Жауын-шашын науқанға тежеу

Қостанай облысында орақ науқаны уақытша тоқтатылды. Себеп – жауын-шашынның жиілеп кетуі. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығының мәліметінше, жаңбыр облыстың бүкіл ауданында толастамай тұр. Бүгінге дейін жалпы егін алқабының 37%-і ғана орылған. Диқандар небары 600 мың тоннаға жуық астық жинаған.big_f5434bf2c9c3dbe9bdb630b94f092b09Облыста астықтың анағұрлым ерте пісіп-жетілуіне байланысты егін ору жұмыстары биыл бір айға ерте басталды. Бүгіндері жалпы танаптың 1 млн 30 мың гектары ораққа іліккен. Мамандар сөзінше, орташа шығым әзірге гектарына 4,8 центнерден келіп отыр. 
"Оңтүстік-батыс аудандарда әр гектардан 3-4 центнер, ал солтүстік аймақтардағы көрсеткіш – 8 центнердің деңгейінде. Табиғи жағдайға байланысты жұмыс тоқтап тұр. Егер ауа райы қолайлы болса, 20-25 күн ішінде науқанды аяқтауға мүмкіндігіміз бар", -дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Қабделов. 
Қазір техника алқаптарда қаңтарулы тұр. Жауын-шашын басылған күннің өзінде кей жерлерде олар бірден жұмысқа кірісіп кете алмауы да әбден мүмкін. Тұқымға қатысты жағдай да мәз емес – қажетті ауқымның қамбаға бар-жоғы 15%-і ғана құйылған. Бұл – 530 мың тонна. Сондай-ақ, басқарма өкілдерінің сөзінше, шығымның мардымсыздығы салдарынан қостанайлық диқандар мен мал бағушылар несие төлеу уақытын ұзартуға мәжбүр болуы ықтимал. 
"Қазір несиелер уақытын созу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нақтылай айтқанда, көктемгі дала жұмыстарының 13,6 млрд теңгесі, техника лизингінің 2,3 млрд теңгесі және мал шаруашылығымен айналысатындардың 2,2 млрд теңге берешегі мерзімінен асып өтелуі мүмкін. Мұның сыртында, Үкімет қорынан асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарға жем-шөп алу үшін 1,5 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылуда, құс фабрикаларына да 65 мың тонна жем алу үшін нақ осындай қолдауға мұқтаж", – дейді Н.Қабделов.
Естеріңізге салайық, биыл қостанайлық диқандар 4,7 млн гектар алқапты оруы тиіс, оның 80%-тен астамы бидайға тиесілі. Бұл ретте өңір шаруалары аста-төк астық жиынынан үміттеніп отырған жоқ. Бидай бапталған барлық алқаптың 800 мың гектарындағы шығым көңіл көншітпейтін жағдайда.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓