“Мамандығым – мақтанышым”

Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми – әмбебап кітапханада кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеру, ұзақ жылдан бері осы салада қызмет істеп келе жатқан мамандардың еңбегін үлгі ету мақсатында "Еңбек адамы" атты бенефис кеш өтті. Тағылымды шарада кеш қонағы, кітапхана директоры  А.Нұрманованың өмір жолынан әзірленген бейнебаян көрсетілді.
Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтын кітапхана мамандығы бойынша бітірген жас маман жоғары білім алысымен туған жеріне оралып, Аманкелді аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде аға әдіскер болып жұмысқа орналасып, кейін еңбек сатысымен бөлім меңгерушісі, кітапхана басшысы қызметтеріне жоғарылайды. Еңбек жолында қоғамдық жұмыстарға   белсене араласып, бастауыш комсомол ұйымының, кітапхана кәсіподақ ұйымының, бастауыш партия комитетінің,  бастауыш "Білім" қоғамының төрайымы, ауылдық Кеңестің  депутаты, Қазақстан Республикасы "Білім" қоғамы ІІІ съезінің делегаты болып сайланады.
– Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажетті, абыройлы мамандық иелері. Олар еліміздің білім – ғылым, өнер мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосуда.  Кітапхана қызметкері болу үшін арнайы білім керек. Кәсіби білімді кітапханашы ғана өзі оқып білген жаңалықтың бәрін оқырманға сол қалпында жеткізе алады, – дейді кітапхана жүйесінде 35 жылдан астам еңбек өтілі бар Алма Жақсылыққызы тебіреністі сәтте. 
 Кеш соңында мерейлі мамандық иесі кәсіби білім алып келген жас ізбасарларына кітапхана туын салтанатты түрде табыс етті.
Мұрат
       ЖҮНІСҰЛЫ
 Арқалық қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓