Бес түлек сынақтан қуылды
ҰБТ 21 маусымда Жітіқара ауданында басталып, дүйсенбіде жангелдиндік түлектер тапсырды. Облыс орталығында 26 маусымда басталады.«Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде айтылғандай, жітіқаралық бес талапкер металл іздегішке қарамастан, аудиторияға телефонмен кіріп кеткен. Бірақ олар оны пайдалана алмады. Тексерушілер телефонды тәркілесімен, түлектер сынақтан шығарылып, нәтижелері жойылды.
Биыл тестілеуді Жемқорлыққа қарсы қызмет қана емес, облыстық және аймақтық Қоғамдық мониторинг тобы бақылауда.
Ұлттық тестілеу орталығының Қостанай филиалының директоры Нұргелді Хасеновтің айтуынша, биыл ҰБТ-ны ЖОО-ға түскісі келетін 3 183 мектеп түлегі, сондай-ақ колледждердің 270 оқушысы тапсырады. Коронавирусқа қатысты күрделі жағдайға байланысты, санитарлық шаралар қатаң қадағалануда. Сынаққа кірер алдында түлектердің дене қызулары өлшеніп, есік алдынан маска тағу талап етілуде. Тест тапсырушылар 2 мерт қашықтықта отырғызылады. Емтиханға дейін және сынақ өткеннен кейін аудиториялар залалсыздандырылуда. Ата-аналарға ҰБТ өтіп жатқан ғимаратқа жақындауға тыйым салынған.