Қоғам қолтығынан демей ме?
Диагнозы дәлелденбеген, емдеу жолы белгісіз аутизм дертіне шалдыққан балалардың саны жыл санап артып келеді. Ерекше балалардың өзекті мәселелері «AUTISM KAZAKHSTAN» Ұлттық қауымдастығы және «Stopautism» мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесуі барысында талқыланды.
Қостанайда «Stopautism» мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының қоғамдық бірлестігі ерекше балалардың проблемалық сұрақтарын бірнеше рет көтеріп келеді. Алайда көтерілген мәселелердің дені толық шешімін таппай отыр. Кеше ғана аутист Мәдинаның қайғылы өлімі, жалпы аутист балалардың проблемаларын мемлекеттік және жергілікті деңгейде дереу әрекет етуді талап ететінін тағы бір мәрте көрсетті. Басқосуда осындай қайғылы оқиғалардың қайталанбауын және де өзге де түйінді проблемаларды шешу жолдарын зерделеу мақсатында ұйымдастырды.
Аутист балалардың ата-аналары мен мемлекеттік орган өкілдеріне консультациялық көмек көрсету үшін «AUTISM KAZAKHSTAN» ұлттық қауымдастығының төрайымы Нұрила Балтабайқызы арнайы келді. Сондай-ақ, басқосуға облыстық денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, білім басқармаларының жауапты қызметкерлері қатысты.
«Бұл азаматтардың ата-ана ретінде бауыр еті баласы үшін тартқан қиындықтары өте ауыр. Ешбір адам алда қандай мәселеге тап боларын, қай жерде, қалай сүрінерін білмейді. Сондықтан ерекше назардағы әр балаға өз баламыздай жанымыз ашып, олардың мәселесін өз проблемамыздай қарауымыз қажет. Біздің облыста аутизмі бар балалардың проблемаларын шешудің кешенді жоспар құруды сұраймыз, сонда жауапты органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, біздің балаларымыздың проблемаларын тиімді шеше алады. Ол үшін бізге қандай да бір үйлестіру кеңесі немесе облыс әкімдігі жанынан комитет құрылу қажет», – деген пікір білдіреді Шынар Жолмұхамедова.
Кездесуде аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс жүргізетін мамандардың тапшылығы, олардың біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Қоғамдық бірлестік белсенділері сондай-ақ, ерекше балаларымен өздері жеке айналысатын орталық ашулары үшін ғимарат сұрайды.
«Он бес жылдан астам уақыт бойы біздің облыста мүгедек балаларға арналған бірыңғай оңалту орталығы жоқ. Өңірде балалар ауруханасында және Теміржол ауруханасында шағын оңалту бөлімшелері бар. Бірақ бұл бөлімшелер оңалту қажеттілігін орнын толтыра алмайды. Ондағы оңалту қызметтері қарапайым стандарттарыға сәйкес келмейді (шарттар, мамандар жоқ). Сондай-ақ аутизм диагнозы бар балаларға қаржы жергілікті ауруханаларға бөлінбеген және оларды басқа диагнозбен жергілікті оңалту бөлімшелері ғана қабылдайды. Осы мәселемен бізге аутизм диагнозы бар балалардың ата-аналар үнемі жүгінеді. Ем тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін ғана көзделгеніне айтып, оңалту орталығынан бас тартып жатады, – дейді Шынар Викторовна.
Мамандардың айтуларынша бұл балаларға оңалту және аутизм орталықтарында бөлінетін уақыт мөлшері де жеткіліксіз. Ерекше балалармен жұмыс істейтін ассистент-педагогтердің тапшылығы анық білініп отыр. Оңалту орталықтарында ем қабылдау үшін ұзақ уақыт бойы кезек күтуге мәжбүр.
Жиында көтерілген өзекті мәселелер алдағы уақытта бақылауға алынып, шешімін табу жолдары қарастырылатын болады. Биыл Қостанайда аутизм орталығын ашу жоспарлануда.
Мұнан кейін жиынға қатысушылар «AUTISM KAZAKHSTAN» ұлттық қауымдастығының төрайымы Нұрила Балтабайқызымен бірге Мәдина Ерланқызының үйіне барып, анасына көңіл айтты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ