Сала мамандарына құрмет көрсетілді
Бүгін – Әділет органдары қызметкерлері күні. Осы кәсіби мерекелері қарсаңында сала мамандарына Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда құрмет көрсетілді.
Қостанай облысының Әділет департаменті 1970 жылы құрылды. Сол уақыттан бері бұл сала өңірдің дамуына, құқықтық әлеуеттің нығаюына елеулі үлесін қосты. Бүгін жыл сайынғы үрдіс бойынша мамандарға құрмет көрсетілді.
– Құрметті Әділет органдарының қызметкерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бұл сала қай кезде де заңның үстемдігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қызмет етіп келеді. Еліміз егемендік алған жылдары бұл сала құқықтық мемлекеттің қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Был біз "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын жүзеге асыруға тырыстық. Осыған байланысты Елбасы бастамасымен 80-ге жуық жаңа заң қабылданды. Ендігі жерде сол заңдар мүлтіксіз орындалып,ел игілігіне қызмет етуге барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде құқыққорғау органдарына байланысты болмақ. Бүгінгі мереке күні Әділет органдарының ардагерлеріне саланы қалыптастыруға ерекше үлес қосқандары үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің атқарған қызметтеріңізді бүгінгі буын жалғастырып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына атсалысады дегенг сенімдемін, – деп, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің жылы лебізін білдірді.
Одан соң өңір басшысы осы саланың ардагерлеріне, елеулі еңбек етіп, ерекше көзге түскен қызметкерлерге облыс әкімінің құрмет грамоталарын табыс етті.
Әділет органдары жүйесіне қосқан қомақты үлесі үшін облыс прокуроры М.Қайбжановқа, облыстық сот төрағасы А.Мерғалиевке, облыстық ІІД басшысы Б.Аймағамбетовке және ардагерлер мен озат қызметкерлерге медальдар тағылды.
Департамент пен халық арасына дәнекер болып, тығыз қатынас орнатқаны үшін "Қазақстан-Қостанай" және "Алау" телеарналарының тілшілері де марапатталды.
Мереке иелері мен көрермендер назарына І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері сахналандырылған қойылым көрсетті. Сондай-ақ, басты экраннан Әділет органының тарихы мен бүгіні туралы деректі фильм назарға ұсынылды. Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков