Мұраттың арманы
"Туған елді қимадым"
Ауылда шешен бала болатын. Ата-анасы бау-бақша өсірумен айналысты. Шаруадан қолы босамаушы еді. Бір күні аяқ астынан көрші ауылға көшіп кетті. Содан бері ол баланы көрген жоқпыз. Сол кеткеннен ол мол кеткен...
Қазір заман басқа. Бұрынғыдай хат-хабарсыз уақыт артта қалды. Шет елдермен демнің арасында хат-хабар алмасып отыра беретін күнге жеттік. Бір күні әлгі сыныптасымызды бәріміз жиналып сөз қылдық. Көбісінің есінде қалмапты. Жақында құрдасым Whatsapp-қа көшірме аудио жіберіпті. Астына "Мына жігітті таныдыңдар ма?" деп жазыпты. Тыңдап отырсақ: "бауырым, амансыңдар ма? Ой, біздің басымызға салғанды ешкімнің маңдайына жазбасын, соғысқа да тап болдық", – деп жатыр.
"Бақсақ, бақа екен" демекші, жұмбақтап отырған баламыз, баяғы ауылдан көшіп кеткен сол Мұраттың дәл өзі.
"Үйреніскен жермен қимай қоштасқаннан кейін бір жарым жыл Ашутасты ауылында тұрдық. Аяқ астынан "елге, отанымызға кететін болдық" деп ата-анамыз ши шығарды. Шынымды айтсам, өз басым әуелде қарсы болдым. Туған елімді қимай, Қазақстанда қалып қойғым келді. "Елімізді, осындағы шаруамызды, сексен гектар бау-бақша жерімізді тастап қайда барамыз?"деген ой келді басында. Содан не керек, ата-анамыздың дегені болды. Шешенстанға бір күнде ештеңеге қарамай тартып отырдық", – деп үнсіз қалғандай болды. Іштей жылап отыр екен. Сөйтті де сөзін қайта жалғады. Ер жігіттің жылағаны несі деп қоямын түсінбей. Онысы орынды екен.
Алыстағы ұзақ күн
"Біз ол жаққа көшіп барғанда соғыс өті әлі басыла қоймаған екен. Отырған тұрағымыз жаудың қолында қалған күндер болды, жанымыздан снарядтардың атқылағаны, бомбаның гүрс еткен үні үйреншікті нәрседей көрінетін. Сөйтіп жүргенде көктем келді, оның артынан жаз шықты. Бес жүз шақырым қашықтықта орналасқан Астрахан облысына қарай көшімізді бұрдық. Ол жақтағы тұрмысымыз жайлы болды", – деді дауысы аздап жайланғандай болып.
"Ол жақта кішігірім кәсібіміз болды. Көлік әкеп сататынмын, арасында жалға берумен айналыстым. Шаруам дөңгеленіп сала берді. Табысым күннен-күнге артып, үйге уыстап кіріп, уыстап шығып жатты. Бір күні одан сайын дамудың жолын ойлап жүргенде, бәсекелестерімнен Франция елінде мол пайдаға кенелудің жолын естідім. Содан қолымда не бар, соның бәрін сатып, Еуропа жаққа тартып отырдым", – дейді Мұрат Абубакиров.
Ресейде науқас әкесі мен анасы, жалғыз бауыры қалды. Жаз шыға туғандарына барып тұруды парыз санайтын ол, қолынан келгенше жақындарына көмектесуге ұмтылды. Әкесінің кәрілік дерті күн өткен сайын меңдеп, Франциядан Ресейге жиі қатынап жүрді. Сөйтіп жүргенде әкесі де өмірден өтті.
"Қазір тоғыз жылдан асып барады. Франция елінде жүріп жатырмыз. Отбасым, үш балам бар. Бір түсінгенім, бұл жерде біреуден бірдеңені тартып алатын азуың болмаса, өмір сүру қиын екен. Мұнда азаматтығы жоқ босқындар көп. Елде қымбатшылық" – дейді ол.
Мәселен, ол жақтағы ең арзан темекінің құны он евро тұрады. Тапқан табыстың шамамен мың жарым евросы бір айда ұсақ-түйектен артылмайды.
Ол бүгінде уақытша кәсіп тауып алған. Жүк көлігімен алыс жолдарға қатынайды. Еуропа құрлығының шекарасына тірелгенде туған елі еске түсетінін айтады.
"Туған жерімді, сол кездегі достарымды көруді жолда жүргенде жиі армандаймын. Сондай кездері сол жаққа көшіп барып, Отаныма қайтып оралғым келіп кетеді", – дейді ол.
Айбек Ғалымұлы.