ЖАЗБА АЙТЫС: Байбатыр мен Ернұр
Сонымен, көрнекті қайраткер, қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі, ақын, публицист Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығына орай өтіп жатқан "Қазақ үшін жүрек майын шам қылған" атты жазба айтыстың алғашқы айналымы басталды. Өлең сайысының шымылдығын торғайлық айтыскер Байбатыр Ахметбеков пен Арқалық қаласының атынан бәйгеге түсіп отырған ақын Ернұр Әуезхан ашып бермек. Қос өнерпазға қолдау көрсете отырыңыздар!
Айта кетейік, жазба айтыс Қарабалық ауданы әкімдігінің және "Қостанай таңы" газетінің бірлесіп ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
ЕРНҰР:
Біссіміллә – сөздің басы тәлімді ерге,
Тәлімді ерді қылмайды тәңір кенде.
«Қостанай таңы» ұлықтап, Сералинге
Айтыс жасап жатқанын мәлімдеуде.
Он екі ақын тағы да жол бастадық,
Бата алсақ деп жасыңнан, кәіріңнен де.
Қонғаны ақындықтың рас болса,
Мұндайда ұсынайын барымды елге.
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердім
Жырға ғашық талғампаз танымды елге.
Жауын тілеп сарғайған сахарадай,
Қара өлеңге сусаған қадірлі елге.
Ел үміт күтсе біздей бөрікті ұлдан,
Жырымды ұсынайын өріп тыңнан.
Газеттің мерейтойы құтты болсын,
Бүгінде бір ғасырға толып тұрған.
Елеусіз қалдырмастан кеткен кеше
Ерлерімді ел үшін болып құрбан.
Ардақ тұтып жыл сайын айтыс жасап,
Біздерді оқырманмен жолықтырған.
«Қостанай таңы» елмен жасай берсін,
Баяндап бақыт құсын қонып тұрған.
Ақындар мен халықтың арасына,
Айнымас алтын көпір болып тұрған.
Ер жігіт топқа түспей шынығар ма,
Талапты ердің алмайтын шыңы бар ма?!
Байбатырдай ағама сәлем бердім,
Татитын ақынсыз ғой жыры балға.
Жұптапты екеуімізді, көп созбастан
Әңгімеге кіріссін інің онда.
Үш облыс ашылды елімізде,
Тартайын сол деректі бүгін алға.
Ұлытау, Абай менен Жетісудың,
Қарасып тұрған екен күнін Алла.
Ашылып қала ма деп күтіп едік,
Торғайым ұя болған ұлыларға.
Дегенменен елеңдеп үкіметке,
Үмітпен қарайлаймыз ұлы жолға.
Торғайдың қақ төрінде отырсыз ғой,
Ақиқатын білейік құрығанда.
Анығын өзің айтшы, ал, ағатай,
Облыстың ашылар түрі бар ма?!
БАЙБАТЫР:
Алла деп сөз бастайын оқырманға,
Жырымның алаулаған оты барда.
Ұлыларды ұлықтауды дәстүр қылып,
Мамық көрпе төсейтін отырғанға.
Ассалаумағалейкум, зерделілер,
Газетке 100 жыл толды жақын маңда.
150 жыл мерейтойы Сералиннің,
Дәл оны жырламауға қақым бар ма?
«Қостанай таңы» бүгін айтыс жасап,
Ерекше шабыт берді ақындарға.
Ал ендеше сәттілік барлығына,
Сүбелі сөзін берсін татымды Алла.
Киелі қарт Торғайдан сәлем жолдап,
Ал жүрейін жетелеп атымды алға.
Бөрікті ұл, Ернұр інім, амансың ба?
Төзе білген дұрыс-ау адам сынға.
Ерлердің құрбандығын сөз қылыпсың,
Елімнің ертеңіне алаңсың ба?
Қыркүйекте тойланатын мерейтойы,
Ахаң жайлы айтуға шабансың ба?
Тақырыпқа арқау қылса артық емес,
Шығарған қазақ елін бабам шыңға.
Қырық мысал келтіріп кетпесем де,
Еш шүбә келтірмессің талантыма.
Масайраған масадай ызындасам,
Қорғаныш боласың ба қанатыма.
Сералиннің серілігі бір төбе ғой,
Ахаңның адалдығы бар антында.
(Жүргенде қара таппай ұрынарға)
Омақаса құлармыз түбі жарға.
Жырымды бал, өзімді нар теңепсің,
Мақтау сөздің үзілмес жібі бар ма?
Төбеден жәй түскендей төтелеп кеп,
Пістелейсің тіліңнің бізі барда.
Облыс жәйін айтып көсіліпсің,
Үмітіңді бір сәтке үзіп алма.
Кері кеткен керең билік құлақ түрсін,
Тәубесіне келтірер түбі Алла.
Облыс қып ашпайтын үкіметтің,
Торғайда атасының құны бар ма?
Ақынсың, Ернұр інім, аңқылдаған,
Айтыстан еш уақыт тартынбаған.
Әуелетіп ән салса әсем үнін,
Шырт ұйқыдан оянып жан тыңдаған.
Сахнаның сәні едің сұңғақ бойлы,
Баға берген бармақпен халқым саған.
Атой салып аламан дүбір тойда,
Он айналып шапса да алқынбаған.
25-ті күтпей-ақ отау құрсаң,
Бұдан да артар еді нарқың, бағаң.
Біреулер «қола» дейді, «күміс» дейді,
Ал өзіме бұл інім алтын адам.
ЕРНҰР:
Бай-аға, текті жердің баласы едің,
Көзінің ағы менен қарасы едің.
«Жиырма бесті күттірмей үйлен» дейсіз,
Ақыл айтсаң, қазақтың данасы едің.
Бұйыртса, үйленемін, алаңдама,
Тойыма куә болар тамаша елім.
Ал өзің отызға кеп үйленіпсің,
Осыны ойға алмаған шамасы ерің.
Есімі жеңгеміздің Құндыз еді,
Қашанда биік бізге бағасы оның.
Отыздан аспай жатып қайта саған,
Қызын беріп қуантты қараша елің.
Құндыздай жеңгемізді жолықтырып,
Жұлдызың жарқырады, аға, сенің.
Ағатай, сізге керек өлеңбе еді?
Ендеше жайды айтайын мен елдегі,
Ахаңды жырыңызға қос деп едің,
Онысыз да ол, бар қазаққа елеулі еді.
Жыл бойына мерейтойы тойлануда,
Сіңгесін ұлты үшін көп еңбегі.
Сералин атамызға келер болсақ,
Айтыс қып бүгін ғана елеңдеді.
Тұңғыш "Ауыл" газетінің редакторы,
Қуантады әйтеуір еленгені.
Ал енді ініңе өкпе артпағайсыз,
Ағатай, түсінсеңіз егер мені.
Кімнің кім болғандығын осы күні,
Қазақтың білу керек өрендері.
Алашты биіктеткен тұлғалардың,
Өздері тиісті емес төмендеуі.
Бұл қазақ кенде емес намысты ұлдан,
Намысты ұл, ұлтымызды табыстырған.
Кешегі Байтұрсынов, Сералиндер
Ешкімнен жандар емес қалыс тұрған.
Қос алыптың 150 жылдығы ғой
Қазақтай қайманаға мол іс қылған.
"Айқап" деп журнал ашып Мұхамеджан,
Сауатын ашып елдің, дәріс қылған.
Ахмет "Қазақ" деген газет ашса,
Ойлаған ерің еді әр іс тыңнан.
Еңбегін атап жатсам ұлылардың,
Ағайын, деме оларды салыстырған.
Атыңнан айналайын, Тобыл-Торғай,
Шетінен данышпан мен арыс туған.
Қаламның құдіреті-ай қос алыпты
Бір ұлт пен бір мүддеге тоғыстырған.
Бойында буырқанған бұла күшің,
Бай-аға. өзің едің бір арысым.
Алтынға теңедіңіз ініңізді,
Демеймін оның елге ұнау үшін.
Менің де сізге деген пейілім ақ,
Ағатай, айтқанымды ұғамысың?
Айтыссаң сөзмергенсің, қырағысың,
Ұлылар өскен жердің ұланысың.
Толағайлар тудырған Торғайымның,
Тұғырынан түспейтін қыранысың.
Белгілі асулардан асарыңыз,
Сөйлесең, сөзден мүсін қашадыңыз.
Бүгінде "Біздің Торғай" газетінде
Талмастан талай еңбек жасадыңыз.
Кеңейе берсін, аға, сол шаңырақ,
Көбейе берсін сонда басарыңыз.
Жағаңыздан алатын іні емеспін,
Шырқалсын, аға, біздің дос әніміз.
Қос алып жайында айтқан ойларыма,
Бар болса, кезек бердім, қосарыңыз.
БАЙБАТЫР:
Ағаңды мақтап тұрып сыбадың ба?
Толқындай тербетіліп жыр ағынға.
Орда бұзар отызды арқау етіп,
Өзіңше алып жатсың сынағыңа.
«Бұйырса, үйленемін» деп айтасың.
Кезігіп өмірдегі сыңарыңа.
Кешірек үйленсем де кеш қалғам жоқ,
Мән-жайды сенімдімін ұғарыңа.
Төрт баланың әкесі болдым бүгін,
Беріліп махаббаттың құмарына.
Асықпай жүре берсең «әлі ерте» деп,
Кім кепіл шың басына шығарыңа?
Үкіленген үмітіңді үзіп алмай,
Жалғарсың бойыңдағы тұмарыңа.
Ерекше тебіреніп толғанайын,
Домбыра емес, қаламды қолға алайын.
Тұғырынан түспейтін қыран депсің,
Ал, ендеше, қырандай қомданайын.
Ахмет – бар алаштың атасы ғой,
Ұлт ұстазын ұлықтап, талда, ағайын.
"Қазақ" газет қазақтың ұраны ғой,
Алашқа ұғындырған орда жайын.
Сералин семсер сөздің шын шебері,
Көмейге келген сөзді бұлдамайын.
Ауылдан бастау алған "Ауыл" газет,
Шежірелі тарих бар онда, ағайын.
Ғасырға жеткен бүгін баспасөзге,
Ақ тілекті төгілтіп жолда, ағайын.
Әлеуметтік желіге иек артпай,
"Қостанай таңы" газетін қолда, ағайын.
Ақиқатты газетпенен жеткізсек,
Үкіметке айтар сөзді өткізсек,
Содан кейін ұсынар ем ел үшін,
Ұсыныстар толып жатыр көп тізбек.
Мен басқарған "Біздің Торғай" газеті,
Келе жатыр ақиқатқа бет түзеп.
Ахметтің ұлын жолын ұстансам,
Қай билігің қайғы маған шеккізбек.
Шектеулі уақытымыз жақын бүгін,
Жырларыңды ақтардың татымды, інім.
30 жыл сеніп едік үкіметке,
Армансыз саз балшыққа батырды мың.
«Жаңа Қазақстан» дәуірі басталады,
Осы кезде байқалсын батылдығың.
Көп созбай кезегіңді берем енді,
Айтыстағы азулы ақын інім.
ЕРНҰР:
Бай-ағам тұрса мені қолдар ма деп,
Қалайша, аға, сөзін аңғармап ек?
Отыз жыл саз балшыққа батырды деп
Ағамыз аламанда салған ба әлек?!
Ия, рас, олқылықтар болғандығы,
Сөзіңді жұрт айтпайды жалған ба деп.
"Жаңа Қазақстан дәуірі басталады"
-деп Қасымның жолдауы жолданған ед.
Кемелұлын дейді ел кемел адам,
Күтеміз жарқын күнді алдан бөлек.
Қасым-Жомарт Тоқаев деп жүр елім,
Қасымның қасқа жолын жалғарма деп.
Қысқасы, қазағыма осы күні
Бұқар мен Абылайдай нарлар керек.
Ақылын айтатұғын ақылшы мен
Ақылды тыңдайтұғын хандар керек.
Мынау ел сөз күткенде саналы ерден,
Жөн болмас айдалаға шаба берген.
Ернұрға бойдақсың деп сан айтыста
Жағамнан талай ақын ала берген.
Сен де, аға, төрт балаға әкемін деп,
Өзіңді болып отсың дана көрген.
Құдай сәтін салмаса, не шара бар?!
Құдай ғой саған да жар, бала берген.
Бастысы, қамсыз жатқан жоқ едім ғой,
Ағатай, жайымды ұғып қара дер ме ем.
Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған,
Ақ бата алсам болды тәмәм елден.
Бұйырған күні мен де үйленермін,
Теңімді тапқан кезде адал елден.
Ағаның салып қайтем басын дауға,
Жарамас кеуде керіп тасынған да.
Осымен тәмамдайық біз айтысты,
Көріндік ұлы өнердің көшінде алда.
Бай-аға, сізге деген құрметім зор,
Жете бер асулардан асуларға.
Әкелік жолыңызды маған берсін,
Артыра берсін деймін бәсіңді Алла.
Қазақтай қалың елім аман болып,
Жетсінші ғасырлардан ғасырларға.
Бұйыртса тағы екеуіміз айтысайық,
Торғайым облыс боп ашылғанда.
БАЙБАТЫР:
Ініні қолдау әркез – басты міндет,
Жомарт адам соңында жақсы жүрмек.
Бес күн жалған өмірде сыйласқан жөн,
Кеудені керген жаман тақсырмын деп.
Кемелұлы кемелді болашаққа,
Айтпаса болды елді тапсырдым деп.
Жаңарған Қазақстан болсын дейміз,
Қалғанын бізден кейін ғасыр білмек.
Бұқар мен Абылай хан жоқтың қасы,
Ағаңды кінәлама ашындың деп.
Ақылды тыңдайтұғын билік болса,
Халыққа қарсы шықпас басындың деп.
Бата алған төрт балам ғой шырайлы елден,
Шаңыраққа ерекше шырай берген.
Данамын деп айтпағын сияқтымын,
Жаңылыстың, інім-ау, бұлай неден.
Ел мақтаған жігітсің сен, әрине,
Ибалы аруларға ұнай келген.
Қазақта білесің бе айран құяр,
Ыдысын жасырмайды сұрай келген.
Бойдақсың деп айтып едім, намыстандың,
Ол жай ғана сөз еді орайы келген.
Өміріңде жолығып иман жүзді,
Қосағыңмен қоса ағар Құдай берген.
Інінің әрбір сөзін қолдау керек,
Жүйелі ойын әркез талдау керек.
Ағалап отырғанда ақ көңілмен,
Қаталдық бізде мінез болмау керек.
Қарт Торғайым ашылса облыс боп,
Әр ақын асыл жырын жолдау керек.
Сол кезде айтысармыз біз екеуміз,
Санаға жиып алып молдау дерек.
Кездескенше аман бол, Ернұр інім,
Көне заттай көш соңында қалмау керек.
Шақырғанда келерсің аттай шауып,
Шақырмаса еш жерге бармау керек.