Алғашқы онлайн құрбандық
Биылғы Құрбан айт мейрамы еліміз бойынша бұрынғыдан өзгеше тәртіпте өткені белгілі. Мерекенің алғашқы күні құрбан малдары онлайн тәртіпте сойылды. Осы процесті көзімен көрмекке құрамында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, Қостанай қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі мамандары, прокуратура, полиция қызметкерлері, БАҚ өкілдері бар мониторингтік топ облыс орталығындағы «Амиго» серіктестігіне қарайтын қасапхананың жұмысымен танысып қайтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстық «Аймағанбет қажы» мешітінің найб-имамы Әлішер Балахмет қасапшыларға семинар өткізіп, құрбан шалудың тәртібі мен талаптарын түсіндірген болатын. Сол себепті, бүгін өңіріміздің дін қызметкерлерінің онлайн құрбан шалуға әзір екендеріне әрі түсіндіру жұмыстарының да қарқынды жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік.
Атап айтсақ, Федоров тас жолына шығаберістегі «Амиго» серіктестігіне бұрылатын жерде жол-патрульдік полиция ешкімді ішке кіргізбейді. Қасапхана басында тек қасапшылар, имамдар және онлайн видеоға түсірушы оператордан басқа ешкімнің жүруіне рұқсат жоқ. Тіпті, кіреберістегі күзет қызметі мониторингтік топ мүшелерінің дене қызуын өлшеп, қолдарына антисептикалық сұйықтық сеуіп беріп жатыр.
Қасапхананың мал сою орны да әбден сақадай-сай әзірленген. Қасапшылар бір-бірінен алшақ жерде малды бауыздап, терісін сыпырып, етін бұзып, ішек-қарны, өкпе-бауырын жеке-жеке мүшелеп жатыр. Әр мал бауыздалар кезде имамдар батасын жасап, кімнің атынан шалынып жатқан құрбан екенін камера арқылы хабарлап отырады.
– Өңіріміздің азаматтары Qurban2020.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беріп, ол малдар сойылды. 220 қой-ешкі, 32 ірі қара малы құрбандыққа шалынып отыр. Мұның сыртында жеке үйлерінде құрбан шалғандар мал етінің бір бөлігін бізге тапсырып жатыр. Жиналған 11,7 тоннадан астам ет 45 ерікті азаматтың көмегімен көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға, жетімдер үйіне, қарттар үйіне, зағиптар үйіне таратылып берілді. Жалпы, өңірімізде 1619 мұқтаж жан тіркеліп тұр. Осындай қиын-қыстау кезде өтінішімізді жерге тастамай, қаражатын аударған өңірдің қайырымды жандарына айтар алғысымыз шексіз! – деді облысымыздың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.