Имам жасөспірімдермен кездесуде

Аудандағы Сатыбалды ишан атындағы мешіттің бас имамы Жандарбек Мүбаракұлы бастаған мешіт қызметкерлері өңірдегі орта мектептерді аралап, оқушылармен кездесу өткізуді бастады. Мұндағы мақсат – жасөспірімдерге дініміз туралы жан-жақты түсінік беру, оларды діни түрлі жат ағымдардан сақтандыру.
Имамның алғашқы кездесуі А.Нұрманов атындағы Байғабыл орта мектебінде өтті. Оған 9-10-11 сынып оқушылары қатысты. Кездесудің тақырыбы «Біреу саған зәбір етсе – сен сабыр ет» деп аталған. Имам кездесулерде сабырдың пайдасы жөнінде көптеген деректі әңгімелер өрбітті. Біреуге жазықсыз зәбір берудің ақыры жақсылыққа апармайтынын нақты деректермен көрсетті. Ол бұл ретте адамзаттың ұлы тұлғасы саналатын Мұхаммед пайғамбарымыздың өмірінен әр-алуан әңгімелер айтты. Онымен қатар біреуге зәбір берген адам түптің-түбінде арандап қалатынын мәлім етті. Ал сабырлы адамның керісінше зор жетістіктерге жететінін мысалдармен түйіндеді.
Ауданның бас имамы сонымен қатар, ислам дінінің өзіндегі түрлі жат ағымдар туралы мазмұнды әңгімелер айтып, оқушылардың ой-түсінігін кеңейтті.
Имам келесі кезекте аудан орталығындағы Б.Қолдасбаев атындағы орта мектепте де осындай кездесу өткізді. Мұнда да ислам дінінің қадір-қасиеті туралы кеңінен әңгіме болды. Терроризмнің алдын алу мақсатында да пайдалы әңгімелер ортаға салынды. Бас имам жат діни ағымдар туралы және оқыған діни қызметкерлер мен вахабис­тердің айырмашылығы жайлы, кейбір адасып жүрген адамдар жөнінде де түсініктер берді. Ол сонымен қатар жоғары сынып оқушыларының сұрақтарына жауап қайтарды.
Кездесуде жасөспірімдерге түрлі бейне-роликтер көрсетілді. Олар оқушылардың діни сауатын ашуға ықпал етті.
Аудан имамы Жандарбек Мүбаракұлы алдағы уақытта ауданның барлық ауылдық округтердегі орта мектептерде жоғары сынып оқушыларымен осындай кездесулер өткізіп, жасөспірімдердің діни сауаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.
Хамитбек
         МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓