Батыл шешім
Мемлекет басшысы кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашада өтетіні туралы Жарлыққа қол қойды және осы бастамаға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады. Бұл дұрыс шешім деп қабылдаймын әрі қолдаймын.
Президент өзінің электоралдық циклін Тәуелсіздік тарихымызда алғаш рет алдын ала жариялады. Яғни, бірінші қыркүйектегі Жолдауында атап өтті. Бұл саяси пікір алуандығы мен демократияның барлық ұстанымдарына сәйкес келеді. Өйткені, саяси партияларға бірінші қыркүйектен бастап 2023 жылы өтетін Парламент сайлауына, 20 қарашада өтетін президент сайлауына алдын ала дайындалуға, кандидаттарын ұсынуға, жалпы сайлауалды науқанға дайындалуға мүмкіндік береді.
Қазір ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды. Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – ол Президенттің өкілеттіктері айтарлықтай қысқарған кезде жаңа жағдайда өтеді. Енді Президенттің партия мүшесі болуға құқығы жоқ, тек бір мерзімге сайланады және қайта сайлануға құқығы жоқ. Өйткені, 7 жылдық мерзімге сайланатын Президент бір жағынан қоғамдағы әртүрлі күштерді біріктіруге, екінші жағынан бастамаларын, қандай да бір саяси-әлеуметтік, экономикалық реформаларын тиянақты аяқтауға мүмкіндік алады. Сондықтан, бұл жолғы кезектен тыс президент сайлауы 2019 жылдан бергі үш жылда жасалған саяси реформалардың нақты нәтижелері деуге болады.
Римма БЕКТҰРҒАНОВА,
Қостанай облысының әйелдер күштері Альянсының төрайымы