Қайыр сұратып қойған
Қостанайлық мүмкіндігі шектеулі зейнеткерге 18 маусымнан бастап іздеу салынған еді.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, екінші топтағы мүгедек, 66 жастағы зейнеткер Владимир Волкты Қостанайдағы Алтынсарин-Шевченко көшелері қиылысында белгісіз екі әйелдің көлікке салып әкеткенін көрген куәгерлер бар.
"Оны Шымкент қаласынан "Shymkent_lider.kz” еріктілері іздеп тапты. Еріктілерге сол қаланың тұрғындары мүгедек арбасындағы қартты көргендерін хабарлапты. Ал волонтерлер оны құтқару үшін полиция шақыртқан", – дейді баспасөз қызметі.
Сөйтсе, күдікті екі әйел қостанайлық қартты базар маңында қайыр сұрату үшін және тұрмыстық жұмыстар істету мақсатында ұрлап кеткен. Мүгедекті құтқарып қалған полицейлер оған шынымен де іздеу жарияланғанын анықтады. Ол әзірге Шымкенттегі панасыздарға арналған мекемеге орналастырылған. Қазір қостанайлық полицейлер оны үйіне қайтару мәселесімен айналысып жатыр.
"Осы дерек бойынша, Қостанай қаласы ПБ көші-кон қызметі бөлімі ер адамның туыстарын іздестіріп жатыр. Қазір оның бір бауыры табылды. Сондай-ақ, қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға, мигранттар мен адам саудасы құрбандарына көмектесетін "Дамыту" қоғамдық қорымен бірлесіп, оны Қостанайға қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді облыстық ПД мамандары.
Қазір полиция адамды заңсыз ұстап отыру немес ұрлап кету деректерін тексеріп, күдіктілерді іздестіру үстінде.