ТАКСИШІНІҢ ТАБЫСЫ ТАЛҒАЖАУҒА ҒАНА ЕМЕС
Өңіріміздің оңтүстігіндегі Амангелді ауданының қазіргі экономикалық жағдайы қуантарлық. Бұл туралы аймақ басшысы Ж.Тәукенов облыстық баспасөз мәслихатында баяндаған болатын. Айтарлықтай мәселелер туындап жатса, билік тарапынан қолға алынып, өз орнымен шешіліп келеді. Су мәселесі, жастар саясаты, білім сапасы, спорт алаңдарының бой көтеруі болсын, жылдан-жылға жақсы жағынан жаңа өзгерістер әкелуде. Ал бүгінгі тақырыбымыз тіптен бөлек Һәм аудандағы таксишілердің табысы туралы болмақ. Басынан бастайық.
Жақында жол түсіп батыр атындағы ауданға барғанбыз. Мақсатымыз тұрғындардың тұрмыс жағдайын, таксишілердің тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп қайту еді.
Көшеден Дәурен есімді елуді алқымдаған ел ағасы кездесті. Ол кісі ауданда алпауыт мәселелердің көп емес екендігін, саяси-әлеуметтік жайдың тұрақтылығын айтты. Село тұрғыны такси тұрағына қарай бағыт алған екен. Таксишілер туралы төтеден қойған сауалымызға ризашылықпен жауап берді.
– Қазір – бұрынғыдай емес. Адамдар алыс қалаларды айтпағанда, село ішінде де таксимен жүретін болды. Тіпті, ол таксилер ауданға қарасты жақын ауылдарға да қатынайды. Бағасы да аса қымбат емес. Мәселен, Амангелдіден көршілес Үрпек ауылына 900-1000 теңгедей алады. Жасыратыны жоқ, жаяу жүргіміз келмейді (жымиып). Бүгіндері тұрғындардың да хал-қуаты жақсы деп айта аламын, – дейді Дәкең.
Бұрынғы жылдардағыдай емес, бұл өлкенің көшелерінде қозғалыс көп. Таксилер орталықта жиналады екен. Дүкеннен шыққандар іле-шала "ала тақиясы" бар көліктерге асығады. Айтпақшы, сол маңайдан тәжірибелі жүргізуші Нұрбол Есеновті жолықтырдық. Нұрекеңе келген мақсатымызды түсіндірдік. Ары қарай "тілші-таксиші" әңгімесі өрбіді.
– Нұрбол, орда бұзатын жастан асыпсыз. Таксиде қанша жыл жұмыс істейсіз?
– Биыл жетінші жыл таксишімін. Алдымен баяғы "копейкадан" бастадық қой. Ол кезде телефон ауданымызға енді-енді келіп жатқан-тын. Қиын кездер еді. Таксишілер де аз. Қысы-жазы көлігіммен орталықта тұрамын. Бір күнде жүз-екі жүз теңге ғана табатын едік.
– Ал қазіргі табысыңызға көңіліңіз тола ма?
– Әрине! Шүкір дейміз, тапқанымыз күнделікті тұрмысымызға жетеді. Заңға сәйкес ай сайын салық төлеп тұрамын. Одан артылғанын үй-ішіне беремін. Қазір отбасымды асырауға қауқарым келеді дей аламын.
– Байқаймын, қымбат көлік мініп алыпсыз. Бұл кәсібіңіз жақсы табыс көзі болып отыр ғой?
– Дұрыс айтасыз. "KIA Rio-ны" алғаныма да көп болған жоқ. Корейлік көлігімнің арқасында ұсақ-тиектен бастап үлкен тапсырыстарды орындаймын. Қазіргі күніме ризамын. Дегенмен, темір болған соң бұзылмай тұрмайды, оның жөндеуі бар. Қуаныштысы, Амангелдіде бірнеше техникалық қарау станциялары орын тепкен.
– Тапсырыстар деп қалдыңыз…
– Негізінде ауылдағы таксилерді қалалардікімен салыстырғанда біршама ерекшеліктер бар. Мысалы, тапсырыс берушіге дүкенннен кез келген нәрсесін әкеліп береміз. Тиісінше, тауардың құнын пайызымен төлейді. Халық үйренген. Керек кезде телефон шалып арнайы шақырады. Көлемді тапсырыстарды жақын ауылдарға да тасымалдаймын. Мәселен, ауыл сыртындағы Жаңатұрмысқа 500 теңгеге апаруға болады.
– Такси болудың да өзіндік тәртібі бар. Көліктің қауіпсіздігі, тазалығы, техникалық байқаудан өтуі, патенті сияқты міндеттердң сақтау жағына тоқталсақ.
– Бұл бірінші кезектегі мәселе. Көлігімді талапқа сай етуді өзіме міндеттеп қойғанмын. Таңертең жұмысқа шықпастан бұрын көлігімді тексеріп аламын. Сондай-ақ, кеш батысымен жүруді тоқтатамыз.
– Ал, жалпы ауыл ішінде ақшаны жүрген қашықтығыңыз бойынша аласыз ба? Қазір жанармай бағасы өсті дегендей…
– Жоқ, Амангелді селосы арасында 200 теңге тұрақты сақталған. Осыған тәубе дейміз.
P.S. Қазақтың арда ақыны Ж.Әбдірашев: «Ауыл – қаланың анасы, анасын ұмытпайды баласы» – деген екен. Бірақ, инфрақұрылым дамымаған, өндіріс ошақтарының жұмыс істеу сапалары нашар, сондықтан ауылдың болашағы бұлыңғыр дейтіндер де бар. Әлбетте, ауылдарда қоғамның даму шеңберінен қалыс қалмаған, шаруа дөңгелете алатын азаматтар баршылық. "Екі қолға бір күрек" дегенді ұстанатын еңбекқорлар шаш етектен келетін қиындықтарды еңсеруге дайынбыз дейді. Бұл үлгілі іс.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ