Жоспар – су тарту, жол жөндеу
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов облыс әкімдігінің отырысын өткізді. Жиында осы жылы ауылды сумен қамтамасыз ету және жол жөндеу бағытында 7 ай ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобаларын іске асыруға бюджеттен жыл сайын қаражат бөлінеді. Оның үстіне, сома жыл сайын ұлғая түсуде.
– Осы жылы 51,5% өсіммен 14 421,3 млн теңге бөлінді. Биыл ауылдарды сумен жабдықтауға арналған 39 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде: 22-сі – жаңа, 17-сі – өткен жылдардан осы жылға ауысқан жобалар. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік ауылдар бойынша – 59%-дан 76% – ға дейін, ауыл халқы бойынша 74,9% – дан 87,2% – ға дейін артады, – деп атап өтті энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаров.
Бұдан кейін жол-құрылыс жұмыстарының нәтижелері қаралды. Автожол саласының осы жылғы бюджеті – 23,2 млрд теңге. Жергілікті маңызы бар 336 шақырым тас жолды және елді мекендер көшелерінің 232 учаскесін жөндеу жоспарға алынған.
Осы жылдың қорытындысы бойынша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 83%-ға тең.
Кеңес соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қала-аудан әкімдеріне ауылдарды сумен жабдықтау жобаларының құрылыс-монтаж жұмыстарын және автомобиль жолдарының жөнделу барысын бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұдан бөлек, жиында "Қарталы – Рудный – Қостанай" газ құбырының жөндеу жұмыстары аяқталғаны, жақын арада облыс кәсіпорындарының табиғи газға қосылатыны мәлім етілді.