Мемлекет қолдауы маңызды
Биыл Бейімбет Майлин ауданының диқандары 188,5 мың гектар алқапқа дән септі. Егістік көлемі былтырғыдан ұлғайтылды. 2021 жылы 169,4 мың гектарға егін егілген. Шаруалар көктемгі науқан кезінде тұқыммен, жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ арқылы биыл қырыққа тарта өтінім мақұлданған. Оларға 1 миллиард теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілді.
Мұндағы диқандар ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламаларға белсене қатысады. Биыл «Аят» несие серіктестігінен 14 адамға 406 млн теңге берілді. Оның ішінде 13 шаруа «Кең дала» бағдарламасының қатысушысы болса, біреуінің өтініші «Агробизнестің» шартына сәйкес келді. Өткен жылы 15 шаруа 891 млн теңге алған еді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ринат Оспановтың айтуынша, осы жылы форфардтық сатып алу бағдарламасына да ниет білдірушілер аз болмаған.
«Біздегі «Данат-1» ЖШС 30 млн теңгенің келісім-шартын жасасып, 500 тонна астық тапсыратын болды. Сонымен қатар, «Ақтас» серіктестігі 45 млн теңгеге 900 тонна бидай өткізеді. Ал «Заря» шаруа қожалығы алған 5 млн теңгесін 80 тонна арпамен қайтарады», – дейді бөлім басшысы.
Мал шаруашылығын дамытуға да мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған көмегі орасан. Әсіресе, қазір түліктерді асылдандыруға және өнімін арттыруға көп көңіл бөлініп отыр. Мысалы, «Хорс-2019» ЖШС өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, Латвиядан 100 бас шароле тұқымын сатып әкелді. Француз сиырлары бір жыл ішінде кәдімгідей жерсініп кетті.
«Бұл тұқым тез семіреді. Тұрақты тамақтандырып тұрсаңыз, тәулігіне орташа есеппен 1,5 келіге дейін қосады. Жаңа туған бұзаулардың салмағы – 42-50 келі, Ал үлкен сиырдың салмағы – 650-1100 келі, бұқалары 950-1400 келіге дейін тартады», – дейді Ринат Оспанов.
Маман Әулиекөл тұқымы 1992 жылы қазақтың ақбас сиырын француз шароласымен және абердин-ангусс тұқымымен будандастыру арқылы өсірілгенін айтады.
Серіктестік «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 80 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Оған мемлекеттен 30 миллион теңге субсидия төленеді.
«Үнем – үлкен істердің бастауы»
Бейімбет Майлин ауданында егін егумен қоса, мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпорындар жетерлік. Солардың бірі – Б.Майлин атындағы серіктестік. 1991 жылы Асенкритов ауылында негізі қаланған. 1994 жылы Бейімбет Майлиннің 100 жылдығына орай аталған ұйымға қайраткер тұлғаның есімі берілді. Шаруашылықты құрылғалы бері Владимир Бушкин басқарып келеді. Аталған ауданға іссапарымызда серіктестік басшысымен жүздесіп, саладағы бүгінгі хал-ахуал хақында аз-кем әңгімелестік.
– Владимир Степанович, шаруашылықтарды әртараптандыру саясаты бірер жылдан бері жүргізіліп жатқанын білесіз. Диқандар майлы дақылдардың көлемін көбейте бастады. Өйткені, оған сұраныс та, мемлекеттің қолдауы да бар. Сіздер бұл бағытта не істеп жатырсыздар?
– Бізде 15 мың гектар алқап бар. Оның 10 мың гектарына егін егеміз, 2,5-3 мың гектарды жайылым ретінде пайдаланамыз. Ал 2 мыңдайын жыл сайын демалдырып отырамыз.
Майлы дақылдарды жылда егіп жүрміз. Бірақ ауданда өңдеуші кәсіпорын жоқ. Сондықтан, Рудныйға өткіземіз. Сол жақтан Солтүстік Қазақстан облысындағы өндірушілерге әкетеді. Бүгінде мемлекет майлы дақылдарды шетелге жібермеуге барын салып, бізді ынталандырып-ақ отыр. Мысалы, отандық кәсіпорынға өткізгеніміз үшін облыс әкімдігінен қосымша қаражат төленеді.
Майлы дақыл өсіргеніміз және өткізгеніміз үшін мемлекет субсидия береді екен деп бәрін бірдей еге бермейміз. Бидайға, жалпы дәнді дақылдарға әлі де сұраныс көп. Нан жемейтін адам жоқ.
Жүгері өсіреміз. Малға азық ретінде. Оны күйсеген сиырдан молырақ сүт аласың. Майлы дақылдардың табысы да жақсы.
Биыл бірінші рет мақсары егіп көрдік. Тұқым сатушы кәсіпорынның агрономы келіп қарап, ақыл-кеңесін айтып кетеді. Әзірге жаман емес сияқты. Жақсы шықса, келер жылы алқабын үлкейтіп, көбірек көңіл бөлеміз.
– Қазір өңірдегі қайта өңдеуші кәсіпорындарды жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Облыс әкімі жақында осы жөнінде айтты. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?
– Рудныйда шығарылатын арпа ботқасына біздің өнім пайдаланылады. Сондай кәсіпорындар көбейген сайын ұсақ шаруашылықтардың да әртүрлі дақылдарды егуге ынтасы артқаны байқалады. Көрші алқаптарда қарақұмық, зығыр еге бастады.
Біздің серіктестік 1200 бас ірі қара ұстап отыр, оның 450-і сауын сиыр. Облыс орталығындағы «Милх» қайта өңдеуші кәсіпорнына күніне кем дегенде 4 тонна сүт тапсырамыз. Литрі – 170 теңгеден. Еңбегімізді толық ақтайтын баға емес, әрине. Сатып алушыға да, билікке де бұл мәселені айтып жүрміз. Алдағы уақытта көтеретін шығар.
Ал сиыр етін 1800 теңгеге өткіземіз. Бірақ нарықтағы құны 2200 теңгеден басталады. Жол пұлы, тұтынушыға жеткенге дейінгі адамдардың еңбекақысы қосылатынын білеміз. Дегенмен, ауылдағы жұрттың да жұмысы лайықты бағалануы тиіс.
Болашақта мал шаруашылығын дамытқымыз келеді. Өйткені, төрт түліктің өнімдеріне сұраныс қашанда болады.
– Ауылда маман жетіспейді деген мәселе жиі айтылады. Сіздерде қалай?
– Рас, жұмысшы жетіспейді. Мәселен, фермамызда 34 адам жұмыс істеп жүр: 10 сауыншы және қалғаны бақташы. Жастардың көбі мал баққысы келмейді. Сондықтан, біз сиырды электр-бақташымен бағу әдісін қолдануды қарастырып көрмекпіз. Қарабалық ауданында бір шаруа қожалығы сол амалды қолданып отыр. Белгілі бір аумаққа бағандар орнатып, оған ток тартып қоямыз. Сол аумақтан шығып кеткісі келген сиырды ток соғып, кері қайтарады. Оған мал өліп кетпейді, тек денесі тітіркеніп, белгіленген аумақта ғана жайылады.
– Маман жетіспеуінің бір себебі еңбекақының аз болуы шығар?
– Бәрі көп айлық алғысы келеді. Әсіресе, көктемгі науқан кезінде 1 млн 200 мың теңге жалақы сұрайтындар бар. Алқап көлемі өте үлкен шаруашылықтар солай төлей алатын шығар. Біз айтамыз: мысалы, 500 гектарда жұмыс істедің бе, онда 500 мың теңге аласың. Осындай бір есеп керек.
Еңбекақыны көтеру – бюджетке келіп тірелетін мәселе. Біз өзімізді өзіміз қаржыландыратын ұйымбыз. Шаруашылықты алаңсыз дамыту үшін жыл сайын кемінде 500 млн теңге айналымда жүруі тиіс. Былтыр бюджетіміз екі есе азайып кетті. Оның үстіне баға көтеріліп барады. Сондықтан, барлығын жан-жақты ойлаған абзал.
– Екі жылға созылған пандемия, саясаттағы, экономикадағы кейінгі жағдайлар сіздерге қалай әсер етті?
– Бүкіл ұжым, яғни 90 адам QazVac вакцинасын салдырдық. Барынша сақтандық. Ал жұмысымызға келсек, жоспарымыз уақытымен орындалмай, біраз қиындық тудырды. Себебі, жұмысшылар кезектесіп қана жұмыс істеді. Еңбек өнімділігі осы жылы ғана қалпына келді.
Былтыр егін де шықпады. Астық бағасын түсіріп сатуға мәжбүр болдық. Күзге қарай техника бөлшектерінің бағасы шарықтап кетті. Ақшаны барынша үнемдеп жұмсауға тырыстық. Әлі де солай. Үнем – үлкен істердің бастауы ғой.
Бұрын көпшілік доллармен есептесуге құмар еді, қазір теңге қолайлы. Өйткені, шетел валютасы қатты құбылып тұр. Ал өзіміздің ақшамыз сенімді.
– Рақмет! Ісіңізге береке берсін!
Аслан ҚАНҒОЖИН
Бейімбет Майлин ауданы.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.