“Даланың таза бұлағы”: Жаңа кітап жарық көрді
Бүгін – ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туған күні. Осы атаулы күнге орай "Даланың таза бұлағы" жинағының тұсауы кесілді. Кітап көп жылдық мұрағаттық, мұражайлық және экспедициялық зерттеу материалдарына негізделіп жазылған. Жинаққа көптеген құнды эксклюзивті фотосуреттер мен бейнежазбалардың сілтемесі де енгізілген. Кітапты парақтап отырып, QR-код көмегімен деректі фильмдер көріп, аудио иллюстрациялар тыңдауға болады. Жинақ екі тілде 5 мың данамен жарық көрді. Жинақ авторлары – Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалды мұражайының директоры Марғұлан Оспанов және оның орынбасары Салтанат Өтелбаева. "Кітап еліміздегі ірі баспалардың бірі «Алматыкітап» баспасынан ең танымал «Менің Қазақстаным» сериясы бойынша жарық көрді. Экспедициялық топ Ыбырайдың ізімен Ресей және Қазақстан аумағындағы мұражайларды зерттеп, жеті мың шаршы шақырым жерді шарлап, көптеген құнды эксклюзивті фотосуреттер мен видео деректерге қол жеткізді. Бұлардың бәрі кітап бетінде оқырман назарына ұсынылып отыр. Сонымен қатар, кітап ішінде орналастырылған QR код көмегімен деректі фильм, сондай-ақ, аудио иллюстрация ретінде танысуға, Ы.Алтынсарин әлемімен кеңірек танысуға мүмкіндік берілген", – дейді авторлардың бірі Марғұлан Оспанов.Кітапқа алғысөз жазған – ақын, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисті Ақылбек Шаяхмет. «Алматыкітап» ЖШС басшылығы ұлт пен ұрпақ жанашыры ретінде танылған тұлғаны жаңа қырынан тануға бағытталған бұл кітаптағы тың деректер мектеп бағдарламасына да енгізілетінін атап өтті. Кітаптың таныстырылымына «Алматыкітап» баспасы көркем әдебиет бөлімінің бас редакторы Альмира Сужикова, РФ Челябі облысы, Троицк қаласының өкілдері, ыбырайтанушы ғалымдар, ардагер ұстаздар, Ы.Алтынсарин медалінің иегерлері, облыстық басқармалардың басшылары, мектеп директорлары, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Толығырақ газеттің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.