Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда бәсеңсу байқалады

Өңір басшысы Нұралы Садуақасовтың қатысуымен облыстық әкімдікте аграрлық саланы дамытуға байланысты мәжіліс өтті. Алғашқы жартыжылдықтың есебі бойынша әзірге алаңдайтын ештеңе байқалмайтын тәрізді. агроБірақ бірқатар саланың кешеуілдеп дамып жатқаны сынға алынды. Өткен жылмен салыстырғанда ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау әжептәуір кемігені көзге байқалып қалды. Жыл басынан бері біздің өңір бидайдың 311 мың тоннасын, ұнның 202 мың тоннасын сыртқа шығарыпты. Бұл дегеніміз 2014 жылдың көрсеткішінен едәуір аз. Сол сияқты макарон өнімдері мен жарма да осыған саяды. Бидайдың 50%-ға, ұнның 9%-ға, макаронның 30%-ға, жарманың 86%-ға төмендеп кетуі, әрине, облыс экономикасының дамуына кері әсерін тигізері анық. Бұл жайында Н.Садуақасов осы сала бойынша орынбасары Базыл Жақыповқа жіті бақылауына алуын нықтап тапсырды. Кейбір есептік көрсеткіштерді дұрыс бермеуіне байланысты ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Байбосын Мурзинге ескерту жасап, өңір экономикасының жетекші саласы саналатын аграрлық секторға салғырт қарамауын, әр есепке мұқият ыждаһаттылық танытуын талап етті.
Келесі жартыжылдықтың жоспары да сөз болып, агроөнеркәсіптік кешенді индустрияландырудың жұмысы одан әрі қалай жалғасатынын пысықтады. Сәтін салса, бұл бағытта құны 7,1 млрд теңгенің 40 жобасы пайдалануға берілетінін, мұнда 400-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетіні айтылды.
Сондай-ақ, мәжілісте шегірткеге қарсы шаралар мен мал ауруына қатысты мәселелер де қарастырылды. Бұл саладағы мамандардың айтуынша, өңірде әзірге қауіптің ауылы алыс көрінеді. Шегірткенің азиялық түрі неғұрлым жиі байқалатын оңтүстік және оңтүстік батыс аудандарда қауіптің алдын алу шаралары ойдағыдай ұйымдастырылыпты.
Мәжіліс соңында Н.Садуақасов жиынды қорытындылап, ауылшаруашылығының кейбір ақсап жатқан тұстарына жиі назар аударуға, қатаң бақылауда ұстауға шақырды. Содан соң «Үздік мемлекеттік қызметші» атағын алған облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Сәуле Аймұхамбетованы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Есімжан Баймақановты, Аманкелді ауданы әкімі аппаратының басшысы Қанат Кеделбаевты, Федоров ауданы әкімдігінің қаржы және экономика бөлімі басшысы Валентина Гринакты марапаттады.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓