Мектептердің кемшілігін көзге шұқығаннан пайда жоқ – министр

Білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу PISA сияқты құрал болуы керек. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бізде білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу бар. Бұл жүйені арықарай дамытамыз. Өйткені, білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу PISA сияқты құрал болуы керек. Екіншіден, білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеуден ешкім қорықпауы қажет. Үшіншіден, білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу және аттестациялау өткізгеннен кейін оның ешқандай жазалаушы ықпалы болмау тиіс. Аттестациядан өтпедіңіз бе, онда бірінші рет ол көмек сияқты болуы қажет. Адам ауырып қалғанда оған ешкім «ауырып қалдың» деп ұрыспайды ғой. Егер мектепке барып, тексеріс жұмысын жүргізіп, кемшіліктерді анықтасақ, онда «мынадай мәселелер бар, оған осындай көмек керек» деп айтуымыз керек. Сол көмекті көрсету үшін Білім академиясынан, «Өрлеуден» бір топ шығып, жарты жыл, 1 жыл көмектесуі қажет. Сонда мектептер оларды түсінетін болады», – деді министр.
Асхат Аймағамбетов министрлік тарапынан кемшілігі бар білім беру ұйымдарына көмек көрсетілгенімен, нәтиже шықпаса, онда ол басқа мәселе екендігін баса айтты.
«Бірақ, ұтқыр топ жіберіп, көмектесіп, қажет болса педагогтерді курстарда оқытып, әдестемелік жәрдем берсек, нақты нәтиже болады. Ал жай ғана «мынау жаман, мынау істелмеді» деп, «бастан ұра» бергеннен ештеңе шықпайды. Бес жылдан соң келсек, тағы солай тұрады», – деді ол.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓