Жобалар жемісін беріп жатыр
Өңірлік прокуратура иесіз мүлікті баспанаға мұқтаж азаматтардың пайдасына шешіп беру мәселесін қолға алып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп, инфрақұрылымдық нысандар, жер телімдері және құрылыс аяқталмаған үйлер бар 380 нысанды сот арқылы коммуналдық меншікке өткізіпті. Олар мемлекеттік бағдарлама арқылы қаржыландырып, 8 көпқабатты үй салынған болса, 1100-ден астам тұрын баспанамен қамтылған. Осы және басқа да атқарылған жұмыстар мен жетістіктер облыстық прокуратураның өткен жылды қорытындылаған алқа отырысында баяндалды. Жиынға өңір басшысы, аймақтық мәслихат хатшысы, прокурорлар мен БАҚ өкілдері қатысты.– Құзырлы орган қолға алған тиімді жобаның бірі – «Ұрлыққа қарсы әрекет» жүзеге асырылған үш жылда қылмыстың бұл түрі үштен біріне дейін азайып отыр. Мал, көлік, ұялы телефондарды қолды қылу 50%, пәтер ұрлығы 22% төмендеді. Ал аталған жоба жалпы қылмысқа да әсерін тигізіп, 2016 жылы ол 14% азайды, – деді облыс прокуроры Марат Қайбжанов.
Өңірімізде өндірістік жарақаттар мен қайғылы оқиғаларды болдырмау әлі де өзекті. Ал облысымызда екінші мәрте жарақат алған жұмысшылары бар 50 кәсіпорын еңбек инспекциясының реестріне тіркеуге алынған. Олардың әрбіреуімен жеке қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңестер жүргізіліп, қызметкерлер аттестациялаудан өткізілген. Қайғылы жағдайдың алдын алуға арналған шаралар күшейтіліп, жарақаттанғандар саны 18% төмендеген.
Арнайы жүргізілген социолог зерттеулердің нәтижесінде 2013 жылдан бері үш жылда халықтың прокурорларға деген сенімі 40-тан 80% дейін артқан. Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов алдағы уақытта да қадағалаушы органның қызметін жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы билік бірқатар жұмыстарды қолға алмақ:
– Биылғы жылы прокуратура қызметіне арнайы көліктер сатып алу мәселесін мақұлдап отырмыз. Аудандарда прокуратура ғимараттарының құрылысын жүргізу де жоспарда тұр. Алдымен, осындай нысан Жангелдин ауданында салына бастамақ. Қазір бұл құрылыстың жобасы әзірлену үстінде. Құжаттау дайын болған соң құрылыс жұмыстарына байқау жарияланады. Бүгін, яғни 2-ші ақпан күні кешкі сағат 22.00-де облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында прокуратура қызметкерлері халықпен онлайн байланыс орнатады. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді, ұсыныстарды құзырлы органға 8-778-532-32-10 ұялы нөмірі арқылы WhatsApp желісіне немесе zan-otrk@mail.ru электронды мекенжайына жолдай алады. Халықпен мұндай байланыс бір ай мерзімге созылмақ.
Қыдырбек Қиысханұлы