Қашқын сиыр хикаясы жалғасын тапты
Қостанайлық еріктілер иесі союға оқталып отырған жануарды сатып алып, пышақтан құтқарып қалмақ.
© Константина ВИШНИЧЕНКО
Союға апара жатқан жолда жүк көлігінің шанағынан секіріп, қашып кеткен сиыр Қостанайдың орталығына кіріп кеткен еді. Қаланың шу-дабырасынан шошып қалған үй жануары тоқтаусыз жүгіріп, жарты шаһарды шарлап шықты. Жолында кездескен бірнеше адамды жарақаттап кетті. Көше кезген сиырдың видеоларын куәгерлер әлеуметтік желілерге жарыса жариялады. Көк сиыр үш сағаттық машақаттан соң құрыққа түскен. Енді оны қожайынына тапсырылатынын естіген қостанайлық еріктілер «өмірсүйгіш» жануарды пышақтан құтқарып қалғысы келеді.
"Сиыр иесі, шұғыл байланысқа шығыңыз. Сізге айтар ешқандай сын-пікіріміз жоқ. Бірақ біз оны сатып алғымыз келеді. Жалынышты көзіне қараңызшы, өмір сүруге мүмкіндік сұрап тұрған жоқ па! Ол қашып шығып, өз-өзін құтқарғысы келді, болмады! Сізге керегі жоқ екен, онда бізге керек. Өзіңіз көзіне үңіліңізші, жылап тұр ғой! Ол өмірді бағалайды, ол ет емес, ол – сезімтал жаны бар сиыр!!! – деп жазады Instagram-дағы volonter_elen_dobro тобының мүшелері.
Еріктілер сиырдың қай жерде тұрғанын жорамалмен білетіндерін, бірақ оларға жануардың иесі туралы ақпарат берілмей отырғанын жазған. Сондай-ақ, парақшаға байланыс үшін телефон нөмірлерін қалдырыпты. Кейінірек жариялаған жазбаларында: "Ақпарат күтіп отырмыз. Сиыр тірі! Маңызды мәселелер шешіліп жатыр", – депті жануардың жанашырлар. Олар ақыры дегендеріне жетіпті. Сиырдың иесі жастарға өзі хабарласқан.
"Ол әріптесіміз Еленаға қоңырау шалды. Сөйтсек, оның бұзауы бар екен. Осыншама ентігіп жүгіруінің, өмір сүруге деген құлшынысының сырын енді білдік. Бір анығы, оны енді соймайды. Қожайыны сиыр құны 480 мың екенін айтты. Бұған тасымалы қосылады. Біз оны сатып алуға қор ашпаймыз. Ақша керек емес. Сиыр еріктілеріміздің бірінің үйінде болады. Бұл мәселе шешіліп жатыр",- деп түйіндейді бастамашылар.
Сиырды өлімге қимағандары, құтқарып қалғандары – құптарлық іс. Бірақ түптің-түбінде оны бәрібір союға тура келетіні тағы рас қой…
Еркебұлан Әлім