“Беделді” тілші болудың жолы қандай?

Егіз лақ емізген ешкідей екі бірдей республикалық телеарнаны аптасына алты сюжеттен «тойдырып», «тілшілердің ішіндегі тындырымдысы» атанған шабытты шағым еді. Оның сыртында өкіртіп жазып, өңірлік газеттің де жүгін өгіздей өрге сүйреп жүрдім. Сүйкей салғаным – сайттардың «сыбағасы». Түрлі-түрлі тақырыпты көтерген «туындыларым» әлеуметтік желілердің бетін әлем-жәлем етіп әлеміштеп жатады. Қысқасы, өзімнің ойымша аймақтағы қалам ұстаған небір «шалқұйрықтар» қарамды көруден күдер үзіп, шаңымды жұтқанын шүкіршілік етіп жүрген кезі. Десек те, ел газет оқып, теледидар көрмей ме, әлде біздің қала бөлек әлемде өмір сүре ме, БАҚ біткеннің бетін бермей белсенді жұмыс істесем де, беделімді өсіре алмай діңкем құрыды. Аймақты былай қойғанда, ауламдағылардың өзі түрімді танымақ түгілі, ныспымды білмейтін. смиБірде аяқ астынан таңдау маған түсіп, жүз жиырма елдің журналисі қатысатын халықаралық семинарға баратын болдым. Қанатты көлікті қалтам көтермегесін, амал жоқ, билет пойыздан бұйырды. Кешқұрым уақыт еді. Асай-мүсейімді асынып, купеге кіре бергенімде жолсеріктердің бір-біріне «жұрттан ақша алғанда жымыңды білдірме. Біздің вагонда журналист жүр. Жазып жіберуі ықтимал. Қоюлап шәй беріп, көңілін аулау қажет!» деп күбірлесіп жатқанын естіп, ішім жылып қоя берді. Қанша айтқанмен пендемін ғой, «ақыры атым шыққан екен, тіпа-тіпа» деп тамбурға барып түкіріп келдім.
Жылы жүзді жолсерік қыздың шәйді шақыртпай әкелуін күтіп, шәниіп жатқанымда көзім ілініп кетсе керек, әлдебіреу бүйірімді тесердей нұқып қалғанда, біз сұғып алғандай атып тұрдым. Біз өкше кебіс киген бойы биік бикеш «билетіңді көрсет» деп бұйырып тұр екен. Саусағыммен қабырғамды сипалап қойып, сұрағанын бердім. «Пойызға бірінші мініп пе ең, құжатың қайда?» деп қыржиды ол. Қалбалақтап төсқалтамнан төлқұжатымды шығардым. Сырықтай сұңғақ жолсерік сүзетін текедей кекілінің астынан көзін сүзе қарап алды да: «көрші купеде журналист кетіп барады. Шошаңдап шыға бермей тыныштық сақтаңдар», – деп ескерту жасады. Қасымдағы сапарластарыма қарап ем, олардың да жанарлары жыпылық-жыпылық етіп, қарадай қаймығып отырғаны сезілді. Ескерту есімді шығарса да, сүйекке сіңген мінез журналистік жеңсіктік жеңіп, көрші купеге көңілім ауа берді. «Қанша дегенмен, халықаралық шараға бара жатырмын. Аға буынның ақылын алып, тәжірибесін тыңдаған артықтық етпес. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген ой да көкейімді тесіп барады. Басымды қылтитып едім, шолақ юбка киген жолсерігім жылмиған жүзіне мүлдем жараспайтын жорта жымиыспен жорғалай басып шәй тасып жүр екен. Қаһарына ілігуден қорқып, қыбыжықтап тұрған мені «әй, бала, бері кел. Ағаңа сәлем беріп, сарқытынан ауыз ти» деп әріптесімнің әйелі өзі шақырып алды. Беделі бір вагонды «бүріп» келе жатқан «журналисім» жетпістен асқан кісі екен. Желкесі күржиіп, екі езуі ыржиып, күрең шайды сіміріп отыр. Таңдайына тиген сұйықтың самайынан ағатын қасиеті бар-ау деймін, сораптаған сайын тері де сорғалай түседі. Құлақтың тұсынан төмен сырғыған ірі тамшылар қырма сақалын қуалап барып, борықтай бұғағына домалап жатыр, домалап жатыр. «Мына бала журналист ағасын танып кеп тұр-ау. Бір кесе алып келші» деп жеңгеміз жолсерікті жүгіртіп жіберді. Жорғалап алып ол кетті. «Ағамның» бет-жүзін бұрын көрмеген екенмін, танымай қалсам «сүйегіне таңба саларлық» сыңайым бары сезілгесін, «қорыққан бұрын жұдырықтайдының» керімен: «Мен де тілші едім. Сізбен жолыққаныма қуаныштымын», – дедім былжырап… «Бәсе», – деді бәйбіше, – біздің отағасыны білмейтін адам бар ма!.. Бата сұрауға кеп, кіруге бата алмай жүр екен ғой. Болар бала бо..нан деген…».
– Ә, бәрекелді. Қай газеттенсің?
– Газетте істемеймін, аға. Теледидардамын… Меншікті тілшімін…
– «Меншікті тілші», – деді ағамыз менсінбегендей. Етектей ерінін сәл шүртитіп, «компартия кезінде біз де ауылдардан тілші ұстайтын едік» деп күбір етті сосын.
– Тираждарың қанша?
– Мен теледидарда істеймін, аға. Бізде тираж деген болмайды…
– Еее, – деп есінеді ағам. – Хәліміз мүшкіл десей… Баяғы заман қайда…? Қазір жұрт газетке жазылмайтын болды ғой, – деді әлдекімдерді жазғыра сөйлеп. Жетінші құманды төңкеріп барып жолсерікке алғысын айтқан «дөкейім» маған біржола бұрылды.
– Тілші болсаң, кәдеңе жарар, өмір жолымды айта отырайын. Бекер келмеген боларсың. Біздің тәжірибе ұшан-теңіз ғой. СПТУ-ға түсе алмай, еңбек жолымды редакцияда еден сыпырушылықтан бастадым. Корректорымыз кәрі кемпір еді, көктемде көк мұзға тайып құлап, жамбасы сынып, жұмысқа жарамсыз болып қалғасын орнына мені алды. Ол кезде қызметке тұру қиын еді ғой. Абыроймен алып жүрдік. Қанша жыл істегенде «еңбек ері» дегенде «б» әрпін байқаусыз тастап кетіп, бір-ақ қате жіберіппін. Одан тілшілікке көтерілдім. Талай-талай шопырлар мен шопандарды шырылдатып тұрып шенедік ғой, несін айтасың. Дұрыс қарсы алмаған совхоздың директорларын сыннан көз ашырмайтынбыз. Қорыққанынан құрдай жорғалайтын. Бетің бар, жүзің бар демей «былш» еткізуші едік. Жаман жеңгең куә, соғымды сатып алып көрген емеспіз. Қызметтен қол үзгенімізге отыз жыл. Құдайға шүкір, әлі күнге сыйлымыз. Қайда барсақ та құрметтен кенде боп көрген жоқпыз, – деп жидесінің жағасына тағып алған «ҚЖО» мүшесі» деген төсбелгісін сипады. смии«Айтқанының бәрі рас» дегендей бәйбішесі басын изеп қояды. «Тәжірибелі тілшімнің» «өнегелі өмірбаяны» ет пісірім уақытқа созылды. Айтуынша «өзі болған күнінде» алты директорды тәйкесінен түсіріп, тәубесіне келтіріп, жеті парторгты «жер аудартыпты». Саналы ғұмырында ауданға келген сегіз секретармен сыйласып ғұмыр кешіпті.
– Тілшілік деген зор қызмет, – деді ағамыз қоштасарында, – «жазамын» деп қорқытсаң, әмірің жарты патшадан кем болмайды. Осыны жадыңда мықтап ұста. Ағаңның айтқанын тыңдасаң, жаман болмайсың!». Берген батасы осы шығар деп бетімді сипадым.
Беделді болуды кім аңсамайды дейсің, халықаралық семинардан қайтып келгесін белсенділігімді тіпті арттыра түстім. Бірақ, теледидарда тираж жоғын түсінбейтін «тәжірибелі» тілшінің танымалдылығына жете алмағанымды мойындаймын. Ол үшін не істесем екен, ә? Әлде еңбек жолымды еден сыпырудан бастағаным жөн бе еді? Бәлкім, «алты директорды алшысынан түсіріп, жеті парторгты жер аудартуым» керек пе? Мүмкін, сегіз сектатармен сыйласуым қажет шығар. Қысқасы, миым жетпеді. Сіздер не ақыл айтасыздар? Қайтсем беделді тілші бола аламын?
 
Абылай Мауданов.
Қостанай қаласы.

You may also like...

1 Response

  1. Жұлдыз айтты:

    Қазіргі кезде тілшілікке "абырой-беделім" деп қана қарайтындардың қарасы көбейген заман сияқты. Көбісі не себепті тілші болып жүргенін нақты түсіндіре алмауы да мүмкін. Тілші болу "ішкі өзегінде" жоқ болса да "тілші" атанып жүргендер көп. Еліміздегі БАҚ қоғамның   айнасы ретінде ағартушылық бағыттағы көп істерден кенде қалып қоюымыздың негізгі себепкерлері сияқты көрінеді өзіме.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓