Соңғы ойынның жүгі ауыр

алишерҚостанайдың "Тобылы" өз алаңында "Жетісуды" 2:0 есебімен жеңді. Бұл жеңіс қостанайлық аяқ-доп шеберлері үшін өте маңызды еді. Өйткені, турнир кестесінің соңында ілбіп жүрген "Тобыл" командасы Премьер-Лигамен қош айтысуға шақ тұрған.
Ойынның алғашқы таймында негізгі құрамда алаңға шыққан Әлішер Сүлей бас бапкердің үмітін ақтады. Жерлестеріміз есеп ашуын ашқанмен, қонақтар да айылын жиған жоқ. Талдықорғандық футболшылар А.Петухов қақпасының маңын әл-сін-әлсін торауылдап, есепті теңестіруге мүмкіндік іздеген. Сөз жоқ, ондай мүмкіндіктер аз болған жоқ. Дегенмен, бұл жолы  жеңісті уыстан шығарып алса жоғары топта қалу-қалмау екіталай екенін жақсы білетін жерлестеріміз бар жандарын салып ойнады. Нәтижесі жаман болған жоқ. Ойынның аяғына таман алаң иелері айып добын орындады. Команда капитаны Нұрбол Жұмасқалиевтің жойқын соққысы командаға жеңіс әкелді. Осылайша, аса маңызды үш ұпайға қол жеткізген қостанайлық клуб турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді. Бұл да болса "Тобылдың" тілеуін тілеген мыңдаған жанкүйерлердің жүрегіне үміт отын жақты. Енді В.Минасян командасы биылғы чемпионаттың ең соңғы матчы 9 қараша күні "Атырау"  командасымен өткізеді. "Тобылдың" тағдырын, міне, осы матч шешеді.
Айбек
      КӘДІРҰЛЫ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓