Аймақта қандай хабар бар?
Тәртіп бұзғандар тұтылды
Облыста. Төтенше жағдай ережелерін бұзған азаматтарға әкімшілік жаза тағайындалды. Көбі – кафе, мейрамхана және ойын клубтарының қожайындары. Облыстық сот жалпы саны 104 әкімшілік істі қараған. 69 адам айыппұл арқаласа, 9 азамат қамауға алынған. Тағы 26 тәртіп бұзушыға ескерту жасалды.
Жаңа өткел салынады
Қостанай. Абай даңғылы бойында жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелін салу жоспарлануда. Құрылыс-монтаждық жұмыстар осы жылы басталуы мүмкін. Жобалық құжаты дайын, сараптамадан өткен. Қаржы бөлуге өтінім жіберілген. Құны 300 млн теңгеге татымақ. Айта кету керек, Назарбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілердің жерүсті өткелі осы айда пайдалануға беріледі.
30 келілік қайырым
Лисаков. «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы, «Zhas Otan» жастар қанатының еріктілері және «Zhas Ulan» балалар мен жасөспірімдер ұйымының өкілдері мұқтаж отбасылардың үйлерін аралап, азық-түлік және антисептиктік заттар таратты. 30 келілік қорапты бұл жолы 25 отбасы иеленді. Олар – көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және жалғызілікті зейнеткерлер.
Қарғын су қауіп төндірді
Меңдіқара. Долбушка ауылында су тасқыны қаупі төнді. Қарғын су "Егін" ЖШС аумағын жайлап, бірнеше үйді басып кетті. Суды сыртқа ағызу үшін жедел әрекет жасалды. Үш трактор жұмылдырылды. Тасқын қаупіне қарсы күрес түнгі сағат 2-ге дейін жалғасқан. Шұғыл қам жасалмағанда қызылсу ауылға енер еді. ЖШС басшысы орманда қалың қар болғандықтан, тасқынның әлі бірнеше толқыны келетінін айтады.
Кезекті баспана иесін тапты
Жітіқара. "Зекет" қайырымдылық қорының "Ел үлесі – пәтерге" жобасының кезекті ұтыскері анықталды. Ол – жалғыз басты, үш баланың анасы Әлия Тілеумаханова. Баспананың кілтін облыстың бас имамының тапсырмасымен Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы Мейіржан Бердіғожин салтанатты жағдайда табыс етті. Жоба аясында барлығы 184 баспана өз иесін тапты.
Көшелер залалсыздандырылды
Қостанай. Облыс орталығының көшелерін дезинфекциялау жұмыстары басталды. Күні кеше Тәуелсіздік, Абай, Байтұрсынов, Гоголь көшелері арнайы техниканың көмегімен залалсыздандырылды. Ал шара кезінде автобақылау мамандары дауыс зорайтқышпен қауіпсіз қашықтықпен жүруді ескертті. Тәртіп сақшылары көшелерді химиялық ерітіндімен шаю шаралары жалғасатынын айтты.
Үш киікті атқан
Жанкелдин. Қарасу ауылынан 30 шақырым жерде тәртіп сақшылары арқалықтық және амангелділік екі күдіктіні ұсталды. 32 және 35 жастағы ер адамдар "Нива" көлігімен жүрген. Тексеру кезінде көлік жүксалғышынан тіркелмеген екі аңшылық қару, 133 оқ-дәрі және киіктің кесілген екі мүйізі, сөмкеге салынған ара тәркіленді. Жақын маңнан 3 киіктің өлексесі табылды. Тергеу басталды.