Мереке сәні – мектеп тойы
Туған жерден асқан жер жәннаты бар ма, сірә! Шәміл ақынша толғасақ: "Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың, Бәрібір сен туған жерге баласың!" Сондықтан, әркімнің кіндік кескен жері Мысыр шәрідей көрінетіні рас. Ауыл – сенің ажырамас бөлігің,қайнар бұлағың. Осында тудың, ер жеттің. Енді оны кәрі анаңдай күт, қолыңнан келгенше мәпеле. Перзенттік парызыңды өте. …Ауыл сыртындағы Қоңыраулы өзені жәй ғана сылдырай ағады. Бір кездегі буырқанған, асау толқандары самал желмен бұйығы, үнсіз тербеледі. Құдды бір әр баласына мейірбан көзбен қарап, сүйсінген Анадай елжірей түсетіндей. Қызбел төңірегінде Садуақас Қосекейұлының білімнің алғаш қазығын қаққанына биыл тура 100 жыл толыпты. Бір ғасыр! Ғажап қой! 1922 жылы дәл "Аралда" ұстаз киіз үй тігіп, алғаш бала оқытқан деседі. Содан бері бұл өңірден талай дарынды ұлдар түлеп ұшты. Бір Қызбелдің өзінен қаншама ғалым, қоғам қайраткерлері, мұқым елге белгілі зиялы қауым шықты. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы, ҚазМУ-дың ректоры болған Асқар Закарин, Қазақ ССР-інің су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев, жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметов, жазушы Қайсар Әлім, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сайлау, Сәбит Байзақовтар, тағы басқа атақты азаматтар осы Қоңыраулы өзенінен су ішіп, топырағына аунап өсті. Бүгінде Қотыр таудың етегін мекендеген бір қауым елдің мақтанышына балар ардағы бұлар. Қызбел туралы Асан қайғы айтты деген мынадай бір: " Он бес күн қатқағы, он бес күн батпағы бар жер екен. Түбі малға қайырлы түбек болар" сөз қалған екен. Кешегі кеңес үкіметі тұсында "Қызбел" кеңшарында жиырма мыңға тарта қара мал өсірілді. Оның реті бар, бұл жақтың оты бөлек. Әдеби тілде әспеттесек, түгін тартса, майы шығатын құйқалы өңір. Қазір жеке шаруашылығын ашқан жігіттер сол құйқалы жердің рахатын көріп отыр. Бұл елдің өз алдына бөлек әңгіме.Қызбелде 100 жыл бұрын алғаш мектеп ашқан Садуақас Қосекейұлының рухына арналып ас беріледі деп күні бұрын айтылған сауыннан біздің де хабарымыз бар еді. Барып, дұғаның ішінде болу біздің маңдайға бұйырыпты. Бұл жерде ауыл азаматтары жәй ас беріп қана қойған жоқ, екі күн бойы ауыл төсін дүбірлетіп той жасады. Кәдімгі ұлан-асыр думан! Осы жерде туып-өскен азаматтар бір ортаға қаржы жинап, ауыл орталығынан заманауи үлгідегі тойхана салған. Тақыр жерден! Мұның алдында да Қызбелдің қыз-жігіттері қосылып, кіреберістегі "Қызбел" визит-нышанын, балалар спорт алаңын, дала сахнасын, "Тәуелсіздік" саябағын, М.Дулатұлының ескерткішін салып берген. Енді солардың қатарын "Қызбел" тойханасы толтырды. Бұл бір ғана мысал. Қызбелдіктер жыл сайын туған жерге жақсы іс жасаудан жалықпай келеді. Соның арқасында ауылдың көркіне көрік қосылды. Тотыдайын таранып, түрленіп шыға келді. Ауылдың бүгінгі келбетіне кісі қызығарлық!-Өткен жылы желтоқсан айында әр жақта жүрген ауыл тумаларының ішінен бас көтерер он сегіз азамат іріктеліп, үлкен бір іске ұйытқы болуға уағдаластық. Міне, арада сегіз ай өткенде соның нәтижесін көріп отырсыздар. Шәріп Қасымұлы, Бәйгерей Кәкімов, Асқар Қошқаров, Манар Есжанов, Мұхамедқали Рахалиев, Елжан Садуақасов Айтан Ахметов, Қалкен Рағатов сынды азаматтардың бас болуымен қысқа мерзім ішінде ортаға қомақты қаржы жиналды. Оған ең бірінші "Қызбел" тойханасын салдық. Қалған қаржы ауылдың басқа мұқтаждығына жұмсалды,-дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Әбутәліп Әмір.Тойхананың құрылысының өзіне 45 млн теңге жұмсалған. Бұған осы ауылда туып-өскен азаматтар түгелге жуық ақша қосыпты. Солардың ішінде Байгерей Кәкімов 4 млн 500 теңге, Асқар Қошқаров 13 млн 700 мың теңге, Манар Есжанов 14 млн 750 мың теңге өз қалталарынан ақша қосқан. Азаматтығы ғой. Әйтпесе, қазіргідей қысылтаяң кезеңде мұндай батыл қадамға екінің бірінің дәті бара бермейді.-Бұл ешқандай да даңғазалық емес, ауылға деген біздің перзенттік парыздан туған шын пейіліміз. Көлденең жатқан бір кірпіш болса да, туған жерімізде қалсын деген ниет. Ауыл азаматтарының бәріне ризашылығымыз алабөтен. Ойымыз – Қызбелдің отын өшірмеу. Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, мына орталық алаң қандай әсем! Тұтас бір демалыс орны сияқты! Түнгі көрінісі тіпті керемет. Жап-жарық. Осының бәрін ауыл мектебінің түлектері жыл-жыл болып, жеке қаржы жинап салып берді. Қазір ауылдың кәрі-жасына дейін осы жерде серуендейді,-дейді ауыл тумасы Бәйгерей Кәкімов.Алғаш "Арал" мектебі болып ашылып, кейін атақты Ақсуат орта мектебіне айналған білім ошағының 100 жылдық торқалы тойын Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов ашып берді. Ол ауылды көркейтуге ат салысқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, Әбутәліп Әмір, Елжан Қонарұлы, Мұхарбек Мұсағалиұлына, Асқар Байғұлұлына Қайыржан Қонарұлыны аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев жырдан шашу шашып, қызбелдік жігіттердің ерен еңбегін толғау тілімен әспеттеді. Той үстінде Әбутәліп Әмір құрастырған "Қызбел мектебіне 100 жыл", академик Сәбит Байзақовтың "Өнегелі өмір", Садуақас Қосекейұлының немересі Данияр Садуақастың "Сәулелі ғұмыр" кітаптарының тұсауы кесілді. М.Дулатұлы атындағы орта мектептің қабырғасына Садуақас Жақанинге арналған ескерткіш тақта ашылды. Оның керме жібін қию рәсімі аудандық мәслихат хатшысы Серік Нұрғазин мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағамбетовке берілді. Бұлдан соң "Мадияр баба" мешітінде Садуақас Қосекейұлының рухына бағышталып құран оқылды. "Қызбел" тойханасы да салтанатты түрде ашылды. 250 адамға лайықтап салынған тойхана іші кірсе шыққысыз. Іші салқын. Екі бірдей салқындатқыш қондырғы орнатылған. Оны Б.Майлин ауданында тұратын кәсіпкер Бақберген Өтеулин сыйға тартыпты. Тойхана ішінде қол жуатын, тамақ пісіретін жеке-жеке бөлме жабдықталған. Тіпті, столдарға дейін жаңадан сатып алыныпты.Ауылдың мәдениет ошағында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда экономика ғылымдарының докторы, академик Сәбит Байзақов, белгілі жазушы Қайсар Әлім облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, ауыл әкімі Қайсар Нұрғазин және педагогика саласының мамандары туған жер туралы тебірене сөз алды.
Түс әлетінде "Қызбел" тойханасында Садуақас Қосекейұлына арналып ас берілді. Той волейбол, қазақ күресі, қой көтеру тәрізді спорт түрлерінен өткен жарысқа ұласты. Мәселен, бір ғана волейбол жарысына Қостанай, Торғай төңірегінен жиналған командалар қатысты. Олармен қоса ауыл мектебінің әр жылғы түлектері өзара күш сынасты. Командалық жарыста Торғай волейболшылары жүлделі бірінші орынды жеңіп алса, мектеп түлектері арасында өткен ардагер волейболшылар арасында 1978 жылы туған түлектер қарсыластарына дес берген жоқ. Екінші орынды 1972 жылы туған жігіттер еншіледі. "Елде осындай ұлан-асыр той болады деген біз де ортамыздан бір команда шығарып келіп қалдық. Нәтижесін көрдіңіздер, жасымыз елуге келсе де намысты уыстан шығарғанымыз жоқ",-дейді Мейрамбек Бәжікенов. Ал қазақ күресіне әр жерден 50-ден астам палуан қатысып, күн ұзаққа "түйе палуан" жүлдесін сарапқа салды. Тартысты бәсекеде Нұрсұлтан Айсағалиев жеңіске жетіп, ауыл меценаттары тіккен 300 мың теңгені еншіледі. Айта кету керек, тойды ұйымдастырушылар медаль мен Алғыс хаттан бөлек барлық жеңімпаз мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай жүлде тіккен.-Осының бәрі ауыл азаматтарының арқасы. Мектеп түлектері жылда келіп жаңа бір нысан салып береді. Соның арқасында ауылымыз көркейіп, гүлденді. Мұндай жақсы үрдіс, игілікті шара мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта да туған жеріміздің көркеюуіне өз үлесімізді қоса береміз,-дейді Саға селолық округінің әкімі Қайсар Нұрғазин. Мектеп тойы ауыл өнерпаздарының концертімен қорытындыланып, соңы отшашуға ұласты.
Иә, Қызбелде басқаларға ой салар осындай той өтті. Бәрінен бұрын оның артында үлкен тағылымды іс қалғандығын айтсаңызшы! . Бұл өзге ауылдарға да үлгі боларлық тамаша дәстүр емес пе!

Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор.