Туған жерінің нағыз жанашыры
Оны жерлестері туған өлкесінің жанашыры, жайсаң азамат деп біледі. Ол ісіне мығым, сөзіне берік. Біз кәсіпкер, меценат, облыстық мәслихат депутаты Айтжан Есенгелдинов туралы айтып отырмыз.
фото: kstnews.kz
Бүгін, 9 шілдеде Айтжан Тайгенұлы 65 жасқа толып отыр. Тура осынша уақыт бұрын ол дәл бүгінгідей Құрбан айтта дүниеге келіпті. Оның дәлелі – қойылған есімі.
Ол Сарыкөл ауданының тумасы. Еңбек жолын өзі өсіп-өнген өңірден бастаған. Қарапайым шофер болып бірнеше мекемеде еңбек етті. Кейін, тоқсаныншы жылдары тұтыну одағының төрағасы қызметіне тағайындалғаны бар. Ал 1997 жылы «Көтерме және бөлшек сауда» серіктестігін құрып, оны бүгінге дейін басқарып келеді. Міне, бизнесте жүргеніне ширек ғасыр.
Айтжан Тайгенұлы кәсіпке, пайда табуға бала күнінен бейім болып өсті. Алғашқы табысы әлі есінде.
«Құрдастарым футбол ойнап жүргенде мен терілерді, қалдық маталарды жинап, «заготконторға» тапсыратынмын. Бірақ отбасымыздың жағдайы жақсы еді. Әкем – майдангер, үлгілі шопан еді, тамақ та, құрмет те жеткілікті болды. Әйтсе де, ақша табуды қызық көрдім. Әскерден кейін экспедитор-жүргізуші болып жұмыс істедім, сүт тасымалдадым. Кешке жұмыстан босағаннан кейін металл іздеп, орман аралайтынмын. Әрдайым бірдеңемен айналыспасам жүре алмайтынмын. Ішімдікке құмар болмадым. Алайда, ешқашан ақылды және көңілді адамдармен бірге отырудан бас тартқан емеспін. Жақсы киініп жүрдім. «Жигулидің» «шестеркасын» ауданда алғашқылардың бірі болып сатып алдым. О, ол кезде халықтың бұл көлікке ықыласы ерекше еді. Аудандық көтерме сауда базасының директоры болсам да, үйде 17 бас ірі қара, жүз қаз, елу шақты қой ұстадым. Бұзау бағып, өсіріп сататынмын», – дейді ол бизнестегі алғашқы қадамдары туралы.
Туған жерінің нағыз жанашыры. Оның бастауымен Сарыкөл ауданындағы Барақ әулие кесенесін жаңғыртылды. Қасиетті орынға барып, тағзым жасаушылар паналайтын шағын асүй тұрғызып берді. Одан бөлек, ата-бабасының мекені Соналы ауылына, ондағы мектепке де көп көмек көрсетіп келеді. Мұғалім мамандығын таңдаған түлектеріне демеуші болып, жоғары оқу орнында оқытады. Жетім-жесірлерге, жоқ-жұқаналарға да қарайласып тұрады.
«Маған көмек беріңіз деген көп хат түседі. Оның бәріне жәрдемдесе берсем нем қалады. Қазір алаяқтар да көбейіп кетті. Сондықтан, көмек сұраған адамның жағдайын өз көзіммен көрмей, оған ештеңе бере алмаймын», – дейді кейіпкеріміз.
Айтжан Есенгелдинов туралы мақаланы толығырақ газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінен оқи аласыздар.