Тағылым һәм тағзым
Қостанайда ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дәулескер күйші, «Мирас» ұлт-аспаптар ансамбілінің негізін қалаушы Абай Әмірхановты еске алуға арналған «Ғасырлар пернесі» облыстық фестивалі болып өтті.
Фестивалге облыстың Жанкелдин, Аманкелді, Федоров, Алтынсарни аудандары мен Арқалық қаласынан келген жеті өнер ұжымы қатысты.
Абай Ғазизұлын Торғай, Қостанай көлемінде білмейтін адам жоқ. Жастайынан өзінің өлмес өнерімен танылған А.Әмірханов есімі оның талантын құрметтеген үлкен-кішіге жақсы таныс. Ол кезінде Қостанайдағы "Мирас" ансамблін ұйымдастырып, ұлттық өнерді насихаттауға ерекше үлес қосты. Кейін Астана қаласына қызметке ауысып, осындағы "Сарыарқа" ансамбліне жетекшілік етті. Астана қалалық филармониясын басқарды.
Абай ағамыздың ерекше атап өтерлік бір ісі – түрік тілдес жастардың басын біріктіріп, "Орал мұңы" халықаралық фестиваль-конкурсын ұйымдастырушылардың бірі болған еді. Екі жылда бір рет Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында өтетін бұл өнер жарысына Қырғызстан, Түркіменстан, Қазақстан, Алтай республикасы, Шешенстан, Дағыстан, Хакасия, Тува, Татарстан, Башқұртстан және басқа елдерден ұлттық өнер майталмандары жиналып, думан қыздыратын. Абайдың "Мирасы" сол аламан бәйгеден жүлделі оралып еді-ау.
Әттең, бәйгеге үкілеп қосып жүрген сол өнерлі азаматымыз өмірден ерте өтті. Небәрі 47 жасында! Бірақ оның күш-жігерімен құрылған «Мирас» ансамблі әлі күнге дейін сахнадан түскен емес. Оны Абай Ғазизұлының талантты шәкірттерінің бірі Берік Оразалин лайықты жалғастырып келеді.
-Осы «Мирас» мәдениет сарайын ашар кезде ат қою керек болды. Сол кезде қалалық әкімдіктегілер: «Мирас» агнсамблі ең бірінші осында құрылған. Ендеше, мәдениет сарайының да аты «Мирас» болсын деп, біздің ансамбльдің атын қойған. Егер Абай болмаса, «Мирас» болмас еді. «Мирас» болмаса, ондай ат қойылмас та еді. Бүгін Абай ініміздің, менің ең жақсы көретін досымның әрауғы бір аунап түскен шығар. Бүгінгі кешті ұйымдастырып отырған облыстық филармония мен қалалық мәдениет бөліміне, «Мирас» мәдениет үйіне алғысым шексіз,-дейді ҚР Композиторлар одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдин.
Иә, Абай марқұм Қостанайда кәсіби мәзыка мамандарын даярлауда көп тер төкті. А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-дегі өнер факультетін басқара жүріп, өзі тәрбиелеген шәкірттерімен бірге талай шетелдерді аралап Қазақ өнерінің құдіретін танытты. Абай Әмірханов жетекшілік еткен «Мирас» ансамблінің сырт елдерден жүлдесіз қайтқан кезі болған емес.
-Абай ағамыз өнер жолында үлкен із қалдырған кісі. Ол Қостанайға қазақтың домбырасын әкелген азамат ретінде белгілі. Сондықтан, мынау ұйымдастырылып отырған шара өте бір тағылымды іс қой деп есептеймін. Ол кісі көзі тірісінде қаншама шәкірт тәрбиеледі. Солардың дені бүгін ұстаздарын еске алуы бізде ерекше тебірентті. Абай ағамыздың жасамаған жасын, жары, балалары жасасын,-дейді Олжабай Файзуллин.
Фестивальде әр ауданнан келген өнер ұжымдары қазақтың күйлерін асқақтатты. Сондай-ақ, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Манапбек Қадыров, Азамат Мұқатов, Күнсұлу Жақаева, Қыдырбек Қиысқан, Ботагөз Дүбірбаева, Байдос Қожасағиев, Нұрсұлтан Қасым т.б әншілер халық әндерін, қазақ композиорларының әндерін әуелете шырқады. Фестивальге қатысушылардың бәрі құр қол қайтқан жоқ. Олардың бәріне облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
-Бүгін Абай ағамыды еске алуға арналған осындай үлкен өнер фестивалін ұйымдастырған облыстық мәдениет басқармасына, облыстық филармония ұжымына және бүгінгі кеште өнер көрсеткен барлық ұжымдарға Әмірхановтар әулеті атынан, туған-туыстар атынан алғыс айтамын. Ағамыз қайта тірілгендей болды. Әбекемнің алды өзі \не жарық болып, иманы көркем болсын! Арты барша туғандарға, өнер сүйер ағайынға қайырлы болсын дегім келеді. Ағамыз оны танитын, бірге арласқан азаматтардың жүрегінде мәңгі сақтала береді. Ол кісі өнермен бірге мәңгі жасай береді. Артында қалған ізден осыны байқауға болады,-дейді Абай Ғазиұлының туған інісі, Қостанайдағы Жайлаубай ата мешінің бас имамы Шоқан қажы Әмірханов.
Қысқасы, «Ғасырлар пернесі» фестивалі Абай Әмірхановтай қазақтың біртуар ұлына жасалған тағзым әрі жас ұрпақ бойына сіңіре жүрер тағылымды басқосу болғанын айта кеткен жөн.
Бұл туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінен толық оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ