ҚАЛА КҮНІ: ҚАШАН, ҚАЙДА, ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Биыл Қостанай қаласының құрылғанына 143 жыл толады. Осыған орай облыс орталығында дүбірлі думан өткелі отыр.Қостанай қаласы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, мерекелік іс-шаралардың негізгісі 19-20 тамыз аралығында өтеді. Шаһар тұрғындары мен қонақтары айтулы мерекені үш алаңда – Гашек көшесі бойындағы жағалауда, амфитеатрда, Сити-орталықта және облыс әкімдігі алдындағы орталық алаңнан тамашалай алады.
«Қала күніне облыс көлеміндегі аудандар мен қалалар да өз үлестерін қосып жатыр. Атап айтқанда, өңірлердегі шығармашылық ұжымдар тойшыл қауымға өнерден шашу шашып, қостанайлықтардың және қала меймандарының шаттығын еселей түсуде. Нақтылай айтқанда, олар 5, 6, 12, 13 тамызда жұма-сенбі күндері үш локацияда үздіксіз концерттік бағдарламаларын ұсынды», – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізде болса, аталған күндері «Менің қаламның тарихы» жобасы аясында мерекеге орай безендірілген екі экскурсиялық екі қабатты автобус белгіленген маршрутпен Қостанайда тегін саяхат ұйымдастырған еді. Кәсіби экскурсияшылар шаһар тарихынан қызықты деректер айтып, викториналар, байқаулар өткізіп, жолаушыларға керемет көңіл-күй сыйлаған болатын.      Ал негізгі мейрам 19 тамызда Гашек көшесіндегі Жағалауда сағат 19:00-де Этно-фестивальмен бастау алмақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ерекше іс-шараның мән-маңызы зор болмақ. Ұлттық салт-дәстүрлер мен көшпенділер мұрасы жаңғырғалы отыр. Ашық аспан астындағы фестиваль қалың қауым көне дәуірдің үн-сазына қанықтырып, терең тарихқа сапар шектімекші.
«Сондай-ақ, осы алаңда халықаралық Ежелгі дәуір технологиясы және мәдени коммуникация фестивалі өтеді. Мұнда да бағзы замандағы материалдық мәдениет көпшілік назарына ұсынылады. Бұл ауқымды іс-шараға алыс-жақыннан қолөнершілер, реконструкторлар, дизайнерлер және тарихшылар көптеп жиналмақ. Біздің ойымызша, биылғы мерекедегі ең маңызды жобалардың бірі осы. Өскелең ұрпаққа бай тарихымызды, бабалар дүниетанымын, өркениет бастауын таныстыруға зор мүмкіндік алғалы отырмыз», – дейді баспасөз хатшысы Самат Жанділдин.  
Осы этно-фестиваль аясында «Қостанай батыры» атауымен қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылады. Білектілер бәсекесінде Қостанай қаласы әкімінің жүлдесі сарапқа салынбақ. Ал жеңімпаздар келесі күні, 20 тамызда марапатталады.
Қазақтың басқа да ұлттық ойындары мереке аясында көрініс таппақ. Атап айтқанда, Садақ атудан жарыс ұйымдастырылып, оған Қазақстанның әр түкпірінен үздік спортшылар жиналады. Сондай-ақ, мергендер үшін анағұрлым күрделірек сын – Жамбы ату да көрермен делебесін қоздырмақ. Бұл сайыстарды өткізудегі мақсат – ұлттық дәстүрлі спортты насихаттау, жаңа заманға сай жаңғырту.
Ал кешкі сағат 20:00-де амфитеатр сахнасында кезекті этно-фестиваль шымылдық түріп, бағдарлама аясында Атырау қаласынан келген «Сармад» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетпек. Олар Ұлы дала халықтарының ежелгі музыкалық мұраларын заманауи әуенмен астастырғалы отыр.
Фестивальді Алматыдан арнайы келіп, қазақ салт-дәстүрлері мен ұлттық киімдер көрмесін ұсынатын «Орда» этно-жобасы көркемдей түседі.
«Бұл – Қазақстанның мәдени мұрасын алыс-жақын шетелдерде насихаттап жүрген санаулы жобалардың бірі. Әр қостанайлық бойлары екі метрден кем болмайтын қазақ батырларымен естелік суретке түсу мүмкіндігін иеленеді. Ұжым тек көпшілікпен фотоға түсу үшін келмейді, олар концерттік бағдарламада ежелгі қазақ аспаптарымен өнер көрсетеді», – делінеді хабарламада.
Дәл сол күні Сити-орталықта сағат 17:00-де облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасының қолдауымен жекпе-жек өнерінің фестивалі де өтеді. Кикбоксинг, аралас жекпе-жек, джиу-джитсу, каратэ және басқа шаршы алаң спорты түрлерінің өкілдері өздерінің шеберліктерін паш етпек.
Ал облыс әкімдігі алдындағы алаңда қала жастары көпшілік назарына шығармашылық бағдарлама ұсынады. «Қостанай – жастар қаласы» атты би баттлында колледж ұжымдары сайысқа түседі. Сондай-ақ, студенттер мен оқушылар КТК жазғы кубогы үшін шеберлік сынасқалы отыр. Мұнымен қоса, «Менің қалам менің телефонымда» атты мобилография байқауының бейнероликтері көрсетіліп, жеңімпазға «Айфон» маркалы телефон табысталады.
Осы күнгі іс-шараларды «Жастарfest» фестивалі аясында өнер көрсететін қостанайлық «BRO» дуэтінің және «MuzArtLive» тобының концеті түйіндемек.
20 тамызда таңнан бастап Жағалауда жарыстар және ежелгі технология фестивалі жалғасын табады. Сити-орталықтағы сахнада «ARTIST», «INTERDENS», «KREIZIDENS», «ATIKO» шығармашылық топтары өз шеберліктерін көрсетеді. Сондай-ақ, алғаш рет облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Онда негізінен жергілікті авторлардың еңбектері таныстырылмақ.
Бұдан соң мыңнан астам балдырғанның қатысуымен «Қостанай – балалық қаласы» балалар шығармашылығы фестивалі, «Карнавал» ансамблінің шығармашылық кеші, 80 жас домбырашының күй концерті, Джаз музыкасы оркестрінің бағдарламасы өтеді.
Осы қат-қабат іс-шаралар аясында «Қостанай облысының құрметті азаматы», «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атақтары өз иелерін таппақ.
Мерекенің шарықтау шегінде қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен финалдық концерт өтеді. Оған танымал әнші Кәмшат Жолдыбаева, алматылық MOTOR-ROLLER рок тобы, елге емес, Ресейге де танымал әнші  Назима қатысады. Қала күні әдеттегідей от-шашумен аяқталмақ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓