30 жылдан кейін куәлік алды
Павел Сапагов 1954 жылы Ресей Федерациясының Каменск-Орал қаласының Свердлов ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Қостанай облысы Аманкелді ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұрады.
68 жастағы ер адамның 30 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжаты болмаған. Ауыл тұрғынының өзі түсіндіргендей, ол қиын өмірлік жағдайға тап болған екен. Жақында ер адам қажетті құжаттарды алу үшін полицияға барған.
«П. Сапагов полицияға хабарласқаннан кейін біз оған қажетті құжаттарды жинауға көмектесе бастадық, оның құқықтық мәртебесін анықтау үшін тиісті өтініштер бердік», – дейді аға инспектор Жасұлан Әбдіғамидов.
Полицияның мәліметінше, қазір П.Сапагов куәлік алып үлгерді. Ер адам полиция қызметкерлеріне үлкен қызмет атқарғанын айтып, алғысын білдірді. Бұған дейін ауыл тұрғыны базада тіркелмегендіктен, ресми түрде жұмысқа да орналаса алмаған.
Б. МИРАМҰЛЫ.
Аманкелді ауданы.