Болат ҚАЛИЕВ: «Армандай білу керек»

Қоғам белсендісі, асаба, думан-кештердің жүргізушісі Болат Қалиев бірер жыл бұрын қоғамдық бірлестіктерге жетекшілік жасап, бірнеше жобалардың үйлестірушісі ретінде танылған еді. Қанаттанған жас қазір де ізденісімен көпшілікті сүйсінтіп жүр. Бүгінде жұрт назарына ұсынар қандай жобалары бар? Соңынан ерген іні-қарындастарына не айтады екен? Осы сауалдар төңірегінде, сондай-ақ отбасы, қоғамдық жұмыстағы бағыттары, алға қойған мақсаты жайында пікірін білдік.
– Оқырмандарға түсінікті болсын, әуелі өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз.
– 1985 жылы 16 қаңтарда Қостанай облысы Науырзым ауданында дүниеге келдім. Бірақ, Қостанай қаласында өстім. Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның түлегімін. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін «қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі» мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Сонымен қатар, магистратура, доктарантура аяқтадым. Бүгінгі таңда 5 баланың әкесімін.
– Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, бірталай ортаға танылып қалдыңыз. Қазір қандай  бағыттарда жұмыс жасап жатырсыз?
– Негізгі үш бағыт бар: мемлекеттік саясат бағыты, оның ішіне жастар саясаты, сайлау үрдісі. Осы салада көп жұмыс істеп жатырмыз. Екінші бағыт – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Яғни, қазақ тілінде сөйлейтін жастардың басын біріктіру, қазақ тілінің имиджін көтеру. Үшінші бағыт – діни сауаттылық. Осындай бағыттарда қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмыз.
– Алдағы уақытта қандай бағытта жобалар ұйымдастыру ойда бар?
– Жаңадан зерттегім келетін бағыттардың бірі – туризм. Жазғы, қысқы туризм, өңірімізде бар нысандарды зерттегім келеді. Қызық бағыт.
– Өзіңіз еңбек етіп жүрген «Грин» Қостанай облысының азаматтық альянсында қандай жобалар қарастырылып жатыр?
– Халықаралық жобаларды қарап жатырмыз. Онымен қоса, стартап жобалар бар. Жастарды шағын кәсіпке баулуға күш салып жүрген жайымыз бар. Бүгінгі буынды өзін-өзі дамытуға бейімдеп, үйретуіміз керек. Былай қарасақ, біздің облысымыздада халықаралық жобаларды жүзеге асырып жатқан азамат-азаматшалар аз емес. Тәжірибе бар, білім бар. Бәрін жайып салмайын, оны алдағы уақытта көресіздер.
– «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Өзіңіз бірнеше салада жұмыс атқарғансыз. Яғни, асаба, жүргізуші, тіпті жайдарман ойындарында да болдыңыз. Жалпы өзіңізді кім ретінде көресіз?
– Қиын сұрақ. Бір қызығы, барлық салада жүріп, кейбір кезде әлі ашылмаған қырларым көп сияқты көрінеді. Сондықтан, белгілі бір деңгеймен тоқтап қалғым келмейді. Адам өзі қаласа, ізденсе, ерінбесе болғаны. Кейбір адамдар бар, төрт-бес кәсіппен айналысады, бірақ соның соңына жете алмай жүр. Мұндағы мәселе барлық саламен бірдей айналысу емес. Бірінші бір бағытты ұстау керек. Мысалы, қоғамдық жұмыс. Белгілі бір деңгейге жетіп, сапа көрсету. Одан кейін келесі – той бағыты. Қазіргі таңда той бағытында көптеген қыз-жігіттер қызмет жасайды, бірақ сапа жоқ. Не істесең де, сенің артыңнан айтылатын ой, берілетін баға осы маңызды. Қысқасы, өзімді жан-жақты адам ретінде көремін десем мақтанғаным емес шығар…
– Жастарға қандай кеңес бересіз?
– Жастарға берер кеңесім – ең бірінші армандай білу керек. Жоспар құра білу керек. Еріншіктіктен арылу маңызды. Уақытты бағалай білу де жақсы қасиет екенін есте ұстаған абзал.
– Уақыт тауып бірер сұрағымызға жауап бергеніңізге рақмет!
 
Сұхбаттасқан
Айдана МАНАТ,
3-курс студенті

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓