“Халық жауының” отбасы көрген қиындықтар

Бейімбет Майлиннің қызы Рәзияның естелігінен
Үйден кісі арылмайтын. Әсіресе, Сәкен мен Ілияс ағаларды жиі көретінмін. Үшеуі кабинеттен шықпайтын. Сәкен қайтар кезде «машина шақырайын» дегенде, қалған екеуі «жаяу-ақ ба­райық, жолай әңгімелесеміз» дейтін. Осының өзінен бір-бірлерін қатты құрметтейтіндіктері байқалатын. Әлі күнге көз алдымда. Үшеуі жұптарын жазбай кетіп бара жатады… Қандай жарасымды еді. Әкем көп жазатын. Жұмыс кабинетінен шықпайтын. Қашан көрсем де жазады да отырады. Бір күні түн ортасында оянсам жазу үстеліне төніп, қолынан қаламы түспей отыр. 
(Бейімбет Майлиннің ұрпақтары: бірінші қатарда (солдан оңға қарай): Бейімбеттің зайыбы Гүлжамал, шетте отырған қызы Рәзия (Роза), ортадағы Әбілқасым, екінші қатарда (солдан оңға қарай): ұлдары Мереке, Еділ, ортадағы күйеу баласы Қадыр, жанындағы қызы Гүлсім)
– Папа, демалмайсыз ба? Не жазып отырсыз? – дедім. 
– Қалқам (мені осылай атайтын), бұл жұмысты тезірек бітіруім керек. Мәскеуге барғанда орыстың атақты жазушысы Максим Горькиймен кездескенмін. Сонда ол әңгіме арасында «Қазақтың арасында батыр жігіттер болды ма?» деп сұрап еді. Мен Аманкелді Иманов жөнінде айттым. «Онда оны халыққа кеңірек таныту керек» дегендей ой айтты. Аманкелді туралы біраз деректер таптым. Соларды қағазға түсіріп отырғаным ғой. Таяуда Аманкелді туралы кино шығады. 
Әкем айтқандай кейін Аманкелді туралы фильм түсіріліп бітті. 1937 жылғы қазанның бесі… Үйде үшеуміз ғана. Ағам Әукен, мен, інім Мереке. Дүкенге барғанмын. Сыртқы қабырғасында афиша ілулі тұр: «Ертең «Аманкелді» фильмі көрсетіледі. Сценарий авторы Бейімбет Майлин» деп жазылған. Қуанып, үйге жүгіріп келіп Әукен мен Мерекеге айтып жатырмын. «Папамның киносы шықты» деп мәзбіз. Ертеңіне, қазанның алтысы күні таңертең әкем келді үйге. Жүдеп кетіпті. Сақал-мұрты өскен. Мені құшақтап оқуымның жағдайын сұрады.
– Қалқам, мен шаршап келдім, – деді. 
– Демалайын. Жақсылап бір ұйықтайын. 
– Демалаңыз, папа. Мен ешқайда бармаймын. Үйде боламын, – дедім. Әукен мен Мереке есік алдына шығып кетті. Біздің үйдегі дағды – жазда саяжайда боламыз. Оқу басталар алдында ғана үйге қайтатынбыз. Шешем осы уақытта баламен саяжайда еді. 
Кешке жақын есіктегі қоңырау маза бермеді. Барып есік аштым. Еңгезердей екі орыс тұр. Шамамен қырықтың үстіндегілер. 
– Майлиннің пәтері ме? 
– Иә. 
– Папаң қайда? 
– Папам үйде жоқ. 
– Жоғы қалай? 
– Мамамның қасында. Саяжайда. 
– Алдама, – деп мені ысырып тас­тап кіріп келді. Олармен жағаласып папам жатқан бөлмеге мен де кірдім. 
– Азамат, Майлин. Тұрыңыз. Сіз тұтқындалдыңыз, – деді екеуінің бірі. Мына сөзді естігенде есімнен танып қала жаздадым. Папамның екі қолын көтергізіп қойды. Қалтасынан партбилетін, паспортын алды. – Қазір үйді тінтеміз, – деді әлгілердің бірі. Біз өзі – дүние-мүлікті көп жина­маған адамдармыз. Әкем ақшаны кассаға салатын. «Балаларым өсіп келе жатыр, оқытам» дейтін. Оқы­татын балаларының қатарына мені, Мерекені жатқызатын. Келгендер диванды, шкафты ақтарды. Сасқандікі ме, үрейдің әсері ме далаға шығып Әукен мен Мерекені шақырып келдім. 
«Үйге жүріңдер. Папамды тұтқындап жатыр» дедім. Екеуі құстай ұшып жетті. Әлгі екеуі папамның жұмыс кабинетіне кірді. Онда негізінен кітаптар бар. Екі-үш қабырғаны алып жатыр. Кітаптардан басқа мұнда диван бар. Жолдастары келгенде осында отыратын. Әлгілер кітаптарды шашып, ақтарып жатыр. Екі ұл селтиіп тұр. Қанша дегенмен қызбын ғой, мен бардым да папамның қасына отырдым. Екі орысқа бар орысшаммен айтып жатырмын: – Неге папамды тұт­қындап жатырсыңдар? Ол жазушы. Ешкімге зияны жоқ. Таяуда ғана Аманкелді туралы кино түсірді. Аманкелді сіздердің Чапаевтарыңыз секілді, – деймін. – Үш күннен кейін папаңды үйге қайтарамыз, – деді. 
Жаңағы екеуі жүк машинасын шақыртты. Кітаптарды, қолжазбаларды тиеп алып кетті. Содан кейін «черный ворон» шақыртты. Түсі қап-қара, кішкентай машинаны жұрт осылай атайтын. Әкем кетерде бізбен қош айтысты. Әукенге айтқаны: «Сен баланың үлкенісің. Алдымен анаңды күт. Екінші мына бауырларыңа қамқор бол» деді. Басқамызға қарап: «Сендерден сұрайтыным бір-ақ нәрсе. Оқыңдар, оқыңдар, оқыңдар» деді үш рет қайталап. Сол жерде ботадай боздап қала бердік. Пәтеріміз екінші қабатта еді. Балконға жүгірдік. Әкем төменге түскеннен кейін төбеге қарап біраз тұрды. Сол кеткеннен әкемді көрген жоқпын. 1937 жылдың аяқ кезінде шешем әкеммен жолығысуға барғанда папам айтыпты: «Гүлжамал, бір өтініш бар. Соны орында. Ұлдың аты ұл ғой. Ендігі келгенде екі қызымды ала келші» деген екен. «Жарайды» депті мамам. 
Шешем осыны айтып келгенде қатты қуандым. «Папама барамыз. Папамды көреміз» деп шаттандық. Ол кезде қаннен-қаперсіз өсіп келе жатқан бала едік қой. Менің нешеде екенімді әлгінде айттым. Мереке он бірде, Еділ алтыда, кішкентай Гүлсім екі жаста ғана болатын. Тамағын алдық. Гүлсімді көтеріп бардық. Бір қазақ сақшы шешеме: «Күте тұрыңыз. Қазір жүздестіреміз» деді. Рас па өтірік пе деймін. Жүрек алып ұшады. «Шынымен папамды көрем бе екен?!». Бір уақытта сыртқы есіктен Сәбит Мұқанов кірді. Бірден таныдым. Біздің үйге талай келген. Оның үстіне ол кісінің Арыстан деген баласымен бір класта оқығам. Сәбит аға бізді көрмеген болып өтіп кетті. «Неге өйтті екен?» деймін ішімнен.
Біз тұрмыз. Біраздан соң Сәбит кетіп қалды. Әлден кейін сақшы келіп: «Кездесу болмайтын болды» деді. Шешем еңіреп қоя берді. Оған мен қосылдым. Сөйтіп, көз жасымызды көл етіп үйге қайттық. 1938 жылғы ақпанның аяқ кезі болуы керек. Шешем үйге жылап келді. Әкеммен кездесуге барған екен. Ұлықсат бермепті. Қолында әкемнің сұр жадағайы. Сол күздік пальтоны құшақтап еңіреп қоя бердім. «Папамның пальтосы ғой. Өзі қайда?» деймін. «Жетім болдыңдар. Енді папаларың жоқ» деді шешем. 
Бұдан кейінгі азабымызды тірі адамның басына бермесін. Көп ұзамай жылы ұямыз – баспанамыздан қуып шықты. Себеп: «Халық жауының» отбасы бұл үйде тұруға болмайды». Содан басқа бір үйді паналадық. Оның бір бөлмесінде біз, тағы бір бөлмесінде Жансүгіровтердің отбасы тұрды. Ас бөлмеміз ортақ. Жағдайымыз мүшкіл. Нан алатын да ақша жоқ. Үйімізден бұрын кісі құрғамаса, енді бір адам кіріп шықпайды. Күн көру қиын болғаннан кейін көзім қимаса да папамнан қалған кітаптарды сатып, үйге аз-маз ақша әкелетін болдым. Шаңырақтағы бас көтерер өзім болып қалдым.
 
Мәдениет порталынан

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓