Ауыл мектебі оқу жылына дайын емес
Федоров ауданының Пешков ауылындағы жалғыз мектепке әлі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жергілікті жұрт құрылыс ауанына қарап, жаңа оқу жылына дейін аяқталарына күмәнмен қарап отыр. Ауыл тұрғындарын аудандық білім бөлімінің басшылығы сабырға шақырып, алаңдауға негіз жоқ екенін айтқан. Бірақ бірер күн өткен соң олар жалпы жиын өткізіп, жайсыз хабар жеткізіпті. Маусымның басында мердігер ұйымның есеп шоты бұғатталып, жөндеу жұмыстары шілде бойы тоқтатылған. Енді ауылдықтар «жаңа оқу жылында балаларымыз қайда оқиды?» деп уайымға салынып отыр.
Бұл жағдай туралы облыстық білім басқармасы түсінік берді.
Бұл жағдай туралы облыстық білім басқармасы түсінік берді.
«1971 жылы ашылған мектеп мүлдем жөндеу көрмеген. Сондықтан биыл күрделі жөндеу жүргізу шешімі қабылданды. Құжатқа сәйкес, жұмыс мерзімі – алты ай, яғни 7 маусымда басталған жұмыс 7 қарашада аяқталуы тиіс. Негізі, ғимаратта оқу кабинеттері дайындалды, оқушылар күтуге әзір. Оны шілде-тамыз айларында өткен жиналыста ата-аналарға айтқан болатынбыз», – дейді басқарма басшысы Зәуре Бәйменова.
Күрделі жөндеумен қостанайлық «ПКФ Гренада» ЖШС айналысып жатыр екен. Олар еден құю, қабырғаны тегістеу, электр жүргізу жұмыстары біруге таяу екенін айтады. Қазір ғимарат шатыры, кіреберіс бөлігі ауыстырылып жатқан көрінеді.
Айта кетейік, ауылдағы жалғыз мектепте 362 бала бар. Биыл 1 қыркүйектен бастап, 1-8 сынып аралығындағы 279 бала Мәдениет үйінде, 9-11 сыныптардағы 68 бала әкімдік ғимаратында оқымақ. Мектепке дейінгі даярлық сыныбының 15 тәрибеленушісіне жергілікті балабақшадан уақытша орын тағайындалады.