Қостанай күні қалай өтті? (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Қостанай қаласының 143 жылдығы ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Түрлі мәдени, әдеби, спорттық іс-шаралар өтіп, мерекелік іс-шараларға жұрт көп жиналды.
Қала күні екі күнге ұласып, думан облыс орталығының бірден үш бөлігінде – сити-орталықта, облыс әкімдігі алдындағы алаңда және Гашек көшесі бойындағы жағалауда өтті. Алғашқы күні этнофестиваль шымылдық түрді. Оған елдің түкпір-түкпірінен ұлт өнерінің насихатшылары жиналды. Ал өңірде алғаш рет ұйымдатырылған "Kostanay Book Fair" кітап көрмесіне "Атамұра", "Фолиант", "Қасым" және жергілікті "Қарлығаш" баспалары сөре жайды. Осы іс-шара аясында өіәрге белгілі қаламгерлер – Абылай Мауданов және Әбутәліп Әмірмен кездесу өткізілді. Жағалауда "Қостанай батыры" атты балуандар күресі байрақ көтеріп, қала әкімінің сыйлығы сарапқа салынды. Садақ ату, жамбы ату ойындары көпшіліктің назарын өзіне бұрдырды. Қала орталығында жекпе-жек өнерінің 16 түрінен фестиваль өтті. Басты сахнада әуелі КВН, кейін қалың қауым асыға күткен концерт басталды. Атап айтқанда, қостанайлық ағайынды әншілерден құрылған топ, "Х Фактор" телевизиялық жобюасының жеңімпаздары – "БРО" дуэті алғашқы шығармашылық концертін берді. Кешкі алаңға жиылған адамның саны шексіз. Ине шаншар орын жоқ. Қостанайлық дуэтке демеу беруге қазақ эстрадасының басқа да жас әншілері арнайы келген. Әйгілі "МузАрттың" шәкірттері "МузАрт Live" тобы, кавер орындаушы AUKA, рэп, RNB орындаушы өнерпаз "Bonapard" және санаулы әнімен аз уақыт ішінде елге танылып үлгерген орындаушы "Qanay" кезектесіп шығып өнер көрсетті. Тәнті болған жұртшылық "Ақ көйлек киген, көк көйлек киген" атты хит әнді қайта-қайта сұратып айтқызды. Әсіресе жастар жағы әншілердің әр өлеңіне қосылып, ырғала билеп, қиқуға басып, қолдау-қолпаштарын аямай көрсетті. Мерекелік іс-шаралар легі келесі күні де жалғасын тапты. Жергілікті өнерпаздар, қаладағы мәдени ұдымдар бірінен соң бірі тұрғындарды қала күнімен құттықтап, концер-қойылымдарын жұрт назарына ұсынып жатты. Түс мезгілінде белтемірге тартылудан сайыстар өтіп, қарапйым тұрғындар арасында жүлде тігілді. Мұның сыртында, жырсүйер қауым қостанайлық дарынды жас ақын Дәулет Жадырасынмен өткен кездесуге жиналып, поэзиядан сусындады. Сити-орталықтағы сахнада «Artist», «Interdens», «Kreizidens», «Atiko» би топтары өз шеберліктерін паш етті. Бұдан соң мыңнан астам балдырғанның қатысуымен «Қостанай – балалық қаласы» балалар шығармашылығы фестивалі, «Карнавал» ансамблінің шығармашылық кеші, 80 жас домбырашының күй концерті, Джаз музыкасы оркестрінің концерті көпшілік назарына ұсынылды. Мұны Кәмшат Жолдыбаева, Назима секілді танымал эстрада жұлдыздарының, "Мотор-роллер" рок тобының концерттері сабақтап әкетті. Мерекелік шараның басты қонақтарына деген халық ықыласы ерекшег Шет-шегіне көз жетпейтін ұйысқан қалың қауым, иін тіресіп тұрып сүйікті әншілеріне ерекше құрмет көрсетті. Осы қат-қабат іс-шаралар аясында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің «Қостанай облысының құрметті азаматы», қала әкімі Марат Жүндібаев «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атақтарының иегерлерін марапаттағанын айта кетейік.Қала күні мерекесі әдеттегідей ғажайып от-шашумен аяқталды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев