Балаларын аздырып жіберген
Қалалық білім бөлімінің қызметкерлері тамыз айы басталғалы рейд жүргізіп жатыр. Олар осы күнге дейін облыс орталығындағы 120 отбасыны аралаған. Тексеріс барысында бала күтіміне дұрыс қарамай отырған, ішімдікке салынып кеткен бір азамат анықталды.
«Біз ай басында бақылауда тұрған отбасыға барып, удай мас болып отырған балалы әкенің үстінен түстік. Үй іші азып-тозып кеткен. Санитарлық талаптарға сай келмейді. Ол үш баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Олардың екеуі мектеп жасындағы бала, біреуі колледжде оқиды. Аналары 2015 жылы қайтыс болған. Әкелерін медициналық сауықтыру мекемесіне жеткіздік. Ал балаларды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына уақытша орналастырдық», – дейді рейд өкілдері.
Қалалық білім бөлімінің ықпалымен отбасы иесі алкоголизмнен емделіп, тұрмыстық жағдайын дұрыстап, үйді қолынан келгенше жөндеген. Содан кейін ғана оған балалары қайтарылыпты. Оның өзінде қатаң қадағалауда ұсталып, 41 мәрте түсіндіру, алдын алу жұмыстары жүргізілген соң ғана үш бала қолына тапсырылды.
«Оларды бақылауды, үй-жайларына барып тексеруді жалғастырып жатырмыз.Егер осы жағдай қайталанса, балалардың одан кейінгі тағдырын шешуді қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға тапсырамыз», – дейді білім бөліміндегілер.
Олардың айтуынша, егер ешқандай шара көмектеспесе, азаматты ата-аналық құқығынан айыру мәселесі жөнінде сотқа арыз берілмек.