Қызығушылығы кәсіпке айналды
Киім тігу – өнердің бір түрі. Оған асқан сабырлық пен қажырлы еңбек қажет. Біреуге шеберлік қанмен келсе, біреуге еңбектену арқылы келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз Аягөз Әділбекова бұл салаға өз еңбегімен сәнге айналған бас киімдерді тігу арқылы келген екен.
– Тігін тігу саласына ойда жоқта келдім. Оған әлемде таралған індеттің тікелей әсері болды десем артық болмас. Себебі, үйде отырғанда уақытымды бос өткізбей ерекше дүниемен айналысуды жөн көрдім. Осылайша, пандемия уақытында бас киімдерді тігуді бастадым. Яғни, қыз-келіншектер арасында сәнге айналған турбандар тігуді үйрендім. Ол кезде тігін машинам да болған жоқ. Алғашында үйде отырып, қолмен тіккен едім. Менің сәнді турбандарды тағып жүргенімді таныстарым көріп, қызығушылық танытты. Жасаған дүниелерімді Instagram-ға салып отырдым. Оны басқа да адамдар көріп, кейін тапсырыстар түсе бастады. Үлкендерге және балаларға арналған бас киімді әзірлеп, тиісті бағасына сата бастадым. Сұраныстың артуы шабыт берді әрі бұл іске деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Сұраныс жақсы болғандықтан жолдасым машина сатып алып берді. Сонымен турбандардың қалыңын, жұқасын, моншақтармен әрлеп түр-түрін тіге бастадым. Бас киімдерден кейін ақырындап киім тігуге көштім. Жаз айы болған соң балаларға арналған көйлектерді тігемін деп шештім. Алдымен қызыма және өзіме. Баскиімдерден бөлек, көйлек тігуге де сұраныс арта түсті, – дейді Аягөз Ғабдоллақызы.
«Тігін курсын аштым…»

Кейіпкеріміз қазіргі таңда бауырымен бірге серіктестік құрып, бірге жұмыс жасап жатыр. Сатып алатын тұрақты клиенттері де бар. Өзі бала күтімімен үйде отырса да, үйдегі бір бөлмені шеберханаға айналдырып жұмыс жасауда. Курсты декреттік демалыстан кейін жалғастыру ойында бар. Себебі, сұраныс жоғары. Әсіресе, Рудный қаласынан өте көп түседі. Тіпті, осы жерден курс ашыңызшы дегендер де болған. Ол алдағы уақыттың еншісінде екенін айтады.