Мың домбырашы күй тартты

Қаланың «Жігер» стадионында, ашық аспан аясында мың домбырашы халық күйлері «Тепеңкөк» пен «Салкүрең», Н.Тілендиевтің «Әлқисса», Н.Ахметбековтің «Жеңіс», Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін орындады.
Еске сала кетсек, осыдан үш жыл бұрын көршілес Аманкелді ауданында «Мың домбыра» шарасы бастау алып, бір мезетте мың домбырашы екі күй орындап рекордтар кітабына енген болса, бұл игі дәстүр биыл Арқалық қаласында жалғасын тауып отыр.

Осы іс-шара аясында оқушылардың дені алғаш рет домбыра үйренгенін атап өтуге болады. Осылайша арқалықтықтардың ұрпаққа ұлттық аспабымызды насихаттау мақсаты орындалып отыр. Қатар шыққан мың домбыраның қоңыр үні керемет үйлесім тауып, жиылған қауым ерекше әсер алды.
"Жыл басында қала әкімінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған "Домбыра сыйла" акцияның арқасында біраз жерлестеріміз бір-біріне киелі аспап тарту етіп, көңілдері қуанышқа толды. Бүгінгі таңда арқалықтықтардың бәрінің болмаса да, басым бөлігінің төрінде қазақтың қара домбырасы тұр десек, қателеспеспіз. Соңғы жартыжылдықта қаламызға келген қонақтардың "көшелеріңізде домбыра ұстаған адамдар көп екен" деп таңғалғанын да талай естідік. Биыл біздің шаһарымызда ең жиі айтылған сөз де "домбыра" болса керек. Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Осындай игі істер арқылы еліміздің бірлігі күшейіп, абыройы өсе берсін!", –дейді АМАNАТ партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет.


Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.
Арқалық қаласы.