“Жарқын бейне”

IMG_1133Облыстық тарихи өлкетану мұражайында Қазақстан Журналистер одағы және Жазушылар одағының мүшесі, журналист, ақын Байтұрсын Ілиястың 75 жылдығына арналған "Жарқын бейне" атты еске алу кеші өтті. Кешке журналистің үзеңгілес жолдастары, студенттер жиналды.
Байтұрсын ағайдың есімі көпке таныс. Журналистік жолда атқарған еңбектері өз алдына бір төбе. Оның бойындағы ерекше қасиеттерді еске алғандар Бәкеңнің ерекше еңбекқорлығын, ізденімпаздығын, адамгершілігін атап өтті. Інісі М.Жүнісбеков, өмірде бірге жүрген жолдастары, ақын-жазушылар Ғ.Ахметчин, Н.Мұқатов, С.Оспановтар Байтұрсын Ілияспен бірге жүрген сәттерін тебірене еске алды. Ақынның баладай кең көңілі, аңқылдаған аппақ жүрегі оны көп ішінен даралап тұратын. Журналистік қызметіне шын берілген жан еді. Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ғана емес, қарапайым жандардың мәселелері мен қиындықтарына көңіл аударып, сауалдарына жауап табуға тырысатыны көптің есінде.
Байтұрсын Ілияс кезінде отандық журналистиканың дамуына зор үлес қосты. Еңбектері еленіп, көптеген марапаттар алды. Ал А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде оқытушылық қызмет етіп, журналистика факультетінің ашылуына үлес қосқанын ерекше айта кетуге болар. Қаншама жас осы ұяда білім алып, журналист атанды. Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсыновтың ізімен ғылыми-танымдық экспедицияны басқарды. Ғылыми сапарларының нәтижесінде "Алтын бесік" кітабы А.Байтұрсыновтың 125 жылдығына орай 1998 жылы жарық көрді. Қазақ халқының ұлы тұлғасын үлкен өмірге жетелеген қатал тағдыры мен бастаулары жайындағы мәліметтер қызғылықты еді. Осы кітап Байтұрсын Ілиястың Ахаңа қойған ескерткіші сияқты. Туған жері Торғай өңірін ерекше қастерлейтінін еске алғандар айта кетті. Н.Мұқатов: "Байтұрсын Ілияс атында университеттің журналистика кафедрасында жеке дәрісхана ашылса" деген орынды, құптарлық ұсынысын білдірді.
Кеш барысында оның ерекше сүйсініп тыңдайтын "Балқадиша" әнін дәстүрлі әнші М.Кәдіров орындады. Одан қалды соңғы шыққан әндердің ішінен "Сыған серенадасын" жақсы көріп тыңдайды екен. Ол ән де бүгін орындалды. Осыдан он бес жыл бұрын бейне таспаға жазылған Бәкеңнің бейнесін көріп, жүрегіміз езілді. Бай-тұрсын ағай А.Байтұрсынов жайында әңгімелеп отыр. Сол баяғы ашық жарқын, әр сөзді асықпай айтатын қалпы. Осындай алтын кісінің арамызда жоқтығына кім сенер.
Мұражай ішінен Б.Ілиястың жеке заттары, құжаттары, қолжазбалары, кітаптары, фотосуреттері қойылған көрме ашылыпты. Әрине, кім болмасын ұрпағымен мың жасайтыны белгілі. Бүгінде Байтұрсын ағай мен Гүлнәр апаның ұлдары, немерелері жетіліп, өсіп келеді. Осы кештің өтуіне мұрындық болып, атасының артында қалған мұрасын өшірмеуге тырысып жүрген қарашаңырақта отырған келіні Айсұлу екенін айтпай кетпеске болмас. Ата алдындағы міндетін парызым деп білген осындай келінге көпшілік те ризашылығын білдіріп, баталарын беріп жатты. Алда жарқын бейнесі ел  есінде қалған Байтұрсын Ілиястың тұрған үйіне мемориалдық тақта қою рәсімі өтпекші.
Айтолқын
       АЙҚАДАМОВА
СУРЕТТЕ: кештен көрініс.
Суретті түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓