Ахмет тойы – Алаш тойы (фоторепортаж)
Торғай төрінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы өтті. Дүбірлі жиын аясында өңір тарихына қатталатын көптеген игі іс-шара ұйымдастырылды. Ұлы тұлғаның ескерткіші ашылып, келелі жиын, мәдени бағдарламалар, спорттық жарыстар өтті.Бұл игі іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарында екені белгілі. Соған байланысты Президентіміздің тапсырмасымен Ахаңның тойын елмен бірге атап өту үшін ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңірге арнайы келді. Ол Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналған іс-шараларға, А.Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы ескерткішінің ашылуына қатысты.
-Жалпы, Ахаң туралы айтқанда, оның қайраткерлігі мен қаламгерлігі қатар еске түседі. Ұлт ұстазы қазақ халқының заман көшінен қалмауын қалады және осы мақсатқа бүкіл өмірін арнады. Сондықтан халық үшін өмірін қиған Ахаңдай арысымызды ұлықтап, мұрасын дәріптеу, еңбегін насихаттау – бар қазақтың міндеті десек артық бола қоймас. Биыл осы мерейтой аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Көптеген елді мекендерге, көшелерге, нысандарға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Ахаң өмірге келген Сарытүбекте кесенесі тұрғызылды. Ал аудан орталығындағы музей алдындағы ескерткіштің Ахаң мен Жахаңа арналуында үлкен символикалық мән бар. Себебі, екі арыста да ұлтты ояту жолында еңбек етті. Осы жолда Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп халқының санасына сілкініс әкелгені де баршамызға белгілі. Олар тәуелсіздікті аңсады. Қазақты азат ел етуге ұмтылды. Ахаң мен Алаштың бірге аталуы заңдылық. Сондықтан бұл ескерткішті барша Алаш арыстарының рухына тағзым, соларға көрсетілген құрмет деп қабылдауымыз керек. Ескерткіштің ¬Ахмет пен Міржақыпқа арналуының тағы бір маңызды себебі ¬– қос қайраткердің де осы өңірдің тумасы болуында екені сөзсіз. Жалпы, Торғай өңірі Ахмет пен Мәіржақыптай талай арыстарымыз шыққан қастерлі мекен. Ұлтымыз үшін бұл өлкенің орны бөлек. Торғайдың халқы ешқашан қазақы қалпын бұзбаған. Кешегі тар заманның өзінде ұлттық болмысынан айнымаған. Торғай – Алаш рухын тербеткен елдіктің еңселі ордасы. Сондықтан, бұл өңірдің қадір-қасиеті ерекше. Біз мұны әрдайым есте сақтап жүреміз-, деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ сенат төрағасы Ахаң-Жахаң әдеби мұражай-үйінің тұсаукесеріне қатысты. Айта кету керек, ұлт ұстазының мерейтойы аясында музейді күрделі жөндеуге 170 млн теңге жұмсалған. Яғни, іші-сырты түгел жаңарды. Реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Содан кейін Мәулен Әшімбаев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеу аясында «Ұлтына ғұмырын арнаған Ұлы тұлға» ғылыми-практикалық конференциясының жұмысына қатысты. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов конференция барысында облысымыздың оңтүстік өңірлерінің инвестициялық әлеуетінен мәлімет берді."Бүгін біз мақсат етіп отырған әділ Қазақстан білімге құштар, түрлі кәсіптерді еркін меңгерген, ұйымшыл қоғамның үлгісі болуға тиіс. Облыстың оңтүстік өңірлерінде 4,4 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 465 млрд теңгеге жуық 35-тен астам жобаны іске асыру жоспарлануда. Сонымен қатар, облыстың оңтүстік өңірі, ең алдымен, бай рухани және мәдени-тарихи мұраның арқасында жоғары туристік әлеуетке ие", – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, жиын аясында белсенді азаматтар Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жанашыры» сыйлығымен және т. б. марапаттармен ардақталды. Сонымен қатар, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев А. Байтұрсынұлы ауылына барып, Ахмет мұражай-үйінде болып, киіз үй қалашығын аралап, Ахаң кесенесінде еске алу рәсіміне қатысты.
Сондай-ақ, жиын аясында белсенді азаматтар Ахмет Байтұрсынұлы медалімен, «Тіл жанашыры» сыйлығымен және т. б. марапаттармен ардақталды. Сонымен қатар, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев А. Байтұрсынұлы ауылына барып, Ахмет мұражай-үйінде болып, киіз үй қалашығын аралап, Ахаң кесенесінде еске алу рәсіміне қатысты.
Көпшіліктің делебесін қоздырған ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткенін де айта кету керек. Ат жарысына және қазақ күресіне елдің түкпір-түкпірінен қатысушылар жиналды. Жарыстарға үш бірдей автокөлік тігілген. Балуандар бәсекесінде ақтөбелік Еламан Ерғалиев жеңіске жетті. Құнан бәйгеде (10 шақырым) Алматыдан келген "Хансұлтан" аталатын жүйрік бірінші келсе, аламан бәйгеде де (25 шақырым) алматылық "Жұмбақтас" атты тұлпар алдына қара салмады.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев