Ұлы ұстаз ұлағаты
Биыл қазақ жеріндегі алғашқы қазақ тілінде заманауи білім беретін оқу орны саналатын мектептің, яғни Торғай қаласындағы бастауыш қазақ мектебінің ашылғанына 150 жыл толды.
Сонау 1864 жылдың 8 қаңтарында халқымыздың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің өзі ашқан бұл мектеп бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы барлық мектептердің бастауында тұрған мөлдір бұлағы іспеттес. Бұл Жанкелдин ауданындағы білім ошағының қара шаңырағы саналатын Ы.Алтынсарин атындағы Торғай қазақ мектебінен егемен еліміздің өрендері дәріс алып, жүзден аса ұстаздар сапалы білім, саналы тәрбие беріп, талай шәкірттерді түлеткен осы білім ордасында мен басшылық жасаған жылдары толағай табыстар мен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп болды.
Қолыма қалам алып өткен күннен естелік жазуыма түрткі болған аталмыш мектептің 150 жылдық мерейтойы. Ыбырай атамыз іргетасын қалаған мектепте абыройлы қызмет жасап, жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беру біз үшін қол жетпес бақыт екендігін жақсы білеміз. Толайым істердің басы-қасында жүріп мол тәжірибе жинақтап, елдің алғысына бөленуіміздің өзі осы мектептен бастау алды. 2008-2012 жылдар аралығында мектеп басшысы болып қызмет атқарып жүргенімде жүлделі жеңістердің жемісін таттық. Мәселен облысымызға қарасты Ыбырай есімімен аталатын мектептер арасында "Ыбырайдың аңсаған арманы" атты көш-керуен сайысында жүлделі екінші орынды иеленгендігіміз аудан мектептері үшін зор мәртебе болды. Сонымен қатар ұлт үшін ұлы мақсатын биік ұстаған М.Дулатовтың 125 жылдығына орай өткен "Бақытсыз Жамал" романынан сахналық қойылымды облыс жұртшылығының назарына ұсынып, еңбегіміз бағаланып, бас жүлдені қанжығамызға байлағанда қуанышымыз қойнымызға сыймай кетті. Торғай өңірі ақындар мен жыраулардың мекені деп жатамыз. Кешегі ақтаңгер бабаларымыздан қалған бұл дәстүр бүгінгі күнге дейін өз жал-ғасын тауып келеді. Оған дәлел оқушылар арасындағы облыстық, аудандық "Жас ақындар" айтысында Ыбырай мектебінде білім алып жатқан оқушыларымыз биіктен төбе көрсетіп, мектебіміздің мақтанышына айналды. Алматы қаласында өткен республикалық "Айгөлекке 10 жыл" атты фестиваліне жолдама алған Жансая Қазымова ауданымыздың абыройын аспандатып, ақын Қымбат Әбілдақызының қабылдауында болып, тағылымы мол кездесуден алған әсерін мектеп оқушыларымен бөлісіп, зор қошеметке бөленді.
Арқалық қаласындағы жоғарғы оқу орындарының ұйымдасты-руымен өткен олимпиадада Ы.Алтынсарин өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан мектебіміздің 11 сынып оқушысы Фариза Қайыркен 1 орынды жеңіп алды. Ал 13 мектептің ішінен командалық есепте де 1 орынды иеленіп қайт-тық.
Мектеп басшысы ретінде жинақтаған тәжірибемді кейінгі жас ұстаздарға үйретіп, олардың білікті ұстаз атануларына ықпал жасадым. Сол тұста ыстығы мен суығына, қызығы мен қиындығына төзіп, менімен бірге қоян-қолтық жұмыс жасап, мектептің білім сапасын, мәдениетін, спортын дамытуға зор үлестерін қосып, аяулы ұстаз атанған азамат-азаматшалардың есімдерін атауды жөн санап отырмын. Олар: Салтанат Әлімбаева, Римма Әбішева, Ләззат Мәженова, Алуа Мұхамедиярова, Қаныбек Ахметқалиев, Жанболат Ілиясов, Күлсін Шүкірбаева, Айдын Ералин, Бөкейхан Ысмағұлов, Бақыт Досмағанбетов, Сәуле Бекмағанбетова, Гүлғасылайым Сейтенова, Жанар Жұмағұлова, Гүлмайран Әбілдина, Жанат Искакова. Есімдері аталған ұстаздар аудан, облыс көлеміндегі іс-шараларға қатысып, үнемі мектебіміздің биіктен көрінуіне өз септіктерін тигізіп, шәкірттерді тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген мәртебелі мұғалімдер.
Ұстаздардың берген сапалы білімін жарыққа шығарып көрсететін ол, әрине, шәкірт. Осы орайда 2010-2011 оқу жылының қорытындысы бойынша ҰБТ-де білімдері мен біліктіліктерін дәлелдеп жоғарғы балл жинақтап, "Алтын белгі" иегері атанған Нариман Айтпай мен "Ерекше аттестат" иегері Әйгерім Ақтас жас өрендердің алдыңғы қатарында.
Осы сәтті пайдалана отырып, қазақ даласындағы тұңғыш мектептің 150 жылдық мерекесімен барлық Ы.Алтынсарин ашқан мектептердің ұлағатты ұстаздарына және мектеп оқушыларына тілектестігімді білдіре отырып, тәуелсіз еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, білім нәрін сусындатып, Қазақстан мемлекетін барша әлемге таныта берсін демекпін.
Оймақтай ойымды түйіндей келе халықтың қалаулысына айналып, аудандық мәслихаттың хатшысы болуыма себепші бол-ған Ы.Алтынсарин мектебінен алған іс-тәжірибемнің арқасы деп білемін. Сондықтан өткен күннің ұмытылмас белгісіндей болған елеулі еңбектеріміз болашақ ұрпақтың баянды өмір сүріп, ертеңгі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылған естеліктеріміз жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға тоғысары сөзсіз.
Серік НҰРҒАЗИН,
Жанкелдин аудандық мәслихатының хатшысы.