Президенттің келуі – зор мәртебе
Таяу күндерде ұлтымыздың ардақты азаматы, қазақ халқының ағартушысы, ақылшысы, әлемдік деңгейдегі ғұлама ғалым адам Ахмет бабамыз Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты бұрынғы Торғай облысы, қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданы Торғай селосында аса ауқымды іс-шара аталып өтпек.
Ахмет бабамыз барша ғұмырын қазақ халқыныңбіліміне, дамуына, өсуіне арнаған азамат.Әділетсіздіктің салдарынан сол жолда өмірден озды.
Бүгінгі күні осынау заңғар тұлғаның 150 жылдығын атап өтугехалқы жан – жақты дайындық жасап жатыр. Қостанай облысының барлық қалалары мен аудандары дайындық үстінде.Оның ішінде біздің Арқалық қаласы асқан белсенділікпен атсалысуда.
Жалпы, Ахмет бабамызға қандай жақсылық жасаса да артықшылығы жоқ. Туған жерінде ескерткіш белгілер, шағын мұражайлар басқа да кәделі жұмыстар атқарылмақшы.
Бабамыздың туған күніне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келеді деген қуанышты хабар келіп жатыр. Әрине, Президентіміздің бұндай шараға келуі – халықтың бір ықыласын, беделін көтеріп тастайды.
Биыл көктемде өткен Президент Жолдауында үш облыс ашылды. Солардың қатарында тарихи Торғай облысының ашылмай қалғанына халық кішкене пәстеу боп жүр. «Президентіміз осы жолы келгенде Торғайдың келешегі жөнінде пікір айта ма, болмаса Торғай облысын ашу жөнінде ұсыныс жасай ма?» дегенмен құр қол келмейтін шығар деген ойдамыз.
Президентіміз осы жолы үлкен бір шешіммен, үлкен бір мақсатпенен, үлкен бір халыққа деген ықыласпен келе жатқан шығар деген қуанышпен күтіп жүрміз. Лайым, осылай болса екен деп тілейміз.
Торғай халқы қазақ халқының тарихында ерекше орны бар. Талай жақсылар мен жайсаңдар шыққан жер. Қазақ халқының тағдырына ерекше үлес қосқан бірнеше көтерілістің ұйымдастырып осында болған ұлт-азаттық көтерілістің басындағы қаҺармандардың, ақын – жазушы, ғалымдардың, Алаш арыстары Ахмет пен Міржақыптың отаны.
Торғай халқының рухы Ахмет бабамыздың торқалы тойымен бірге көтеріледі деген үміттеміз.
Президенттің киелі Торғайға келуі халыққа үлкен бір мәртебе. Мереке қайырлы құтты болсын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!
Шөптібай Байділдин,
Тарихшы, қолөнер шебері, Арқалық қаласының құрметті азаматы,
Халықаралық Шыңғысхан академиясының құрметті академигі.