Жасөспірім өз-өзіне қол салды
Арқалық қаласында екі күннің ішінде 8 және 9-сыныпта оқитын қыздар өздеріне қол жұмсады. Олардың біреуі аман қалса, екіншісі қайтыс болды.
8-сынып оқушысы 5 қабатты үйдің балконынан секіріп, қуанышқа орай аман қалды. Ал, 9-сыныпта оқитын қыз өз үйінің жуынатын бөлмесінде асылып, қаза тапты. Арқалық қалалық ішкі істер басқармасы өкілінің сөзіне қарағанда, екі жасөспірім де дәулетті отбасылардың перзенттері.
5-қабаттан секіріп, аман қалған қыз ауруханада есін жиып, тілге келген. Ол мұндай қадамға баруына ата-анасының өзіне көңіл бөлмей, балаларына алалап қарайтыны түрткі болғанын айтқан.
Ал, өз үйінде асылып өлген қыздың қазасының себебі түсініксіз болып тұр. Марқұм бір жапырақ қағазға "Менің өліміме ешкім кінәлі емес", – деп жазып кетіпті. Қыздың сыныптастары мен ұстаздары оның алдыңғы қатарлы оқушы әрі мектептің мақтанышы болғанын айтуда.