Бағаны тежемесе болмайды

   Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ауыл шаруашылық саласының қазіргі жағдайына өте лайықты баға берді деп есептеймін.

Шын мәнінде де үкімет жедел әрекет етіп қана қоймай, елді алаңдатпайтын орнықты, кешенді реформаларды жүргізуі тиіс.

 Жасыратыны жоқ, тұрақтылық деп қанша ұрандатқанымызбен инфляцияның өсімі оны көлеңкелеп отыр. Қымбатшылық белең алып, бағаның өсімі экономиканы қусырып барады. Бұған жедел әрекет етіп, жұлқынған қымбатшылықты ауыздықтамаса болмайды.

Мен Арқалық қаласының Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алуа ауылының тұрғынымын. Меншігімде отыз шақты жылқы, елу шақты ірі қара, үш жүзге тарта ұсақ малым бар.Бағаның өсімі біз сияқты шағын шаруашылықтарды мүлде титықтатып жіберді. Өндірген өніміміз шығарған шығынымызды жабудан қалып барады. Техника, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандардың, босалқы бөлшектердің бағасы қымбатшылықтың жетегінде кеткен.

Ауылдағы ағайындар малмен ғана жан бағып отыр. Техника, жанар-жағар май қымбаттағасын жем-шөп тағы қымбаттайды. Егер, баға өрши бермесе өндірген өнімдеріміздің құны да қолжетімді болар еді.

Мысалы, қазір шөптің бір тоннасы 25-30 мың теңгеге барып тұр. Ал, бір малдың жылдық жейтін шөбі 2 тонна. Бұл бір-екі жылда сол мал өз құнын жеп қояды деген сөз.

Сол себепті, қымбатшылық белең алмау үшін технниканы, жанар майды арзандатудың жолдарын қарастырып, осының бәрін бір ізге түсіру қажет.

Саят Смағұлов,

«Сәкен» шаруа қожалығының басшысы.

 

Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓