МИБ құру: тиімді науқанға қолдау бар

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы билік тарапынан мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) және қарапайым серіктестікке (ҚС) өту бойынша қала тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында реформалар жүргізу мақсатында қолға алынған ауқымды науқан. Бүгінгі таңда облыс орталығында мүлік иелерінің 129 бірлестігі тіркеліп, 34 қарапайым серіктестік құрылған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте Қостанай қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сақтаған Мұстафин айтты.
Жергілікті атқарушы органның тапсырысы бойынша қоғамдық орындарда (оның ішінде тұрғын үйлердің кіреберістерінде, автобустарда) орналастыруға арналған жарнамалық брошюралар әзірленген. Сондай-ақ, МИБ және ҚС тіркеу бойынша үлестірме материал бар. Орта мектептерде тұрғын үй иелері арасында өткізілген жиналыстардың нәтижелері қала тұрғындарының МИБ құруға деген ұмтылысының бар екенін көрсетеді.
«Қала тұрғындары жиі айтатын проблемалық мәселелердің ішінде тұрғын үй пайдалану қызметтері үшін жекелеген пәтер иелері кооперативтерінің біржақты тәртіпте тарифтерді көтеруіне қатысты. Осыған байланысты тұрғын үй қатынастары бөлімі тиісті хаттаманы (немесе "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының 42-1-бабында көзделген кворум болмаған жағдайда сауалнама парақтарын) міндетті түрде жүргізе отырып, әрбір көпқабатты үйде жиналыс өткізу қажеттігі туралы еске салады. Жалпы, ЖПИК қызметін талдау кейбір жағдайларда азаматтар тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты наразылық тудырып жатады. Сондай-ақ, пәтер иелері тарапынан қаржы қаражатын жұмсаудың ашықтығы, тұрғындар алдында есептің болмауы, ЖПИК төрағаларының әрекетсіздігі мәселелері туындап отыр. Тұрғын үйді пайдалану мәселелерін шешу және тұрғын үйге қатысты құқықтық қатынастарды егжей-тегжейлі реттеу үшін "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңына өзгерістер енгізілді», – деді С.Мұстафин.
Бүгінгі күні "IKomek" ахуалдық орталығында "Мүлік иелерінің бірлестігі және қарапайым серіктестік құру және қолдау орталығы" жобалық кеңсесі орналасқан (Қостанай қаласы, Пушкин көшесі, 98-үй). Осы кеңседе күн сайын МИБ, ҚС құру мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау жүргізілуде.
«Тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері жиналыс өткізіп, төрағаны таңдағаннан кейін мүдделі тұлғаларға одан әрі қолдау көрсетеді. Бастапқы көмек құжаттар пакетін дайындаудан тұрады (сауалнамалармен қамтамасыз ету, жиналыс хаттамасын дайындау, МИБ жарғысын жасау). Бөлім өкілдері алдағы уақытта калькуляция жасауда, банкте шот ашуда, сервистік ұйымды таңдауда жәрдем көрсетеді. Сондай-ақ, қолдау және өзара көмек көрсету мақсатында МИБ төрағалары "Қостанай-Қамқор" мүлік иелерінің бірлестігі қауымдастығына бірікті. Реформаны одан әрі ілгерілету үшін бөлім тұрақты негізде тұрғындардың өтініштері бойынша тұрғын үйлердің аулаларында жиналыстар өткізетін болады», – деді басшы міндетін атқарушы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓