COVID-19: Күн санап көбейіп келеді
Қостанай өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында коронавирус инфекциясына қатысты өңірдегі ахуал туралы баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте қазігі таңдағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жөнінде мәліметтер берілді.
Пандемия кезеңінде, яғни 2020 жылдың 3 сәуірінен 2022 жылдың тамызына дейін облыста COVID-19 жұқтырудың 55 449 дерегі тіркелген. Мамандар қауіптің әлі де сейілмегенін айтып отыр.
«Тамыз айы басталғалы, 18 күн ішінде 1317 адамнан коронавирус табылған. Бұл өткен айдағы көрсеткіштен 2,2 есе көп. Дегенмен соңғы аптадағы статистиканың өткен жетіге қарағанда 1,1 есеге кемігені байқалады. Соңғы аптада 490 адам індет жұқтырған, ал оның алдынғады жетіде 546 жағдай тіркелген еді», – дейді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Гүлім Досымова.
Сонда да болса, ахуал аса мәз емес – дерт жұқтыру деректерінің тұрақты төмендеуі байқалмайды. Қазір облыс көлемінде "Омикрон Стелс" штамы таралып келеді.
«Коронавирус инфекциясына қарсы күрес жүргізу мақсатында облыста 175 инфекциялық төсек-орын дайындалды. Онда 43 науқас ем қабылдап жатыр. Қазіргі жүктеме – 25% шамасында», – деп толықтырды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова.
Дәл қазіргі уақытта Қостанай облысы «жасыл» аймақта. Жағдайдың ушығып кетпеуі үшін сақтық шараларын есте ұстау сұралып отыр.