Жастарды қолдау – ел ертеңін қолдау

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеп, жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашық деп жариялады. Бұл жолы да мемлекет басшысы алда тұрған толымды жұмыстарға тоқталды. Ол «Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қатысатынын білгені жөн» деген сөздермен бастады. Бұл дегеніміз елдің сенімін ақтап, озық елдердің қатарынан көріну үшін барыңды сал, аянба дегені.
Жастар еліміздің болашағы. Бүгін Президент осыны тағы да бір нақтылай түсті. Еліміздегі жастар саясатындағы түйткілді мәселелер шешімі табатыны анық. Қазіргі жастардың әлеуметтік мәселесі жергілікті деңгейде өз шешімін табуы керек. Мен жас та болсам биыл аудандық мәслихат депутаттарының қатарына ендім. Осы ортада жүріп, жастардың проблемаларын шешуге өз үлесімізді қоспақ ниеттемін. Бүгін Президент те Мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесіне тоқталды.
Үкімет былтырғы жылды Жастарды қолдау жылы деп жариялап, бірқатар кешенді жоспар қабылдады. Осы салада біраз істер атқырылып, ерікті жастар елге қаншама көмегін берді. Ендігі жерде Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты ұлттық жоба, мемлекеттік жастар саясаты және волонтерлік қызмет туралы заңдар дайындалып жатқанын жеткізді. Президент «Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады» деді.
Қайырымдылық қызметін жүйелі қолдау мәселесі де сөз болды. Президенттің айтуынша бұл саладағы ынталандыру шаралары қарапайым әрі нақты болуы керек. Соған сәйкес қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға атсалысатын бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға түрлі жеңілдіктер берілуге тиіс екенін де айтты. Бұл өте жақсы бастама. Аманкелді ауданында мұндай игі істер жақсы жолға қойылған. Аудандық жастар ресурстық орталығымен ерікті жастардың жұмысын көпке үлгі етуге болады. 2020 жыл әлемдік пандемия уақытында аудан жастарымен сыртта жүрген жерлестеріміздің басын қосқан Біржан Мешелов бастаған жастар фейсбук әлеуметтік желісінде үндеу жариялап, қомақты қаржы жинап, аудандық ауруханада жатқан науқастарға дәрі дәрмек, аурухана баллансына қосымша материалдық көмек берсе, Қарасу ауылдық жастары табиғи өнім қымыз таратып, алғысқа бөленді. Міне, осындай істер еліміздің әр жерінде атқарылып жатты. Бұл қуанарлық та, жастар үшін мақтанарлық та дүние.
Айбек Таңатбаев,
Аманкелді аудандық мәслихатының депутаты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓