5 жасар қызды іздеу: әзірге нәтиже жоқ
Қостанай облысының Жамбыл ауылында жоғалып кеткен кішкентай Мәдина Ерланқызын іздеу таңға дейін жалғасты.
Кеше кешкілік бүлдіршіннің жүгері алқабында жүргені туралы хабар дүрліккен жұрттың үмітін оятқан. Барлық іздеуші топ куәгер нұсқаған алқапты аралауға кірісті. Тіпті жылу түсіргіш құрылғы да пайдаланылды. 33 және 10 гектарлық екі жүгері танабы, сондай-ақ екі картоп алаңы сүзілген. Әйткенмен түні бойы жүргізілген іздеуден еш нәтиже шықпады. Облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер іс-шара таңның атысымен жалғасын тапқанын айтып отыр.
«Бүгін іздеу шараларына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және шекара әскерлері қосылды. Таң атқаннан бастап аумақты аралау жалғасып жатыр. Іздеу аймағының жалпы көлемі 100 гектардан асады. Іздестіру іс-шараларының барысы туралы ақпарат әр сағат сайын беріліп отырады», – дейді баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, департамент мамандары іздестіруге қатысуға ниет білдірген азаматтар арнайы тіркеуден өтуі қажет екенін айтып отыр.
«Іздеу топтарына қосылғысы келетін тұлғалардан Жамбыл ауылы әкімдігінде орналасқан жедел Штабпен келісуді сұраймыз. Ол үшін 8 775 105 91 72 телефон нөміріне қоңырау шалуларыңызға болады, – дейді департаменттегілер.
Полиция қарапайым тұрғындар тарапынан үлкен көмек көрсетіліп жатқанын тағы да ерекше атап өтті.