Қонысын тапқан ырысын табады
Соңғы екі жылдың бедерінде еліміздің халық тығыз қоныстанған Түркістан, Қызылорда, Алматы тәрізді облыстарынан Жанкелдин ауданына жиырмадан астам адам қоныс аударды. Өңір басшылары оларды үй-жаймен қамтамасыз етіп, жұмыспен қамтыды.
Мәселен, Қызылорда облысының Сырдария ауданының тумасы Ғалымбек Төлеген есімді азамат отбасын алып, аттың басын Торғайға бұрды. Ерлі-зайыпты Ғалымбек пен Мәдинаның бес баласы бар. Оларға үй сатып алуға 600 мың теңгеден астам қаражат бөлінді, оның үстіне жан басына 84 мың теңгеден жәрдемақы төленді. Қазір Ғалымбек те , оның жұбайы Мәдина да жұмыс істейді.
-Біздің жақта (Сырдария ауданын айтады – авт.) халық тығыз орналасқандықтан, жұмыс жағы тапшы. Сондықтан, Жанкелдин ауданынан ұсыныс түскенде, көп ойласқанымыз жоқ. Бірден көшуге бел будық. Өйткені, біріншіден, мемлекеттің өзі халықтың тұрмысын жақсартуға жағдай жасап отыр. Келген жеріміз жаман емес – қасиетті өңір. Бұл арадан талай алыптар шыққан ынбілеміз. Небір батырлар мен ақындардың, ғалымдар мен жазушылардың, өнер иелерінің бесігі болған қарт Торғайдың одан әрі гүлденуіне сәл де болса өз үлесімізді қоссақ деп келдік. Торғайға көшіп келгенімізге еш өкінбейміз. Жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Бәрі де жайсаң мінезді, көпшіл екендіктері көрініп тұр. Бізді жатсынған жоқ, бірден бауырына тартты, – дейді отбағасы Ғалымбек Төлеген.
Жалпы, өзге өңірлер сияқты Жанкелдин ауданында да дәрігер, мұғалім мамандықтары тапшы. Осы олқылықтың орны сырттан қоныс аударушылар арқылы толығып жатыр. Замира Алтай отбасымен өткен жылы Түркістан облысынан көшіп келді. Ол аудандық ауруханада дәрігер болып еңбек етеді. Жолдасы – Олжас Аманжол аудандық әкімдікке қарасты Жастар ресурсы орталығына жұмысқа тұрды. Бұларға екі қабатты жаңа үйден қызметтік пәтер берілді. Тұрмыстары оңды.
– Осы аз ғана уақытың ішінде Торғай біздің өз туған жеріміздей болып кетті. Әбден бауыр бастық. Баламыз да осында өмірге келді. Адамдары шетінен кішіпейіл екен. Қол ұшын созудан қашпайды. Сондықтан, дәл осында қоныс аударғанымызға қуаныштымыз. Торғай – ұлттың ұясы болған киелі өңір ғой. Оның экономикалық-әлеуметтік жағдайы оңалып, көші түзелеріне өз басым кәміл сенемін. Өйткені, мемлекеттің өзі Жанкелдин ауданы сияқты шалғай орналасқан өңірлерге қарасып отыр. Торғайға жас мамандар өте қажет. Көшіп келіңіздер, еш өкінбейсіздер,-деді Торғайдың өз қызындай болып кеткен Замира.
Ресми мәлімет бойынша, Жанкелдин ауданында күні бүгін 13 мыңға жуық адам тұрады. Кешегі тоқсаныншы-екі мыңыншы жылдары халықтың жартысына жуығы жердің шалғайлығын, жол сапасының нашарлығын сылтау етіп, өзге өңірлерге көшіп кетті. Ол кез шындығында шалғай аудан тұрғындары үшін ыңғайсыз бір кезең еді. Қазір ше? Бүгін жол тақтайдай тегістеліп, жөнделді. Ауыз су мәселесі біртіндеп шешімін тауып жатыр. Жарық, жылу бар. Қысқасы, тұрмысқа не қажеттің бәрі жасалған. Тек, жұмыс істе, ұрпақ өсір.
– Қазір сырттан бір адам көшіп келсе қуанатын жағдайға жеттік. Торғайда ірі өндіріс орындары болмағанмен, екі қолға бір күрек іздеген жанға жұмыс табылады. Жұмыс істеймін деп келген азаматтарды құшақ жая қарсы аламыз. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламаның көп септігі тиіп отыр, – дейді Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.
Жер көлемі бойынша Жанкелдин облыста ең ірі аудан. Мұндай жайқалтып егін де егуге, мыңғыртып мал да өсіруге болады. Байлық табан астында жатыр. Егер соны үлгіртер болса, елге елеулі пайдасы тиер еді. Бұл, енді, біздің ой. Ілгеріде Қытайдың бір кәсіпкер қазағы елге келіп-кетіп жүргенде: «Егер Торғайдан маған аз-кем жер берсе, соңымнан жүз мың қазақ ертіп әкелер едім», – депті. "Ондай ұсыныс болса, біз қарсы емеспіз" деді аудан басшысы. Бұл, енді, орындалатын шаруа ма, жоқ па, ол жағы бәймәлім, бірақ, әңгіме ұлан-ғайыр далаға ел толтыру болғандықтан, сөздің сірәғысы ретінде келтіріп отырмыз.
-Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-21 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты – жұмыс күшінің ұтқырлдығын арттыруға негізгі күш салып отырмыз. Былтыр ауданға Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарынан 17 адам қоныс аударған. Биылғы жоспар бойынша, он адамды көшіріп алу жоспарланса, бүгінгі таңда соның алты адамы – Шымкент қаласынан, Қызылорда облысынан және бір отбасы Түркістан облысынан келіп қоныстанды. Сондай-ақ, құрамында сегіз мүшесі бар бір отбасы Милісай ауылына келіп орналасты. Көшіп келушілердің бәріне Үкімет белгілеген тиісті көмектерді жасап жатырмыз. Еңбекке жарамды азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылды. Ауданға дәрігер, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімдері, химия, математика, биология, ағылшын пәнінің мұғалімі сияқты мамандықтар жетіспейді, Былтыр облыста өткен бос орындар жәрмеңкесіне қатысқанбыз. Онда он бес мамандық бойынша 42 бос орын ұсындық. Енді биыл қоныс аударушылардың қатарын жиырма адамға дейін жеткіземіз бе деген жоспарымыз бар. Соған облыстан қосымша қаражат сұрап отырмыз, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Талғат Әміров.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяқ шенінде оңтүстіктегі аудандардың бірін басқаруға жіберілген Оразалы Қозыбаев ағамыз КОКП ОК-нің басты баспа органы — «Правда» газетіне ашық хат жолдап, халықты Торғай жеріндегі тың және тыңайған жерлерді игеруге келуге үндейді. Ол өзінің «Торғай шақырады» атты әйгілі үндеуінде ежелгі Торғай даласын игерудің қажеттігін нақты дәлелдермен негіздей отырып, өзіндік ой-орамдарымен дәлелдеп береді. Бұл уақыт көші жиырма бірінші ғасырға озған бүгінгі күні де маңызын жойған жоқ. Иә, елге ел қосылса, құт емес пе!
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Жанкелдин ауданы