға-інілеріміз, туыс-қандарымыз бәрі сол әкемнің қасында әртүрлі жұмыстар істеді.
Бұдан соң отағасы өз алдына дербес шаруа бастап, Қамысты ауданынан үш-төрт мың гектар жер алдық. Ал мен болсам Сырбай Мәуленов атындағы №24 мектепті бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. 2004-те университет бітірдім де, сосын Англияға барып, екі жыл оқып қайтып келдім. Үш жылдай банкте жұмыс істедім. Банктан кейін әкем қажылыққа барып келді де, ауыл шаруашылығындағы кәсібін енді сен өзің атқар деді. Сосын 2008-2009 жылдардан бастап інілерім бар, ағаларым бар, осы жерде 15 мың гектар жерде жұмысты жал-ғастырдық. Кейін ол 64 мың гектарға ұлғайды. Ол Петропавл төңірегіндегі Аққайың ауданында, өзіміздің Қарабалық, Майлин, Қамысты ауданындағы егін алқаптарымыз болатын.
 – Ал енді "Иволга" неге дағдарысқа ұшырады, Сіз қалай келдіңіз?
Ходжаназаров: Қостанай жұртына оның еш құпиясы жоқ деп ойлаймын. Иә, дағдарыс болды. Қысқаша айтқанда бұл холдинг банктерден өте көп несие алып алды. Сол алған қыруар қаржыға Қазақстаннан басқа Ресейден небір құнарлы жер сатып алды. Тіпті оның көлемі бір миллион гектарға жетті. Ал бірақ алған жерді игеру мәселесі бар емес пе?! Жер баптау, ол үшін ауыл шаруашылығына керекті техникалар, түрлі құрал-жабдықтар. Адам ресурстары тағы бар. Мұның бәріне де қыруар қаржы-қаражат жұмсалады. Ал жерге жұмсалған сол капиталдың қайтарымы бір-екі жылда бола қоя ма? Банк талабы қатал. "Иволга" бес жыл алған ақшасын қайтара алмады. Бес жылдың ішінде айыппұлы өсті. Соның бәрін есептей келгенде тоғыз жүз жиырма алты миллион доллар қарыз болып шықты. Егер ол ақшаны гектарға бөліп тастасақ, әрқайсысына шамамен бір-екі мың доллар, сол кездегі бағамен гектарына жеті жүз мыңға жетіп қалады. Мұндай соманы қайтару үшін гектар түсімі кем дегенде 50 центнер айналу керек. Бұл тіпті жеке алқаптарда мүмкін болғанымен, тұтастай болмайтын шаруа. Содан барып, холдингтің қарызына бола оның шығындарын өтеу үшін сатылым басталды. Еліміздің банктері, компаниялар келіп, танысып шыққанымен игере алмайтындығынан бас тартып жатты. Бұл 5 жылға созылды.
Ал мені осы жерге алып келген 2016 жылғы елімізде өткен жер туралы шеру. Олар ұлтымыздың ең бағалы құндылығы – жер сатпау туралы аталы сөз айтты. "Қазақ жері ешкімге сатылмасын, қазақ жері шетелге жалға берілмесін" деген талап, шын мәнінде әділетті талап болды. Егер сол жолғы жерге байланысты көтеріліс болып, жер сатпау туралы шешім қабылданбағанда, бұл жерде бүгінде мүмкін, еврей ме, қытай ма, орыс па, әйтеуір бір шетелдік отырар еді.
Мен бұған дейін Астанада, әкімші-лікте, СПК да, ҚазАгрода, Азық-түлік корпорациясында басшылықта қызмет ат-қардым. Мені биліктегілер біледі. Мен ағам екеуміз өз компаниямызда құрылтайшымыз. Сонымен бізге ұсыныс түсті. "Иволганың" жағдайы қиын. Жұртқа төлейтін ақшасы жоқ. Халық жұмыссыз қалуы ықтимал. Холдинг банкрот жағдайына келді. Сондықтан холдингті сенімгерлікпен басқару шартына қол қойып алу керек. Розинов бірден келісті. Себебі, бұл ірі компанияны құтқарудың бірден-бір нақты жолы еді. Әрине, бәрі де заңды түрде, рет-ретімен жүзеге асатын болды. Егістік жер бөліске түскенде ақсақалдық жасын ескеріп, Розиновтың туған өңірі Федоров ауданындағы Пешков және бір-екі ірі шаруашылықты оған қалдырдық. Бәрі де ойдағыдай дау-дамайсыз өтті дей алмаймын. Келіспей, дауласқан, айтыс-тартыс сәттері де болды. Айта берсек, бұл ұзаққа созылады. "Иволга" Еуразиялық даму банкінен 80 миллион доллар несие алып, кепілдікке 3 миллион долларға жер қойған. Тексере келгенде, оның бағасы жүз есе аз болып шықты. Бұл соттасудың немен тынғанын өздеріңіз де білесіздер. Айтып, уақыт алмай-ақ қояйын. Ал біз "Иволгадан" бөлек, дербес "Олжа" агрохолдингін құрдық.
– "Олжа" еліміздегі ең ірі агрохолдинг деуге бола ма?
Ходжаназаров: Бұрын болды, қазір олай деуге келмейді. Осыдан 4-5 жыл бұрын бізде 900 мың гектардай егістік бар еді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, жер көлемі үлкендігі табыс көзі болмайды екен. Сараптай келе, біз өзімізге тиімді алқаптарды алып қалдық та, қалғанын саттық.
Бүгінде уақыт талабына сай еңбекті ұйымдастырып, өндіріске озық технологияны енгізу – басты мақсатымыз. Біз сандық қызметтерді пайдаланғаны үшін 100% жалақы үстемесін енгіздік. Біз өз қызметкерлерімізді осымен ынталандырдық, ең бастысы, біз алатын пайда қызметкерлерді толықтыруға кететін жәр- демақыдан бірнеше есе көп.
– Әңгімеңізге рақмет.
 
Айдарбек Асанұлы Ходжаназаров
(1983 жылы 26 қарашада туған)
Қазақстандық топ-менеджер. "Иволга-Холдинг"
(2017-2019) және "Олжа Агро" холдингінің (2019 жылдан) Бас директоры. Қостанайда орта мектепті бітіріп, "Халықаралық экономика" мамандығы бойынша Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін және "Мұнайгаз жобаларын басқару" мамандығы бойынша Англиядағы Данди Университетін бітірген.
2006-2009 жылдары "БТА Банкі" жұмыс істеп, Islamic Banking басқармасының жетекшісі, кейін Дубайдағы өкілдіктің басшысы қызметтерін атқарды.
2009-2015 жылдары "APK Olzha Holding" компаниялар тобында холдинг стратегиясы мен перспективті даму жөніндегі басқарушы лауазымдарды атқарды. 2015-2016 жылдары "КазАгро" Ұлттық басқарушы холдинг" АҚ Басқарма төрағасының орныбасары болды. 2016-2017 жылдары "Астана" ӘКК" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы болды.
2019 жылдың ақпан айында Қазақстандағы ірі агрохолдинг саналатын "Олжа Агро" ЖШС бас директоры лауазымына тағайындалды. Қызмет барысында холдингтің қаржылық-экономикалық көрсеткіштерінің өсіміне қол жеткізді. "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
 
 
"Олжа Агро" – еліміздегі ірі агрохолдингтердің бірі. Жыл сайын бюджетке түсімі – 3 млрд теңгеден асып түседі.
Жұмыс істейтіндердің жалпы саны 7000 адам. Трактор паркіндегі трактор – 1000 , комбайн – 400, егіс кешендері – 200.
Холдинг мал шаруашылығымен де айналысады. Тауарлы-сүт фермасы, сүт өңдейтін цех жұмыс істейді. Шаруашылықтарда 13 мың бас ірі қара бар. Бірінші рет Қазақстанда австриялық "СмаксТек" технологиясын өндіріске енгізді.
Цифрландыруға үлкен көңіл бөлініп отыр. Холдинг "Цифрлы агроном", "Цифр-лы инженер" және "Цифрлы директор" атты мобильдік қосымша ойластырып, оны іске қосты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓