Қостанайда жол ақысы өседі
Қостанайда қоғамдық көлікпен жүру құны өсуі мүмкін. Бұл туралы қала әкімдігінің ТКШ бөлімі хабарлады.
Картамен төлеу тарифін 100 теңге, ал қолма-қол ақшамен өтеу құнын 170 теңгеге өсіру жоспарланып отыр.
– Тарифтік комиссия өтіп, тасымалдаушылардың өтініші бойынша біз жол жүру құнын арттыру мәселесін қарастырдық және көпшілік дауыспен оң шешім қабылданды. Жол жүру бағасы 2017 жылы 80 теңге болып белгіленген еді. Содан бері отын, қосалқы бөлшектер, шығын материалдары қымбаттады. Ал тариф бұрынғы деңгейде қалды, – дейді ТКШ бөліміндегілер.
Әзірге шешім түпкілікті қабылданған жоқ. Қалалық әкімдік тарифті ұлғайту туралы жоба – қаулы дайындап жатыр. Ол ЖАО, қоғамдық кеңес, кәсіпкерлер палатасы және т. б. келісімімен қабылданатын болады.
Еркебұлан Әлім