Корпорацияның көрсеткіштері көңіл көншітеді

"Тобыл" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бүгінде өңір экономикасын өркендетуге өз үлестерін қосып келе жатқан бірден бір қаржы институты. Ауыл шаруашылығынан бастап, көлік құрастыру, құрылыс саласын да қамтып отырған аталған корпорация алдағы уақыттарда да мемлекет пен жекеменшік әріптестік байланыс аясында әлеуметтік маңызы зор жобаларды жүзеге асыратын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде "Тобыл" ӘКК басқармасының төрағасы Арман Әлиев баяндады.
Оның айтуынша, "Тобыл"  әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 2014-2023 жылдар аралығындағы даму стратегиясы – ол ең алдымен мекеменің белгіленген мерзімге дейінгі негізгі стратегиялық бағыттарын, мақсаты мен міндеттерін, іс-шараларды және қызметінің түйінді көрсеткіштерін айқындайды. Бүгінде корпорацияның көрсеткіштері жаман емес. Мәселен, акционерлік қоғамның инвестициялық қоржынында қазір құны 5,5 млрд. теңге болатын 47 жоба бар екен. Инвестициялық айналым деңгейін  арттыру үшін компания жыл сайын 1,5 млрд. теңге шамасында болатын жаңа өндіріс орындарын қаржыландыруы тиіс.
Ол үшін, яғни инвестиция көлемін ұлғайту келесі жобалардың арқасында мүмкін болмақ. Мәселен, 2015 жылы корпорация "Raimbek Group" акционерлік қоғамымен бірлесіп сүт өнімдерін шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр, оның құны 1,4 млрд. теңге болмақ. Бұдан басқа, "Каменскуральск" ЖШС-мен бірлесіп қымыз өндірісін дамытуды да қолға алатын болады, бұл жобаның құны 208 млн. теңге. Сондай-ақ, "ТрансСфера СП" ЖШС-мен бірігіп құны 300 млн. теңге болатын асфальт-бетон өндіретін зауыт салу да жоспарланып отыр-ған көрінеді.
– Елбасы "Қазақстан жолы –2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Жолдауында үш маңызды бағытты айқындап берген еді. Соның ішінде инвести-циялық ахуалды жақсарту, оның тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлінді. Осы бағытта біз де ауқымды істерді қолға алмақпыз, – дейді А.Әлиев.
Корпорация экономиканың кейбір секторларын дамытуға тежеу болып тұрған проблемаларды да шешуге баса мән бермек. Мәселен, мал шаруашылығы және құрылыс индустриясын ілгерілетуді де көздеп отыр. Мақсат – жергілікті нарықта құрылыс материалдарын шығаратын зауыттарды көбейту. Өңір үшін тағы бір маңызды бағыт – мемлекет пен жекеменшік әріптестік байланыс негізіндегі жобаларды жүзеге асыру формасын енгізу. Арман Әлиевтің сөзінше, мемлекеттік әріптестік байланыс негізінде корпорация Қазақстандық орталықпен және "Бәйтерек" ұлттық холдингімен меморандумға отырған. Енді осы меморандум аясында дуалдық білім беру, жоғары оқу орындарында жатақхана және балабақша салу сияқты бірлескен жобаларды іске асыру қарастырылуда.
– "Тобыл" әлеуметтік-кәсіп-керлік корпорациясы құрылған жылдардан бері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, құрылыс, орта және шағын бизнес сала-сында көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Он жылға арналған стратегия аясында да көптеген жобаларды қолға алғалы отыр. Дегенмен, жүзеге асырылуы тиіс жобалардың өміршеңдігіне, яғни кәсіпорындардың әлемдік дағдарысқа төтеп бере алатындығына баса көңіл бөлуді ұмытпаңыздар. Сондықтан осының бәрін ең алдымен сараптап алу қажет, – дейді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Жалпы, қызметін осыдан төрт жыл бұрын бастаған "Тобыл"     әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора-циясының өңір үшін тиімді жұмыс істегендігін мына көрсеткіштерден-ақ айқындауға болады. Мәселен, корпорацияның табыс көлемі 2010 жылы 30 млн. теңгені құраса, ал биылғы көрсеткіш 165 млн. теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ, корпорация үш жыл ішінде 34,4 млн. теңгеге қайырымдылық көмектерін көрсеткен. Бұған қоса, корпора-цияның үстіміздегі жылы КСК шағын ауданында құны 375 млн. теңге болатын неке сарайын да іске қосқандығын айта кеткеніміз жөн. 
Қарлығаш
     ОСПАНОВА
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓