Емдеу орны ма, шіркеу ме?
Қостанай облысы әкімдігі «Қостанай аудандық орталық ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының терапия бөлімшесінде христиан дінінің сенушілеріне арналған бұрыш бар. Бөлімше қабырғасынан православтықтардың өздері пір тұтатын әулиелер, құдайаналардың ілінген иконалары мен шырағданды көре аласыз. Бұл туралы оқырмандарымыздың бірінен естіп, Затоболдағы бас емдеу мекемесіне әдейілеп барып келдік.
«Қостанай аудандық ауруханасы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болғандықтан, мұндай діни бұйымдардың тұруы заңды ма?» деген сауалмен оның бас дәрігері Данияр Жандаевқа кіріп едік, «бұл жерге келгеніме көп болған жоқ, ондай дүниеден хабарым жоқ» дегеннен артық ештеңе айта алмады.Облыстық дін істері жөніндегі басқармаға жүгіндік. Басқарманың бас маманы Сапарғали Әбдиев «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1100000992 сілтемесінде – Қ.Қ.) 3-бабында көзделген «Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді» деді.
– Заңның 7-бабында «Діни жоралар мен рәсімдер ғибадат үйлерінде (ғимараттарда) және оларға бөлінген аумақта, табыну орындарында, діни бірлестіктер мекемелерінде, зираттар мен крематорийлерде салттық қажеттілік туындаған жағдайда жақын тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделерін сақтау шартымен үйлерде бөгетсіз жүргізіледі. Басқа жағдайларда діни іс-шаралар жиналыстар, митингілер, демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады»,сондай-ақ «Діни жоралар мен рәсімдерді, сондай-ақ миссионерлік қызметті:»мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің; қарулы күштер, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың, құқық қорғау органдарының, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты басқа да қызметтердің; рухани (діни) оқу орындарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының ғимараттарында және оларға бөлінген аумақта өткізуге (орындауға) жол берілмейді» деген тармақтары бар. Ал 9-баптың 2-ші тармағында «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек діни үйлерде (ғимараттарда), рухани (діни), сондай-ақ облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты орын-жайларда таратуға жол беріледі» деп нақты айтылған. Сол себепті, «Қостанай аудандық орталық ауруханасы» КМК басшылығы заңсыз өрескелдікке жол беріп отыр, – деді бас маман.
Аудан орталығына барып, жағдайды көзбен көрген С.Әбдиев «Затобол медициналық орталығы» ЖШС директоры Анатолий Мурнаевқа заңда рұқсат етілмеген діни мақсаттағы заттарды қоюға тыйым салынғанын түсіндіріп, оны алып тастауын ескертті. Орталық басшысы емдеу мекемесін жеке тұлғадан жалға алып отырғанын алға тартып отыр.
– Бұл әулиелердің бейнелері орналастырылған стенд баяғыдан тұр. Оның заңға қайшы екенін білген жоқпыз. Керісінше, осы аурухана ішінен бір бөлмені ғибадат ететін орын етіп ашып алсақ деген ойымыз болған, – деді А.Мурнаев.
– Бұл әулиелердің бейнелері орналастырылған стенд баяғыдан тұр. Оның заңға қайшы екенін білген жоқпыз. Керісінше, осы аурухана ішінен бір бөлмені ғибадат ететін орын етіп ашып алсақ деген ойымыз болған, – деді А.Мурнаев.
Қазір облыстық дін істері жөніндегі басқарма атынан аталған аурухананың жауапты тұлғаларына ескерту түріндегі арнайы хат әзірленіп жатыр.
Қ.Қиысхан